6 Желтоқсан 16:50

«Астана» мен «Adidas» өзара әріптес атанды

Фото:

Әлемдік танымал «Adidas» бренді жаңа спорт маусымынан бастап «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының эксклюзивті техникалық әріптесі ретінде жұмыс істей бастайды. Бұл жөнінде «Астана» мультиклубында өткен әлемдік брендтің Қазақстандағы өкілдігі мен клуб арасында өзара келісімге қол қойғаннан кейін жария болды.

Алматы, NEGE. 2021 жылдан бастап «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы барлық деңгейлі жарыстарға «adidas» арнайы белгісі бар жабдықтармен шығатын болады. Естеріңізде болса, «Астана» футбол клубы өзінің құрылғанынан бастап аталмыш брендпен өнер көрсетіп жүр.

«Adidas» фирмасы ойын және жаттығу жабдықтарынан өзге, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубымен бірлесе отырып, 2021 жылдан бастап өзінің фирмалық дүкендерінде әлемдік кәсіби клубтардың атрибутикалық тауарларын сатуды көздеп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, еліміздің өзге аймақтарын да қамти бастайды.

«Астана» спорт холдингінің басшысы Асқар Баталов маңызды құжатқа қол қойылғаннан кейін, әлемдік танымал брендпен жасалған келісім – отандық клубтың халықаралық деңгейде имиджін көтеріп, танымалдылығын арттыра түсетіндігін жеткізді.

Тегтер: