24 Тамыз 09:00
...

Удаленка және ауыл. НЕГЕ коронавирус ауыл экономикасын жаңа деңгейге көтере алады?

Фото:

Ковид адамдарды мәжбүрлі түрде қашықтан жұмыс істетуде. Адамдар өз ауылдарынан шықпай-ақ қызмет етуге мүмкіндік алды. Ол аймақтар экономикасын қалай өзгертеді?

Қазір елдегі ірі компанияның білдей бір менеджері ауылда тұруы мүмкін. Және айлығы жүре береді. Жұмысы қашықтан. Пандемия дағдарыспен қатар мүмкіндіктер сыйлап отыр. Кімнің қайда отырғаны маңызды емес. Бастысы интернет арқылы байланыста болуы керек.  

«Ауылды жерге бұл өте жақсы мүмкіндіктер әкеледі. Ауылдың экономикасы дамиды» - дейді, Ryskulov Analytics сарапшысы Жасұлан Көшеев. «Себебі ауылда отырып, ірі компанияларға жұмыс істеу мүмкіндігі ауылдағы жұмыссыздықтың қысқаруына алып келеді. Ауылда сұраныс пайда болады».

«Бір минусы - ауылдың өмір сүру деңгейі де қымбаттай түседі. Ауылда көп жағдайда білім деңгейінің төмендігінен, ондағы азаматтар дәл қазір ірі компаниялардағы біліктілікті қажет ететін қызметтерге іліне алмауы мүмкін. Бірақ бұл жайт өз кезегінде оларды қашықтан жаңа білім алуға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға итермелеп отыратын болады»

Қазір Қазақстанда 18 жарым миллион адам бар. Оның 7,7 миллионы ауылдарда тұрады. Бұл халықтың 41,5 пайызы. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ауылдағы жандар қазір тек ауыл шаруашылығында емес, сонымен бірге қызмет көрсету саласында жұмыс істей бастаған. Техника дамығандықтан, ауыл шаруашылығы баяғыдай адамдардың жаппай жұмылуын қажет етпейді.

Тақырыпқа орай: Қашықтыққа ғашықтық. Жұмыссыздар мәселесін «удаленка» арқылы шешуге бола ма?

 

«Аудан орталығында өмір сүріп, қашықтықтан жұмыс істегеннің өзіндік ерекшелігі бар», - дейді, бірнеше республикалық ірі портал мен әлеуметтік желілерде дизайнер болып жұмыс істейтін Виктория. Карантин басталмай тұрып Виктория Алматыдан Аягөзге көшіп кеткен. «Алматыда, егер бірдеңе жұмыс істемесе, мысалы Қазақтелекомды алайық, хабарласып, шағым түсірсеңіз мәселе тез шешіледі. Ал Аягөзде мұндай жоқ. Күтіңіз деп жауап қайтарады, бірақ ешкім ештеңе жөндемейді».

«Электр энергиясы ауа-райына байланысты. Жақында бізде дауыл болып, жарықсыз отырдық. Қырсық шалғанда дәл сол күні тапсырмалар көп болды да ноутбуктың батареясы өшкенге дейін ғана жұмыс істеп үлгердім. Аягөзде Қазақтелекомның интернеті өте баяу. Ал мобильді интернет көп жерде ұстамайды. Қашықтан жұмыс істейтін адам үшін керегі тек жарық пен интернет емес пе. Тағы бір ерекшелігі, жұмысқа құлықсыздық байқалады. Мысалы, пошта түскі асқа бір жарым сағатқа жабылады. Ал түскі ас сағат 11-ден басталады. Ортақ жағдайды ешкім жақсартқысы келмейді, әркім тек өз басын ойлап жүр».

Егер адамдардың қалаға ағыла беруі проблема деп танылса, онда ауылдағы жедел интернет ол проблеманы шешуі мүмкін. Бірақ осы орайда, ауылдардың барлығына интернет қондыруы тиіс «Цифрлі Қазақстан» бағдарламасының түк бітірмегенін айтып кету керек. Бағдарлама арқылы ауылға тартылған интернет жылдамдығы тым баяу. Сонда 57 миллиард теңге жұмсалған, жылдамдығы жоғары болуы тиіс «оптоволокно» қайда? 19 ғасырдағыдай әлі байланыссыз отырған елді-мекендер бар. Илон Маск пен Марк Цукерберг бүкіл әлемге спутник арқылы тегін интернет тарата бастаған кезде, Цифрлік даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бір ғана елді байланыспен қамтамасыз ете алмай отыр.

Тегтер: