Сұйытылған газды Қазақстан аумағынан шығаруға тыйым салу ұзартылды

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Астана, NEGE. Сұйытылған газды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салу ұзартылды. Бұған дейін тыйым шекара маңындағы елдерге сұйытылған мұнай газының ағынын болдырмау және ішкі нарықта тапшылыққа жол бермеу мақсатында қабылданған болатын.
Болат дайындамалар мен жартылай фабрикаттарды әкетуге тыйым 6 айға ұзартылды. Айта кету керек, бұған дейін енгізілген тыйымның оң нәтижесі болат дайындамалар түріндегі жартылай фабрикаттарды шығару бойынша қолданыстағы қуаттарды металлургия өнеркәсібінде неғұрлым терең өңдеуге қайта бағдарлау және арматура экспортын 30 мың тоннаға ұлғайту болды.
Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін мемлекеттерден гипсокартон мен тас өнімдерін әкелуге 3 айға тыйым салу туралы ұсыныс қолдау тапты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі тұтыну көлемі 58,76 мың тонна болатын 95,2 мың тонна тас төселді. Өткен жылы отандық компаниялар елдегі 38,8 млн шаршы метр сұранысқа 35,5 млн шаршы метр гипсокартан өндірді. Жалпы қазақстандық кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаты шамамен 46 млн шаршы метрді құрайды. Отандық гипсокартон және тас бұйымдарын өндірушілер өнімнің осы түрлеріне қолданыстағы бағаны сақтау бойынша міндеттемелер алды.
ҚХР-дан ыстық деформацияланған жіксіз құбырларға және ҚХР мен Украина өндірісінің мырышталған прокатына қатысты демпингке қарсы шараларды ұзарту туралы шешім қабылданды.
Қазақстан Республикасынан фанер экспортын автоматты лицензиялау мақұлданды. Бұл отандық фанердің экспорттық тасымалын талдауға мүмкіндік береді.