Табиғи апаттардың алдын алу Nazarbayev University-де талқыланды
Еліміздің он облысында төтенше жағдай жариялауға мәжбүр еткен қарғын судың салдарымен күрес жұмыстары жүріп жатыр. Кейбір аймақтарда судың деңгейі түсіп, жағдай қалыпқа келе бастаса, кейбір өңірдегі елді мекен тұрғындары әлі де болса қауіптен қорғанып, тасқынға тас-түйін дайын отыр.
Астанадағы Nazarbayev University-де өткен семинарда осы тақырып төңірегінде ізденіп жүрген отандық жас ғалымдар, шетелдік сарапшылар, аталған университет студенттері тасқын су түріндегі табиғи апаттың алдын алу, одан қорғану жолдарын талқылады.
Дәл қазір біздің ел ғана емес, дүниежүзілік деңгейде өзекті болып отырған мәселені жан-жақты талқылаған жиынды Nazarbayev University, NU Қызыл Ай Қоғамы мен БҰҰ Тұрақты даму шешімдері желісінің жаһандық жастар бастамасы – Sustainable Development Solutions Network Youth (SDSN Youth) бірлесіп ұйымдастырды. Семинарда қарғын судан қорғану ғана емес, табиғаттың одан да өзге айтып та, айтпай да келетін жер сілкінісі, өрт, құрғақшылық сынды апаттарының алдын алу, қорғану, салдарымен күресу жайтарын және апаттан кейін туындауы мүкін эпидемиялар бойынша да сарапшылар өз тәжірибесін, көзқарастарын онлайн және офлайн пікірталас аясында бөлісті.
Алдымен талқылаудың негізгі спикері ретінде отандық жас ғалым, «Азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша Nazarbayev University-ден түлеп ұшқан, су тасқыны қаупі жөніндегі инженер Рената Садритдинованың баяндамасы тыңдалды.
Алған білімі бойынша елден жұмыс таппай сонау Ирландиядан бір-ақ шыққан жас ғалым еліміздегі су тасқынына себеп болған негізгі екі факторды атады.
– Бұл қарғын судың көп мөлшерде қалыптасуына қыстағы қардың жылдағыдан қалыңырақ жаууы бірінші кезекте себеп болса, одан кейін наурыздағы күн райының былтырғыға қарағанда 1-2 градусқа жылы болуы әсер етті. Өкінішке қарай, еліміздегі бұл жылыну процесі ғаламдық жылынудың ажырамас бөлігі болып отыр және зерттеулер көрсеткендей бұл көктемгі жылынудың жылда қайталану ықтималдығы жоғары болып тұр. Сондықтан еліміздегі су тасқынының алдын алу, одан қорғану жүйелерін қайта пысықтап, саладағы саясатты, апатқа деген Үкіметтік деңгейдегі көзқарастарды өзгерту қажет, – дейді инженер Р.Садритдинова.
Ол сонымен қатар су шаруашылығындағы инфрақұрылымды жөндеу және мониторингілеу мәселелерін заманауи стандарттармен реттемейінше, тасқын судан келетін тәуекелдерді азайту қиынға соғатынын да қоса кетті. Және өзінің презентациялық таныстырылымында қала ішіндегі өзен немесе каналдың жағалауын қалай реттеу керектігін ғылыми тұрғыдан түсіндіре кетті. Яғни, қалаішілік су арналарының жағасындағы әрбір детальдің декорациялық қызметінен бөлек, олардың апат кезінде атқарар қауіпсіздік функциясы да қарастырылуы керектігін және бұған Еуропа елдерінде аса үлкен мән берілетінін атап өтті. Мәселен «көгалдың төселуі, ағаш өсетін орын, тротуардың бағыты қалай болса солай емес, зерттеулер қорытындысымен нақтылану керек» дейді. Тіпті су тасығанда топырық қабатының опырылуынан сақтайтын 7-8 метр тереңдіктегі бетон іргетастың болуы да қала құрылысында ескерілуі тиістігіне назар аударды.
Ал болып жатқан төтенше жағдайдың өршу сценарийінің және алда болуы мүмкін апаттардың жолын кесу шараларын әзірлеу, олардың салдарымен күрес жайында дәрігер-ғалым, NU профессоры Антонио Саррия-Сантамера талдап берді. Бұл ғалым негізінен денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін зерттеп жүргендіктен, санитарлық мәселелерге де назар аударды.
Ол алдымен жер сілкінісіне төтеп берер ғимараттардың құрылысындағы иілгіш технологияларға тоқталды. Оның айтуынша, апат кезінде бірден қирап қалмас үшін үйлер мен ғимараттар тербетіліп тұруы тиіс.
– Түркиядағы жер сілкінісінде ғимараттардың сапасыздығынан өте көп адам қаза тапты. Жапонияда мұндай қиын жағдай болмас еді. Өйткені ол елде жер қозғалысына шыдас берер қала құрылысы жүйесі жақсы дамыған және адамдарының да азаматтық қорғаныс жайлы сауаты жетілген. Мұндай жағдайда мәдениет пен тазалық та үлкен рөл атқарады.
Мәселен Кариб теңізі аймағындағы Доминикан Республикасы мен Гаити мемлекеті бір аралда орналасқан. Бірақ мәдениет, тазалық мәселесінде айырмашылық көп. 2010 жылғы 200 мыңнан аса адам опат болған Гаитидегі алапат зілзаладан кейін де адамдар холерамен де ауырып, қаза тапты. Өйткені онда таза ауыз су мәселесі өте күрделі жағдай қалыптастырды. Сондықтан Қазақстан жағдайында да тұрғындар апаттан кейінгі тазалық, мәдениет мәселесіне үлкен мән беру керек. Кез келген апат кезінде ауызсу, оның сапасының маңыздылығы азық-түліктен де жоғары тұрады. Сол себепті бұл ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе ретінде Үкімет тарапынан мұқият қадағалануы керек және осы бағыттағы бақылау жұмыстарын күшейткен жөн.
Қазақстан жер аумағы үлкен болғандықтан бір жағын қар басып, су алып жатса, оңтүстікте күннің күрт ысуы қуаңшылықпен қысады, ал өзге өңірлердегі орманды алқаптарды өрт шалып жатады. Сол себепті осындай төтенше жағдай тәукелдерін барынша төмендетіп, коммуникацияны жетілдіріп отыру керек, – дейді профессор Антонио Саррия-Сантамера.
Кездесуге Қазақстанның Ұлттық Волонтерлік желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк те қатысып, спикер ретінде дәл қазір ерікті жастардың су тасқыны салдарын жою, гуманитарлық көмек жеткізу, волонтерлік бағыттағы өзге де жұмыстарды үйлестіру аясында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана.