«Теңізшевройл»: қазақстандық қамтуға – кең өріс
«Жиырмасыншы ғасырдың ғаламат жобасы» атанған Теңіз жобасы Қазақстан экономикасына, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлық үлес қосып келе жатқаны жұртшылыққа аян. Соның ішінде компания импорт алмастыру, қазақстандық тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуда мұнай-газ операторлары арасында көш бастаудан жаңылған емес.
Компания инвестициялық келісімшарт негізінде қазақстандық тауарлар мен қызмет түрлерін және жергілікті жұмыс күшін пайдалану уақытша нәрсе еместігін түсініп қана қоймай, осы бағыттағы жұмыстар көлемін ұлғайтып, жетілдірумен келеді. Бір ғана мысал. Компания 2021 жылы тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алу жөніндегі көрсеткішті 5,2 млрд долларға жеткізді. Мұның ішінде қазақстандық үлес 3,6 млрд долларға, қазіргі курспен теңгеге шаққанда 1, 836 трлн теңгеге жетіп, 68 пайызға көтерілді. Бұл – 2010 жылмен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.
ТШО-мен әріптес компаниялардың фотосы.
Танымал IHS Markit халықаралық консалтингтік компанияның зерттеуінше, «Теңізшевройлдағы» әрбір жұмыс орны Қазақстан бойынша түрлі салада қосымша тағы 39 жұмыс орнын ашуға септігін тигізуде. Ал жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған әрбір доллар экономикалық айналымға қосымша тағы бір доллар қосуда. ТШО Қазақстанның батыс өңірінде шоғырланғанымен, тек Атырау облысына ғана емес, ел аймақтарының 50 пайызына экономикалық тұрғыда өз пайдасын тигізіп келеді.
Мәселен, Маңғыстаудың мұнай өндірісі үшін шегендеу құбырларын, Шымкентке жағармай, Солтүстік Қазақстан облысына қауіпсіздік құрылғыларын жеткізіп, Тараз үшін құбыр тарту құрылысы, жылу жүйесі, ауаны желдету-салқындату сияқты қызметтерді жетілдіруге өз үлесін қосуда. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына, Нұр-Сұлтан қаласына да көмек қолын созып, отандық бизнестің өркен жаюына септігін тигізуде.
ТШО-мен әріптес компаниялардың фотосы.
ТШО бизнес-қауымдастықтармен және Қазақстанның машина жасаушылар одағымен, сондай-ақ Petrocouncil, KazService сияқты түрлі ассоциациялар арқылы тұрақты жұмыс істеп, қазақстандық қамтушылар мен қызмет көрсетушілерді іздестіру мақсатында Қазақстан облыстарының қай-қайсысымен де байланыс орнатқанын айтқан ләзім. Және де бұндай байланыстың өз нәтижесін көрсетіп жатқанын айтқан дұрыс.
ТШО қамтушылардың әлеуетін дамытуды үш бағдарлама арқылы жүзеге асыруда: өзі жүйелеп отыратын ішкі іріктеу бағдарламасы; Еуропаның қайта құру және даму банкімен бірлескен сыртқы бағдарламасы және Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту халықаралық орталығының жуырда жарияланған бағдарламасы.
Ішкі іріктеу бағдарламасының мақсаты – техникалық сарапшыларды қатыстыра отырып, сатып алу және әлеуетті қамтушыларға қатысты сараптама жасау Сараптама негізінде «мақсатты тауарлар мен қызметтердің» тізімі жасалады, қамтушының біліктілігі артады және оларға алдын ала тапсырыс беріліп, бақылау жүргізіледі. Сараптама нәтижесі көрсеткендей,негізінен электр қызметтері, химиялық өнеркәсіп, техникалық қызмет, жөндеу және пайдалану, басқа да қызмет түрлері сұранысқа ие. Өткен жылы ТШО-ның бірнеше бөлімі 18-ден астам тауармен қамтушының жұмысын жетілдіруге көмектесті.
ТШО-мен әріптес компаниялардың фотосы.
Еуропаның қайта құру және даму банкімен бірлескен сыртқы бағдарламасы қатысушыларға тікелей кеңес беруді және қажетті тәжірибені қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бағдарлама қаржыға қол жеткізу, шығынды азайту, сапа және қауіпсіздікті басқару сияқты қажетті білімді қамтиды. Бүгінде аталған бағдарламаға қатысушылар табыстарының өсіп, біліктіліктерінің артқанын айтады. Сауалнама нәтижесі бағалаудан өткен компаниялардың 77 пайызының айналымы ұлғайғанын және табыстарының 35 пайыз деңгейіндегі орташа өсім барысында орта есеппен 4 млн еуроға өскенін көрсетті.
Қазақстанда гендерлік саясатқа ерекше мән берілетіндігі белгілі. Осы ретте, аталған м бағдарламаның бұл мәселені де басты назарда ұстағанын айтқан жөн. Компанияларда әйелдердің үлес салмағы 43 пайызға өссе , ал қатысушылардың 73 пайызы еңбек өндірісі 48 пайызға көтерген.
ТШО-мен әріптес компаниялардың фотосы.
2021 жылдың қазан айында Қазақстан үкіметінің көмегімен Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту мақсатында халықаралық орталық құрылды. Қазір орталық өз жоспары мен бюджеті бойынша жұмыстарын аяқтауда. ТШО аталған орталықпен машина жасау өндірісі өнімдерін шығару қуатын арттыру бойынша әріптестік орнатуға әзір.
Теңіз кен орнындағы Келешек кеңею жобасы-Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) – Қазақстандағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Қазіргі таңда жоба жұмыстары 90 пайызға аяқталып отыр. ТШО жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті қамтушыларды, инжинирингтік компанияларды, жобалау институттарын, құрылыс мердігерлері мен жергілікті еңбек ресурсын көптеп тартты. Мақсат айтпаса да түсінікті – жергілікті қамту деңгейін барынша көтеру. ТШО бір ғана 2021 жылы ККЖ-ҰЕҚБЖ үшін 2,3 млрд доллар көлеміндегі қазақстандық тауарлар мен қызмет түрлерін пайдаланды.
Жобаның құндылығы сол – өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, болашақ ірі жобалар үшін мұра боларлық тәжірибе мен дағды қалдыру.
ТШО 2019-2021 жылдар аралығында Маңғыстау облысында жоба бойынша қызметкерлер дайындаудың 6 деңгейін өткізсе, Атырауда 5 деңгейі өтті. Осылайша, 2021 жылы ККЖ-ҰЕҚБЖ шеңберінде тұрғындарды тиісті мамандықтарға оқыту сәтімен аяқталды. 10 мыңнан астам адам бағалаудан өтіп, 6 мыңға жуық адам тәлім алды. Өткен жыл техникалық тұрғыда тәжірибе жинауда ең жемісті жыл болды. Аталған бастама негізінде 26 мыңнан астам адамның тәжірибесі бағалаудан, ал 22 мыңға жуық адам оқудан өтті.
ТШО-мен әріптес компаниялардың фотосы.
Жоба аясында дайындықтан өткен жұмыс күші болашақта Қазақстанның мұнай-газ саласына қажет болады, сондай-ақ оларға шетелдегі жобалар үшін де сұраныс көп болмақ. Сәуірдің 6-сында Атырауда жергілікті қамтушылардың форумы өтіп, мамандар ТШО-мен бірлесе отырып, тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуға қатысты мәселені талқылады. Импорт алмастыруға жағдай жасау үшін ТШО тауарлық 5 басым бағытты айқындады. Олар – өшіру клапандары, фланец/фитингтер, қысымға шыдас беретін ыдыстар, бақылау-өлшеу аспаптары және электр құрылғылар. Қазақстанда өндірілетін әрі сұранысқа ие бұдан өзге де 50-ден астам тауарлар мен қызмет түрлері айқындалды.
«Біз қазақстандық үлесті дамыту үшін, «Атамекен» ҰКП, «Kazenergy» ассоциациясы, ҚР Машина жасаушылар одағы, Petrocouncil және KazService компанияларымен тұрақты түрде жұмыс істеудеміз», – дейді «Теңізшевройл» ЖШС-ның қазақстандық үлесті дамыту бойынша директоры Даниэль Жолдыбаев.
ТШО-мен әріптес компаниялардың фотосы.
ТШО тек мұнай өндірісімен ғана емес, өмірдің өзге салаларын да дамытуға ат салысып келеді. Соның ішінде балық шаруашылығын дамытуға бетбұрыс танытып жатқандығы көңіл қуантады. Мәселен, Атырау қаласында балық шаруашылығына қатысты өткен арнайы жиынға мамандар шақырылып, арнайы сараптама жасалды. Оған Атырау облысы әкімдігі, балық шаруашылығы комитеті, салаға қатысы бар өзге де ұйымдар шақырылды.
Бір сөзбен айтар болсақ, ТШО өзінің ұзақ мерзімді жұмыс істеу ниетінің көрсеткіші ретінде бизнес әріптестерімен біріккен іс-шараларды тұрақты өткізіп, жергілікті үлесті дамытудың тетіктерін іздеуді жалғастырып келеді. Мұның дәлелі ретінде ТШО-ның атыраулық тауар өндірушілермен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойғанын атап өтуге болады.