USD
USD
USD

Вице-президент институты: басты фавориттер кімдер?

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата заңға қол қойғаннан кейін қоғамда ең көп талқыланып, көпшілікті алаңдатқан басты сұрақтардың бірі – вице-президент кім болады?

.
Фото: Akorda.kz

Қазақстанда вице-президент институтының қайта енгізілетіні бірнеше айдан бері белгілі. Алайда бұл лауазымға нақты кім келетінін дәл басып айту әзірге қиын. Бұған дейін басты фавориттердің бірі ретінде соңғы жылдары саяси мансабы қарқынды өскен, бірнеше жыл ішінде Президент Әкімшілігін, Ұлттық қауіпсіздік комитетін және Сыртқы істер министрлігін басқарып үлгерген Мұрат Нұртілеу аталған еді. Дегенмен журналист Гүлнар Бажкенова жасаған бірқатар мәлімдемелерден кейін Нұртілеу көпшілік назарынан алыстап, Президенттің көмекшісі қызметіне ауысты. Осы жағдайды ескерген болуы керек, сарапшылардың басым бөлігі ықтимал кандидаттардың нақты есімдерін атаудан тартынып отыр.

«ҰРЫСЫП ҚАЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ»

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым вице-президент қызметіне лайық тұлғалар жөнінде өз ойында нақты кандидаттар бар екенін айтты. Алайда атын атап, түсін түстеуден үзілді-кесілді бас тартты. Оның себебі бар.

«Менің ойымда көп кандидатура бар. Бірақ ашып ештеңе айтпаймын. Ертең ұрысып қалғым келмейді, шынын айтайын. Ол тізімдегі кісілердің бәрін білемін», – деді депутат.

айдос сарым
nege.kz

Оның сөзінше, қазіргі саяси жағдайда нақты есімдерді атау ерте. Себебі алдағы айларда елдегі саяси конфигурация айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Сондықтан, «бал ашуға» болмайды деп түсіндірді.

«Вице-президентті Президент ұсынады. Шілде айында саяси «расклад» мүлде басқаша болуы мүмкін. Әртүрлі жағдай болуы ықтимал. Бал ашып қайтеміз? Сондықтан нақты болжам жасағым келмейді», – деді Сарым.

Алдын ала болжам жасағысы келмеген депутат жуырда Парламентте осы вице-президентті тағайындауға және Құрылтай құрылымына қатысты заң жобалары қаралатынын айтты.

«Мәжіліске 5-6 заң жобасы келеді. Оның ішінде Құрылтай және оның депутаттарының статусы туралы, Президент туралы, Астана мен Алатау статусы, әкімшілік бөлініс, сайлау және партиялар туралы заңнамалар бар. Бұл Құрылтайды сайлауға, Халық кеңесін қалыптастыруға, вице-президентті тағайындауға мүмкіндік беретін алғашқы заңдар легі. Қыркүйекте Құрылтай депутаттары ант береді. Сол кезде үкімет те, вице-президент те және басқа да тұлғалар қайта тағайындалады», – деп нақтылады депутат.

Айтуынша, бұл нормативтер саяси бәсекенің нақты ережелерін айқындайды. Депутат нақты есімдерді атаудан бас тартқанымен, алдағы саяси кезеңде жоғары лауазымдарға қатысты бәсеке күшейетінін атап өтті.

«ОСЫ БОЛСА ЕКЕН»

Ал мәжілісмен Ермұрат Бапи вице-президент лауазымына жеке өзі лайық деп санайтын бір ғана кандидат бар екенін ашық айтты.

«Әлдебір фамилияны бөліп айтып, "осы адам лайық" деу кішкене әбестік болады. Мұндай сұрақтарды сарапшыларға қойған жөн. Негізі бар. "Сол адам болса екен" деген ойым бар. Бірақ оның аты-жөнін атай алмаймын», – деді депутат.

Бапи
nege.kz

Бапидің айтуынша, өзі лайық көретін тұлға кездейсоқ таңдалмаған. Ол үшін үміткердің адами қасиеті мен мемлекеттік басқарудағы тәжірибесі – шешуші фактор.

«Маған ұнамды болғанда, оның адами тұрпаты және елде, мемлекеттік басқару ісінде үлкен тәжірибесінің болғаны шешуі фактор негізінде тұр», – дейді ол.

Әңгіме барысында бұл сипатталған тұлғаның «ақпараттық кеңістікте аты жиі аталып жүрген Ерлан Қарин немесе Мәулен Әшімбаевқа қатысы бар ма?» деген сұрақ қойдық. Бірақ, халық қалаулысы өз ойындағы кандидаттың оларға еш қатысы жоқ екенін ашып айтты.

«Жоқ, қатысты емес», – деп күле жауап қайырды.

Ермұрат Бапи пікір білдіргенімен, бұл мәселеге баға беруді сарапшылардың еншісіне қалдырған жөн екенін айтты.

«ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ БАСТАЛДЫ»

Депутат кеңесін ескеріп, сарапшылармен тілдестік. Саясаттанушы Қайсар Уәлихан елдегі ықтимал вице-президент институты мен парламенттік құрылымдарды басқаруға қатысты өз бағасын берді. Оның айтуынша, вице-президент қызметі тек формалды емес, кез келген сәтте мемлекетті басқаруға толық дайын тұруды талап ететін аса жауапты әрі күрделі лауазым.

«Вице-президент Президенттің міндетін кез келген уақытта атқаруға дайын болуы керек. Бұл өте маңызды және өте күрделі қызмет. Қазақстанда Конституция бойынша Сенат төрағасының мәртебесі осы функцияға жақын. Сондықтан Мәулен Әшімбаевты алсақ, ол психологиялық тұрғыдан да, саяси дайындық тұрғысынан да толық қалыптасқан тұлға», – деді саясаттанушы.

Кайсар уалихан
paryz.kz

Қайсар Уәлиханның пікірінше, Мәулен Әшімбаев – бүгінгі таңда бұл қызметке ең дайын саясаткерлердің бірі. Ол ұзақ уақыт мемлекеттік басқару жүйесінде тәжірибе жинап, қоғамға танылған тұлға ретінде ерекшеленеді.

«Егер Әшімбаев вице-президент міндетін атқаратын болса, меніңше, ол өте лайық. Қазіргі таңда бұл лауазымға ең дайын адамның бірі – Мәулен. Әрине, елде лайық тұлғалар бар, бірақ саяси тұғыр тұрғысынан алғанда, бүгінгі күні оны жеке дара атап өтуге болады», – деді ол.

Сонымен қатар сарапшы жаңа лауазымдар мен ықтимал қайта бөліністер аясында саяси бәсекелестіктің күшеюі мүмкін екенін де жасырмады.

«Бүгіннен бастап бұл орындар үшін белгілі бір деңгейде “қырғиқабақ” кезең басталады. Бұл – қалыпты құбылыс. Мұндай лауазымдар әрдайым саяси тартыс туғызады», – деді саясаттанушы.

Саясаттанушы Дос Көшім ең әуелі Қазақстанда вице-президент қызметінің тарихи контекстіне және бүгінгі қажеттілігіне тоқталды.

«Бұл лауазым Назарбаев кезінде алынып тасталды. Себебі барлық шешімді президенттің өзі қабылдайтын. Мұндай жағдайда вице-президенттің қажеттілігі болмады. Елдегі бүкіл билік тетіктері бір адамның қолында болды. Сондықтан бұл қызмет артық деп танылып, жойылды», – деп еске алды Дос Көшім.

Саясаттанушы
abai.kz

Сарапшының пікірінше, араға 30 жыл салып бұл институтты қайта енгізудің қаншалықты қажет екені әлі де даулы мәселе болып отыр.

«Төтенше жағдай туындаса, мемлекет басқаруы тоқтап қалмауы үшін вице-президенттің болғаны дұрыс. Сондықтан бұл өзгерістен жамандық көріп тұрған жоқпын, бірақ аса үлкен қажеттілік те байқалмайды», – дейді ол.

Саясаттанушы ықтимал кандидаттар туралы да өз болжамын жасады. Оның сөзінше, билік вице-президент қызметіне Ерлан Қаринді ұсынуы мүмкін.

«Вице-президент лауазымына, менің ойымша, билік Ерлан Қаринді ұсынуы мүмкін. Шындығында мұндай орынға Мәулен Әшімбаев лайық деп есептеймін. Бұл жерде тәжірибесін салыстырамыз ғой. Мәулен де басым. Бірақ, жасын, қоғамда танымалдығын ескерсек Ерлан Қарин алға шығады. Сондықтан мен өзім нақты Ерлан Қаринді әкеліп қоюы мүмкін деп ойлаймын», – дейді сарапшы.

Сарапшы кадрлық таңдауда тәжірибеден бөлек, қоғамдық факторлардың да ескерілетінін атап өтті.

ФАВОРИТТЕРДІҢ БОЛМЫСЫ

Мәулен Әшімбаев – қазақстандық саяси элита ішінде ұзақ уақыт бойы қалыптасып, кезең-кезеңімен өскен саясаткерлердің бірі. Ол саясатқа 1990 жылдардың ортасында, нақтырақ айтқанда 1994 жылы сарапшылық алаң арқылы келді. Алғашында саяси талдаушы ретінде танылып, түрлі зерттеу орталықтарында жұмыс істеді. Қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты пікір айтып, ақпараттық кеңістікте жиі сұхбат беріп жүрді.

Мәулен Әшімбаев
ҚР Парламентінің Сенаты

Кейін Президент Әкімшілігінде және бірқатар мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқарып, елдегі стратегиялық саясатты қалыптастыру процесіне араласты. 2012 жылдан бастап Мәжіліс депутаты ретінде заң шығару саласында да тәжірибе жинақтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келген кезеңде Әшімбаевтың саяси салмағы айтарлықтай арта түсті. 2020 жылы ол Сенат төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті Тоқаевтың өзі, ал одан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғышы Дариға Назарбаева атқарған. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес Сенат спикері елдегі екінші лауазымды тұлға саналады: егер Президент қандай да бір себеппен өз міндетін атқара алмаса, мемлекетті басқару тізгіні уақытша осы қызмет иесіне өтеді.

Сарапшылар Мәулен Әшімбаевты ұстамды, ымыраға келуге бейім, саяси процестерді терең түсінетін, тәжірибесі мол әрі арзан популизммен айналыспайтын салмақты саясаткер ретінде сипаттайды.

Ерлан Қарин – қазақстандық саясаттағы ықпалды әрі жүйе ішінде ұзақ уақыт қалыптасқан стратегтердің бірі. Ол 1990 жылдардың соңында ғылыми-сарапшылық ортадан шығып, саясаттанушы ретінде танылды. Әр жылдары стратегиялық зерттеу орталықтарында және мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқарып, кейін Президент Әкімшілігінде жауапты лауазымдарда жұмыс істеді.

Конституциялық
Конституциялық Сот

Қариннің саяси ықпалы да Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған кезеңде күшейе түсті. 2019 жылы ол Мемлекеттік хатшы қызметін атқарды, ал 2020 жылдан бері Мемлекеттік кеңесші лауазымында жұмыс істеп келеді. Қоғамда оны көбіне Ақорданың негізгі политтехнологтарының бірі ретінде атайды.

Дегенмен, вице-президент лауазымына ықтимал кандидаттарды іріктеу формалды критерийлерден гөрі әлдеқайда күрделі сүзгіден өтетіні түсінікті. Бұл жерде ең бастысы – Мемлекет басшысына деген жеке адалдық пен саяси сенімділік, халықаралық деңгейде қабылдануы, яғни шетелдік серіктестер үшін түсінікті әрі «ыңғайлы» фигура болуы, ел ішінде танымал әрі қоғам тарапынан айқын қарсылық тудырмайтын бейнесі, сондай-ақ ішкі элиталардың консенсустық қолдауы. Бұған қоса, шешім қабылдай алатын, жауапкершілікті өз мойнына алудан қашпайтын мінез қажет. Осындай көпқабатты талаптарға толық сәйкес келетін тұлғалар қазіргі саяси алаңда саусақпен санарлық, оның өзінде олардың әрқайсысында осы қасиеттердің тек жекелеген элементтері ғана бар. Сондықтан бұл таңдау техникалық емес, саяси тұрғыдан ең күрделі шешімдердің бірі болатыны анық.

Қазір оқып жатыр

Талдықорғанда зейнеткерден 5 келіден астам гашиш тәркіленді

есірткі заты

Тоқаев Алматы әкіміне LRT мен SkyTrain-ді енгізу жұмысын жеделдетуді тапсырды

Дархан Сатыбалды

27 наурызда қос Палатаның бірлескен отырысы өтеді

Мәжіліс

«BAE Systems» Питер Фостермен бірге кетті. Бізді НЕГЕ қызық кезең күтіп тұр?

airastana.com