Шыңғыс ҒАБИДЕНҰЛЫ: MedTech нарығы күн санап дамып келеді
– Кремний алқабындағы Draper University (Дрейпер университетінен) акселерациядан өткен қазақстандық стартаптардың алғашқыларының бірі.
Шыңғыс Зейнел-Ғабиденұлы – MED365 компаниясының негізін қалаушы және құрылтайшысы. Тілшіміз кәсіпкерден өз кәсібінің қалай құрылғанын және медициналық технологиялар саласы несімен қызық екенін сұрады.
– Негізгі мамандығым заңгер. Алайда, заңгер боп ұзақ қызмет істеген емеспін. Себебі, шығармашылық еркіндікті сезінбедім. Сондықтан өзімді он бес жылдан бері кәсіпкерліктен тапқандаймын.
Он сегіз жасымда әкем жүрек талмасынан өмірден өтті. MedTech саланы таңдауыма осы жайт түрткі болды. Ортамды барлап көрсем, біздің қоғамда денсаулық қадіріне шынайы түрде мән беретіндер саны әлі де аз екен. Мемлекеттің сапалы қалыптасуы үшін денсаулық маңыздылығы деген құндылық – күнделікті дағдыға айналғаны өзекті.
2019 жылы Алматы қаласы әкімдігінде өткен жиынға қатыстым. Олар автобус жүргізушілерін медициналық тексеруден өткізу үшін шетелдік шешім орнына отандық балама ойлап табу қажеттігін айтты. Біз екі айдың ішінде пилотты жоба аясында жабдықтың алғашқы прототипін құрастырып шықтық. Бірте-бірте осы салаға тереңірек тамыр жаюға тура келді. Осы күні Орталық Азиядағы АСМО жабдығын шығаратын жалғыз отандық өндірушіміз, – дейді кәсіпкер.
Med 365 – медициналық тексерудің автоматтандырылған жүйесі. Компанияның негізгі мақсаты – денсаулық сақтау мәселелерін smart технология және автоматтандыру жүйесін қолдана отырып шешу.
– Даму барысында медициналық құрал-жабдықтар шығара бастадық. Ол үшін қажетті лицензиялар, сертификаттар, тіркеу куәліктерін алдық. Бүгінде, біз медициналық қызмет көрсету саласындағы толыққанды ұйымға айналдық.
Командамызда осы күні 40 адам бар. Біздің мақсатты аудиториямыз күрделі өндірістер мен күн сайын жұмыс алдында және жұмыстан кейін медициналық тексеруден өтетін қызметкерлер. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің статистикалық есебі бойынша, мұндай адамдар саны миллионға жуық. Көптеген кәсіпорындарда медициналық тексерулерді ұйымдастырудың сандық шешімдері әлі де жоқ. Біздің жабдықтар жұмыс берушілерге күн сайын жаңартылған ақпараттар береді. Бұл жерде нақты денсаулық жағдайының апта, ай немесе жыл ішіндегі көрсеткіштері тіркеледі. Осылайша адам денсаулығының тұрақты не өзгеру динамикасын уақытылы байқай аласыз.
Мәселен, автобус паркін мысалға алсақ: таңғы сағат бестегі ауысымда 500-600 жүргізуші жиналады. Олардың әрбірі камера, монитор, қан қысымын өлшейтін, алкотестер және басқа да технологиялары бар «ақылды» орындыққа отырады. Жүйе өз қорытындысын 60 секундта береді, ал, адамның стандартты медициналық тексеруіне шамамен 10 минут кетеді, – дейді Ш.Ғабиденұлы.
Қазақстанда MedTech секторында жұмыс атқаратын кәсіпкерлер аз. Өйткені бұл – шығынды әрі ұзақ мезгілге негізделген күрделі тірлік.
Мәселен, Европада 27 мыңнан астам medtech компаниялар бар екен. Олардың көпшілігі Германияда. Кейінгі тізімде Ұлыбритания, Италия және Швейцария тұр. Компаниялардың 95 пайызы шағын және орта бизнес өкілдері. Яғни, интеллектуалдық, кәсіби дағдыға бейім орта қалыптастыру маңызды екенін терең түсінеді. Біз де осы бағытта дамуға күш салсақ құп болар еді. Кәсіби техникалық колледждердің пәрменіне мән бергеніміз маңызды.
MedTech нарығы күн сайын өсіп, дамып келеді. Зерттеулерге назар аударсақ, пандемияға дейін жаһандық IT медициналық қызмет саласы 45 миллиард долларға бағаланған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 180 миллиард долларға дейін артуы мүмкін.
«IT-кәсіпкер қандай болуы керек?» деген сұраққы Ш.Ғабиденұлы былай деп жауап берді: «IT-кәсіпкерде арнайы IT білімі болуы міндетті емес. Менің жағдайымда бұл салаға деген үлкен құштарлық пен қызығушылық болды және бұл техникалық білімімдегі олқылықтардың орнын толтырды. Бірақ бұл оқудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Егер сізде білім және практикалық тәжірибе болса, өз жобаңызды жасау әлдеқайда оңай.
Кәсіпкерді қол астындағы жұмысшыдан ерекшелендіретін қыры – бастамашылдығы, қиындықтардан қорықпау және әрқашан жаңа дүниені байқап көруі деп айтар едім.
Тағы бір маңызды қасиет – мақсатқа жетуден танбау. Кәсіпкерлер дегеніміздің өзі тек алдыға қадам жасайтын, кейде шалыс басып құлаған шақта да орнынан тұрып жолын жалғастыра алатын адамдар. Оларға жауапкершілік пен табандылық өте қажет».