6 Қараша 11:08
...

Тоқаев пен Макрон оңашада не туралы сөйлесті?

Елисей бағы
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Кеше кешқұрым Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эммануэль Макронның бейресми кездескенін хабарлады.

«Елисей сарайының бағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бейресми әңгіме өрбітті. Мемлекеттер басшылары серуенге Жюль және Жанна атты тазыларды ертіп шықты. Бұл асыл тұқымды тазыларды Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің Қазақстанға жасаған сапары кезінде сыйға тартқан болатын», – деп жазды Б.Уәли.

Қазақстан президентінің Францияға мемлекеттік сапарын өте жемісті болды деп бағалауға болады. Өйткені Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың өзі сапар нәтижесіне көңілі толатынын мәлімдеді.

– Францияға мемлекеттік сапарым кезінде көрсетілген ыстық ықыласқа ерекше тәнті болдым. Мазмұнды келіссөздердің қорытындыларын жоғары бағалаймын. Маған және барша Қазақстан халқына білдірген құрметі үшін Президент Макронға шынайы алғысымды айтамын. Франция көшбасшысын келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырдым, – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Х әлеуметтік парақшасында.

Қазақстан Президентінің Францияға мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациясының мүшелері 36 құжатқа қол қойды. Оның ішінде жалпы сомасы 2,2 миллиард доллар болатын 1 үкіметаралық, 21 ведомствоаралық және 14 коммерциялық құжат бар.

Мемлекеттік сапар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, Тоқаев пен Макрон оңашада не туралы сөйлесуі мүмкін? Ең алдымен ойға оралатыны – Қазақстанда салынбақ АЭС-тің жайы. Уикипедияның дерегіне сенсек, әлем бойынша 437 реактор бар, оның 113-і Еуропада орналасқан. Сол 113 реактордың 56-сы Францияда екен. Осыдан-ақ Францияның атом энергетикасы саласындағы әлеуетін бағамдай беріңіз.

Тоқаев пен Макронның Елисей бағындағы оңаша кездесуінен кейін Қазақстан президенті Францияның энергетика саласындағы алпауыт компаниялары басшыларымен кездесті. Бұлардың арасында Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремон бар.

EDF – электр қуатын өндірумен және таратумен айналысатын Францияның мемлекеттік компаниясы. Компания 67 атом реакторын басқарады, оның 56-сы – Францияда, 9-ы – Ұлыбританияда, 2-і Қытайда орналасқан (бұл – әлемде пайдаланылатын атом электр станцияларының жиынтық қуатының шамамен 18 пайызы). Компания Францияда тағы 14 реактор салуды жоспарлап отыр.

EDF
Люк Ремон. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бұл кездесу туралы Ақорданың баспасөз қызметі былай деп хабарлады: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Électricité de France компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективасын талқылады.

Мемлекет басшысына атом электр станцияларын басқаратын әлемдегі ең ірі компанияның қазіргі қызметі мен жоспары туралы мәлімет берілді. Президент жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан азаматтарының басым бөлігі еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысына қолдау білдіргенін айтты.

АЭС
Николя Мас. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Француз компаниясы АЭС құрылысына арналған ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енеді. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде осы маңызды жобаны жүзеге асырудың ықтимал моделі ретінде халықаралық консорциум құру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті. Люк Ремон өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін растады. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы перспективті жобаларды жүзеге асыруға қатысты ойымен бөлісті».

Сондай-ақ Қ.Тоқаев Orano S.A. компаниясының президенті Николя Масты да қабылдады. Orano S.A. – Франциядағы атом өнеркәсібінің көшбасшысы. Былтыр компанияның кірісі 4,8 миллиард еуроға жеткен.

Қазақстанда АЭС салынатын болса, оны халықаралық консорциум салатынын Мемлекет басшысының өзі айтқан. Ал Энергетика министрлігі АЭС салынатын жағдайда мына төрт елдің компанияларының ұсыныстары қаралатынын мәлімдеген еді: Росатом (Ресей), Électricité de France (Франция), China National Nuclear Corporation (Қытай), Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея).

Басымдық қай елдің компаниясына берілетіні әлі белгісіз. Халықаралық консорциум құрылғанның өзінде басымдыққа ие болу үшін Кремль барын салатыны анық, ол үшін Ақордаға түрлі тараптан қысымдар жасалуы да мүмкін. Өйткені Кремль үшін Қазақстанға АЭС салу – ең алдымен геосаяси басымдыққа ие болу.

Сол себепті де Қ.Тоқаев Елисей бағындағы оңаша әңгіме барысында Қазақстанда АЭС салу мәселесінде Макроннан белсенді болуды сұрауы әбден мүмкін.