«Тұрғын үй салуға қалай рұқсат берген?» – Депутат Алматыдағы қағаз зауытына қатысты дауға пікір білдірді
Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары Alma City-5 тұрғын үй кешенінің жанындағы қағаз зауытының жұмысына шағымданған болатын.
Алматы, NEGE. Тұрғындар мен қоғам белсенділері зауыттан шығып жатқан түтін қоршаған ортаға зиян деп дабыл қаққан еді. Біздің білуімізше, бұл компания Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың анасы Шолпан Омароваға тиесілі.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек аталған мәселеге байланысты NEGE тілшісіне пікір білдірді.
«Алматы облысының Қарасай ауданында KZ Recycling деген зауыт орналасқан. Бұл зауыт Алматы қаласының Наурызбай ауданымен шекаралас жерде тұр. Егер картаға назар аударсақ, дәл сол аумақта зауыттың жанында көпқабатты тұрғын үйлер салынғанын көруге болады. Бұл мәселе алғаш рет 2021–2022 жылдары қоғамда дау тудырды. Сол кезде зауыттың маңында тұратын көпқабатты үйлердің тұрғындары экология департаментіне, әкімдікке және құқық қорғау органдарына бірнеше рет арыз-шағым түсірген», – дейді депутат.
Тұрғындардың айтуынша, зауыттан шығатын түтін, қалдықтар мен жағымсыз иіс атмосфералық ауаны ластап жатыр. Соның салдарынан жақын маңда тұратын адамдардың денсаулығы нашарлаған. Олардың басы ауырып, мұрыннан қан кету жағдайлары байқалған, ал балаларда анемия белгілері жиілеген. Осыған байланысты тұрғындар тиісті органдардан зауыт қызметін тексеруді және нысанды басқа жаққа көшіруді талап еткен.

Мәжіліс депутатының айтуынша, ол осы зауытқа қатысты құжаттармен танысып шыққан.
«Кезінде мен Кублейдің ісін жүргізген кезде Алматы Recycling компаниясының кейбір құжаттары қолыма түскен болатын. Сол кезде бірқатар сұрақтар туындаған. Нақтырақ айтқанда, алдымен тұрғын үйлер емес, зауыт салынған. Егер зауыт бірінші тұрғызылса, онда оның санитарлық-қорғау аймағы белгіленуі керек. Бұл оның қауіптілік класына байланысты анықталады. Қауіптілік кластары санитарлық талаптарға сәйкес бекітіледі: I класс па, II класс па, III класс па, әлде IV класс па анықталады. Қауіптілік класына қарай санитарлық-қорғау аймағының көлемі белгіленеді», – дейді депутат.
Оның сөзінше, санитарлық-қорғау аймағында қандай да бір құрылыс жүргізуге, ғимарат салуға, жердің нысаналы мақсатын өзгертуге немесе сол жерлерге қатысты құжаттар мен рұқсаттар беруге тыйым салынады.
«Біз Құрылыс кодексін қабылдадық. Ол 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Бірақ қолданыстағы "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс туралы" заң талаптарына сәйкес санитарлық-қорғау аймақтарында нақты бір құрылыс объектілерін салуға тыйым салынған. Бұл ретте бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында осы территорияның санитарлық-қорғау аймағы ретінде бекітілген-бекітілмегені – маңызды мәселе. Негізгі сұрақ – зауыт басшылығы сол территорияны толық санитарлық-қорғау аймағы ретінде бекітті ме?» – дейді Бақытжан Базарбек.
Депутаттың түсіндіруінше, кәсіпорынның қауіптілік класына байланысты санитарлық-қорғау аймағы белгіленеді. Мысалы зауыттан 100 метр қашықтық осындай аймақ ретінде бекітіліп, ол толық рәсімделіп, кәсіпорынға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілген жағдайда, бұл аумақта тұрғын үй салуға рұқсат берілмеуі тиіс.
«Сондықтан туындаған мәселелерді құзырлы органдар жан-жақты қарап, тиісті тексеру жүргізуі қажет», – дейді ол.
Сонымен қатар ол аталған зауытқа қатысты да бірқатар сұрақ бар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, кәсіпорынға тиесілі төрт жер телімі бар. Мәселе солардың біріне қатысты. Оның жалпы аумағы 4,2304 гектар, кадастрлық нөмірі – 03-04-727-7386. Жердің нысаналы мақсаты қағаз және қағаз өнімдерін өндіретін зауыт объектісін салу және оған қызмет көрсету болып белгіленген. Алайда ЕГКН базасында бұл телім ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатына жатқызылған.


«Зауыт салынғаннан кейін, оның орналасқан жері өнеркәсіп мақсатындағы жер болу керек. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерде зауытты орналастыру қаншалықты дұрыс? Бұл жерде Қарасай ауданының әкімдігіне тиісті сұрақ туындайды», – дейді депутат.
Сонымен бірге ол мұндай сәйкессіздік кадастрлық базадағы техникалық қате болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Қалай болғанда да, депутаттың айтуынша, зауытқа жер телімдерінің қалай берілгенін, санитарлық-қорғау аймағының қалай бекітілгенін және рұқсат құжаттарының қалай рәсімделгенін тексеру қажет.
Зауытқа тиесілі қалған жер телімдерінің санаты өнеркәсіптік мақсаттағы жерлер ретінде дұрыс көрсетілген.
Бұдан кейін депутат тұрғын үйлер орналасқан аумақтарға назар аударды. Оның сөзінше, тұрғын үйлердің астындағы жер телімдері әртүрлі рәсімделген: кейбірі көпфункционалды тұрғын үй кешенін салуға арналған болса, енді біреулері тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу деп көрсетілген.
«Тұрғын үйлер орналасқан жер телімдерінің бір бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы, ал кейбірі көпқабатты тұрғын үй салуға арналған жер ретінде рәсімделген. Ал балалар алаңдары, автотұрақтар және тұрғындарға арналған кіріп-шығу жолдары тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісіне арналған жерлер ретінде көрсетілген. Бұл қаншалықты заңды?» – деді Базарбек.
Осыған байланысты депутат ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде тұрғын үй салуға сәулет және қала құрылысы органдары қалай рұқсат бергені жөнінде сұрақ туындайтынын айтты. Оның сөзінше, заң бойынша мұндай жерлерде, әсіресе көпқабатты тұрғын үй салуға болмайды.
Депутаттың пікірінше, бұл мәселеге тиісті құқық қорғау органдары мен сот құқықтық баға беруі тиіс. Егер талап арызды тұрғындар берген болса, сот істі біржақты қарамай, екі тараптың да уәждерін жан-жақты зерттеуі қажет. Яғни зауыттың да, тұрғын үйлердің де барлық жер кадастрлық құжаттарын толық қарап, тиісті құқықтық қорытынды шығаруы керек.

Зауыттың ауаға шығаратын қалдықтары тұрғындардың денсаулығына зиян келтіріп жатыр деген шағымдарға қатысты депутат бұл мәселені сот жан-жақты қарастыруы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, алдымен зауыт салынған кезде санитарлық-қорғау аймағының белгіленген-белгіленбегенін анықтау қажет. Егер ондай аймақ белгіленбесе, оның себебін де тексеру керек.
Өйткені санитарлық-қорғау аймағында тұрғын үйлер салынбауы керек еді. Ал қазіргі жағдайда сол аумақта көптеген тұрғын үйлер бой көтерген.
Депутат бұл мәселеде оңтайлы шешім қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір азаматтың шағымы бойынша зауыттарды жауып немесе көшіре беру инвесторлардың жаңа өндіріс орындарын ашуға деген сеніміне кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар азаматтардың денсаулығын қорғау да басты міндет екенін айтты.
Егер зауыттың эмиссиялары адамдардың денсаулығына нақты зиян келтіретіні дәлелденсе, онда экологиялық және санитарлық талаптарды күшейту қажет.
Естеріңізге сала кетейік, құзырлы орындардың айтуынша, 2026 жылы зауытты көшірудің дайындық кезеңі аяқталады, 2027 жылы зауытты көшіру басталып, ал 2028 жылы зауыт толық жаңа орынға көшіріледі. Мамандардың сөзіне сенсек, үлкен өндірісті бір күнде көшіру мүмкін емес. Сонымен қатар KZ Recycling зауытының өкілдері 2026 жылдың наурыз айында зиянды қалдықтарды шығару тоқтатылатынын мәлімдеді.
Депутатпен сұхбаттасқан:
Динара Үсенова
Қазір оқып жатыр
Тоқаев: Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ
«Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет»: Президент дотацияға сеніп отыратын әкімдерді сынады
«Ересектермен бірдей жазаға тартылады»: ІІМ ата-аналарға ескерту жасады
«Кастетпен ұрған»: Таразда тоғызыншы сынып оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан