21 Наурыз 15:42
...

Тұтастық пен тұрақтылықтың 30 жылы

сессия
Фото: Қазақстан халқы ассамблеясы

  Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Осы мерзім ішінде инстиуттың атқарған жұмысы ел жұртының көз алдында.

 Елімізде тіршілік кешіп жатқан этнос өкілдерін татулық пен бірлікке үндеген ұйым ұлттарды ұйыстырып қана қоймай, мемлекеттің тұрақтылығын қалыптастыруға септігін тигізді.

Әр этностың мәдениеті мен руханияты, діни ерекшелігін ескерсек, олардың құқығы мен еркіндігі толық қорғалатын елде өзара келісімнің болатыны айдан анық. Шын мәнінде, қай ұлтты алсаңыз да ұрпағына тарихын тәпсірлеп, мәдениетін ұлықтап отыр. Сонау 1995 жылы Ассамблея құрылған сәтте-ақ ашылған этномәдени бірлестіктердің саны артып, жемісті еңбек етіп келеді. Ресми деректе елімізде 800-ден аса этномәдени бірлестік бар екені және оның 28-і республикалық деңгейде жұмыс істейтіні айтылады. Сондай-ақ, он бес тілде жарық көретін газет-журнал, 8 тілде радиобағдарлама, 7 тілде телебағдарлама бар. Одан бөлек 88 мектеп тәжік, өзбек, ұйғыр тілдерінде білім берсе, жүзден астам мектепте 22 этностың тілі арнайы жеке пән ретінде оқытылады. Ал енді әр ұлттың ұрпағы өз ана тілін, мәдениеті мен тарихын ұмытып қалмас үшін этномәдени бірлестіктерде арнайы жексенбілік және лингвистикалық мектептері ашылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев
ҚХА

Еліміздің мәдени-рухани дамуында өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрларының өзіндік қолтаңбасы бар. Жыл сайын әр этностың тілінде жарық көріп жатқан әдеби кітаптарды айтпағанда, түркітілдес елдердің ортақ мерекесі Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызды думандатып тойлайтыны тағы бар.

Былтыр Астанадағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында өткен Ассамблеяның кезекті ХХХІІІ сессиясында инстиуттың 4 мыңнан астам қоғамдық ұйымы жұмыс істейтіні және онда 50 мыңнан аса адамның еліміздегі татулық пен бірлікті ту етіп, сол мақсатқа топтасатыны айтылды. Сондай-ақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сессияда берген тапсырмасына орай, «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы құрылып, оған ассамблеядан сайланған Сенаттың бес деепутат кірсе, тағы он бір мүше Ұлттық құрылтай құрамына еніп, идеология бойынша жұмыстарға белсене араласты. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында еліміздегі саяси партиялармен тығыз байланыс орнатылып, олар ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Ассамблея жанынан құрылған кеңестер қызметі қандай?

Қазақстан халқы ассамблеясы татулық пен келісім саясатын ілгерілету барысында әдемдік қауымдастықта да танымал. Бұл тәжірибені әлі де дамыту бағытында халықаралық ұйымдар және түбі бір түркітілдес елдермен тарихи байланысты нығайту қажет. Татулық пен бірлікті нығайтудың бұл үлгісі ЮНЕСКО, Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастығы сынды халықаралық ұйымға, сондай-ақ Еуропалық одақ пен АҚШ елдеріне паш етіліп, елуден астам тілге тәржімаланды. Бүгінде инстиуттың әлемнің айтулы 13 елінде алтын көпір іспеттес 14 достық елшісінің болуы – соның жемісі.

Қазақстан халқы ассамблеясы
ғаламтордан

2022 жылы құрылған Ақсақалдар кеңесі бүгінге дейін едәуір шаруаның басы-қасынан табылды. Қазақ халқы қай заманда да аузы дуалы, сөзі уәлі, білімі телегей-теңіз ақсақалдардың маңайына топтасқан. Әсіресе, аракідік тұтанып қалатын әлеуметтік және тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алуға, әрдайым түсіндірме жұмысын жүргізіп отыруға үлкен септігі бар. Бір қарағанда бірегейлік пен қоғамдық тұтастықты сақтап, өзара келісім мен бірлікке үндейтін бірегей институт деуге негіз бар. Олар – халықтық дәстүр арқылы мәдениетті қоғам құрудың тетігіне айналды.

Айта кету керек, Қазақстан халқы ассамблеясының қанатының астындағы 1231 Ақсақалдар кеңесінде 7413 мүше бар.

2013 жылы кезекті ХХ сессияның нәтижесінде құрылған Аналар кеңесінің республикалық деңгейде атқарған жұмысы орасан. Кеңестің алғашқы форумы 2014 жылы өткенде өңірлердегі, қала, аудан, ауылда, сондай-ақ түрлі өндірістік бірлестік ұжымдарында 16 мыңнан астам мүшені бір мұратқа тоғыстырған 1717 кеңес жұмыс істейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы
ғаламтордан

Бұл кеңестер отбасылық құндылық пен ұлттық дәстүрді нығайтуға және сақтауға, ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жалпыұлттық жобасын іске асырады. Қазіргі уақытта жоба өңірлерде атап айтқанда «Тұлға тәрбиелеген отбасы», «Бақытты ана – бақытты отбасы», «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы», «Жақсылыққа жетелейтін жандар» атты төрт бағыт бойынша жемісті еңбек етуде.

Ал былтыр өткен Ассамблеяның ХХХІІІ сессиясында Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жаңа қоғамдық жобасы таныстырылғаны көпшілік есінде.

«Салауатты сана» жобасының міндеті – Аналар кеңесі арқылы қоғамның дертіне айналған зорлық-зомбылық, нашақорлық, ойынқұмарлық, ысырапшылдықты болдырмауға қарсы әрекет етіп, осы тұрғыда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға барынша жәрдем беру. Яғни, қоғамда ақпараттық түсіндірме жұмысын жүргізіп, сарапшылық шараларына тікелей араласа алады.

Ассамблея
ғаламтордан

Жобаның жұмысына билік тармақтары, атап айтқанда Ішкі істер мен Мәдениет және ақпарат министрлігі, Денсаулық сақтау және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері және ең ірі үш мегаполис – Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктері тікелей атсалысады. Мұнымен қоса, «Салауатты сана» жобасын Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, «Темекісіз» ҚҚ, «Есірткісіз болашақ» ҚҚ, «Қазақстанның іскер әйелдер Қауымдастығы» РҚБ, «Республикалық әкелер кеңесі» ҚБ қолдап отыр.

Айта кету керек, былтыр Аналар кеңесі он жылдыққа орай өткен форумда жетістігі мен қол жеткізген нәтижесіне есеп беріп, алда атқарар жобаларды талқыға салды.

Ал этномедиация кеңесіне келсек, елімізде 21 этномедиация орталығы, 21 этномедиация кеңесі (біреуі – республикалық, 20-сы – өңірлік) жұмыс істейді. Бүгінде этномедиация орталықтары мен этномедиация кеңестерінің сапалы кадрлық құрамы қалыптасып, бұл қатарды кәсіби медиаторлар мен заңгерлер, педагогтар мен психолог мамандар, журналистер, жалпы айтқанда 226 этномедиатор толықтырды.

Ассамблея
ғаламтордан

Былтыр ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М.Әзілхановтың қатысуымен Астана және Алматы қаласында республикалық этномедиация кеңесінің 2 отырысы өтті. Ең маңыздысы, ауылдық округ әкімдері, учаскелік инспекторлар, мектеп директорлары мен меңгерушілері, елді мекен имамдары, өңірлік этномедиация кеңестерінің мүшелері этномедиацияның базалық негіздерін оқу бойынша семинар-тренингтер өткізетін болды.

2021 жылы күзде құрылған «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі 2014 жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келетін ұйымдардың басын қосты. Бұл ұйымның мақсаты – жастар арасындағы мәдениетаралық диалогты дамыту, жастар ортасындағы интеграциялық процестерді нығайту, сондай-ақ жас қазақстандықтардың өзін-өзі танытуы мен шығармашылық өсуі үшін мүмкіндіктер жасау. Бұл әр этнос жастарының мүддесін қорғайтын, мәдениетаралық диалогты қамтамасыз ететін Орталық Азия өңіріндегі бірегей алаңға айналып үлгерді. 9 мыңнан астам адамды біріктірген ұйымның еліміздің 20 өңірінде өкілдігі бар. Былтыр «Ассамблея жастары» 158 мыңнан астам адамды қамтитын түрлі форматтағы үш мыңдаған іс-шара өткізді.

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІV сессиясын Астанада өткізуді 23-24 сәуірге белгіледі. Ауқымда шара барысында қоғамдық кеңестердің жұмысы тағы бір пысықталып, алдағы уақытқа тың жоспар түзетін болады.