18 Тамыз 18:18
...

Шенеунікті өсіретін де, өшіретін де ­– әйел! НЕГЕ?

Фото:

Таяуда психолог Гүлбану Үмбетжанова жұрттың құлағын елең еткізді. Ол: «Шенеуніктердің жемқор атануына бірден-бір себепкер ­– әйелдері!» деді.

Оның айтуынша, жалақысы аз мемлекеттік қызметшілерді жемқорлық қылмысына көп жағдайда, әйелдері итермелейді-міс. Әрине, бұл пікірмен келісуге де, келіспеуге де болады.

Қазақ «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген сөзді де бекер айтпаған шығар. Бұрын-соңды мұндай билікке қолы жете қоймаған шенеуніктің жемқорлық әрекетке баруына түрткі болатын түрлі фактор бар. Бірінші, отбасында көрген тәрбиесі. Екінші, балалық шағында жоқтықтың кермек дәмін көбірек татуы мүмкін. Үшінші, шынымен де «еркек – бас, әйел – мойын» демекші, жұбайы тікелей себепші.

Кешегі хандардың әйелдері қандай болған?

Ертеде ел билеген хандарды да ақылды әйелдері басқарғаны тарихтан белгілі. Бәлкім, ол заманда әйелдерді тым төмен санап, ел қорғандары – ерлердің аты ғана тарихта қалуы тиіс деп топшылады ма, кім білсін? Әйтсе де, әйел рөлін атқарып қоймай, сонымен бірге еріне адал, еліне сыйлы, асыл жар, ақылды дос, данагөй ханым атанған хан жұбайларын тарих оқтын-оқтын еске салып тұрады. Ұлы дала амазонкалары саналған Томирис, Тұмар, Зарина патшайымдар, қасиетімен дала аңызына айналған Ұмай, Домалақ аналар, ел басқарған ерлердің әрі жұбайы, әрі анасы атанған Жаған бегім, Бопай ханым, Айғаным ханша, Фатима Тоташ, Күнімжан ханым секілді ауыр жүкті арқалаған әйелдер бейнесі бүгін кездесе ме?

Мысалы, Жәңгір ханның Жасқұс деген жерге сарай салуына ықпал ектен жары Фатима екен. Себебі, татар қызы хан әйелінің рөлін ғана атқарып қоймай, сенімді серігі және ақылды кеңесшісі болған. Ал Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжан ханым патша үкiметiнiң отаршылдық азабын бiрдей тартып, ханның басына түскен ауыртпалықтың бәрiн, өмiрiнiң ыстық-суығын бiрге көтердi. Ол балалары Жапар, Тайшық, Ахметті халық үшiн күрестiң мүддесiне шыңдаған.

Сол сияқты Бопай ханым болмаса, Әбілқайыр ханның рөлі басқаша болуы мүмкін еді. Бопай ханым ел басқару ісінде Әбілқайырдың сенімді әрі ақылды серігі болып, ханмен бірге дипломатиялық қатынастарды реттеп отырған. Қазақ халқының басына ел болу не мүлдем жоғалу қаупі төнгенде Әбілқайыр ханның саясатына қолдау білдіріп, кемшін тұстары болса жасырмай кеңес беріп, жақсысын асырып, тіпті, әйел заты қатыспайтын құрылтайға барып, қазақ хандығының ішкі және сыртқы мәселелерін шешуге атсалысқан екен.

Ал Бөрте – Шыңғыс ханның зайыбы, кеңесшісі әрі ой таразысы. Ұлы қолбасшы әйелі айтқан кеңестерге құлақ түрген. Бұл – тарихтан белгілі шыңдық. Шыңғыстың Моңғол ұлысының әміршісі ретінде қалыптасу кезінде де Бөрте әркез ханның қасынан табылған. 

Алайда, бүгінгі «хандардың», қазіргі тілмен айтқанда шенеуніктердің әйелдері дәл осындай рөл атқара ала ма? Қолына билік тиген азаматын дұрыс жолға бағыттап отыруына ақыл-өресі жете ме? Әлде, тойымсыздық, ашкөздік сияқты қасиеттер түбіне жетіп тына ма? Жақында ғана талай рет сынға ілінген медициналық сақтандыру қоры экс-басшысының жары әлеуметтік желіге жұбайының 12-көлік әпергенін мақтанып жазам деп масқара болғаны бар. «Жығылғанға жұдырық» демекші, мұның соңы әлгі басшының қызметінен біржола кетіп тынуына әкелді. Соған қарағанда, бүгінгі заманда қолына билік тиген азаматтарды құртатын шынымен де әйелі ме?

«Байығын үстіне байи бергісі келсе – дерттің асқынуы»

«Өз басым ер азаматтың жемқорлық әрекетке баруына әйел кінәлі дегенмен мүлдем келіспеймін. Онсыз да әйел байғұстың өмірде тартатын қиыншылығы көп. Бала табады, оны тәрбиелейді, сөйтіп жүріп құқы шектеледі. Ол аздай азаматының жемқор болуын әйелден көреді. Ал жемқорлыққа екінің бірі бара бермейді. Бұл адамның мінез ерекшелігі мен алған тәрбиесіне байланысты. Өмірде табысқа жеткен соң, тағы да жете түскісі келетін типтегі адамдар болады. Алғашқы кезде заңды жолмен тапқан шығар. Кейін ақшаның дәмін татқан соң құнығып кететіндер көп», – дейді психолог Айгүл Түзелбайқызы.

Оның пікірінше, байығын үстіне байи түскісі келетін қасиет дерт сияқты асқынып кетеді.

«Соған бейім адамдар болады. Бұл отбасындағы жағдайға, тәрбиеге байланысты. Мінезі де соған сай өрбиді. Отбасы, мектептегі ортасы, жастық шақтағы араласқан достары қандай? Егер сол кезде ақшаға құнығушылық, дүниеқоңыздық пайда болса, ол өзін-өзі тоқтата алмайды. Яғни, жанындағы адамдарға да тікелей байланысты. Ол жемқорлық әрекетке жалғыз бармайды. Оның қолдаушысы, сыбайласы бар деген сөз. Мұндай адамдар өзара келісім арқылы бірін-бірі қолдауға дайын тұрады. Бұл ашкөздік, тойымсыздықтан пайда болады. Әрине, кейде әйелдің әсер ететін кездері болатын шығар. Бірақ ақылы бар, алды-артын ойлайтын ер азамат «әйелім айтты екен» деп жемқорлыққа бара бермейді ғой. Неігізінен өркөкіректік, иілгіштік қасиеті жоқ, кекшіл, өмірден жоқшылықты көп көріп, өзін кем санап, соған ызаланған адамдарды билікке жақындатудың қажеті шамалы», – дейді психолог.

Істі болған экс-шенеуніктер неге қашады?

Біз бұрын жемқорлық әрекетке барып, кейін мемлекеттік қызметтен кеткен экс-шенеуніктердің пікірін білгіміз келген. Оның бірі – бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаев. Ол 2016 жылы ірі көлемде пара алғаны, сондай-ақ, бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып, 2018 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда, былтыр мерзімінен бұрын босады. Экс-министр қазір өзін әр нәрседен саяқ ұстайтын сияқты. Бірақ «Фейсбук» әлеуметтік желісінде үнемі отырады. Тіпті, жекесіне шығып, бір ғана сауалға жауап беруін сұрағанымызда, телефон нөмірін бере алмайтынын, ешқандай сауалға жауап бермейтінін жазды.

Әрине, біздің елде экс-шенеуніктің, оның өзінде істі болған экс-тұлғаның ақпарат құралына шығып, пікір білдіргені некен-саяқ. Бұл біздің саяси тәжірибеде жоқ нонсенс жағдай.

Арман Евниев: Пара ұсынған адамды кабинеттен қуып шықтым

Арман Қайратұлы, сіз талай қызметте болдыңыз ғой. Сол кездерде әйеліңіздің жұмысыңызға араласқан кезі болды ма? Мәселенки, соңғы үлгідегі көлік, қымбат бағалы зат алғысы келетінін айтқан жоқ па?

– Менің әйелім, балаларым, әке-шешемнен бастап бәрінің өмірлік құндылығы мүлдем басқа. Ата-анам өте қарапайым жандар. Әкем өмір-бақи мал бағып, трактор жүргізді. Бала кезімнен әкемнің жанында жүріп, еңбекке ерте араластым. Меніңше, шенеуніктердің әлгіндей әрекетке баруына жұбайы кінәлі емес. Оның өзінің тәрбиесі қандай? Орыс жазушысы Лев Толстойдың: «Бала-шағаны тәрбиелеу қажет емес, тек өзің өмірді дұрыс сүруің керек» деген сөзі бар. Көбінесе сөзіміз дұрыс болады да, бірақ іс-әрекетке келгенде басқаша өрбіп кетеді. Сондықтан отбасында бала сөзге емес, ісімізге қарайды. Кейде тығырыққа тірелген жағдайда қандай шешім қабылдаймыз? Егер телеарнадан «бір шенеунік жемқорлық әрекетпен ұсталды» деген ақпарат айтылып жатса, ата-ана осыны талқылап, баласына ескерту ретінде дұрыс жағын айтады. Ал жемқорлық әрекетті құп көретін ата-ана баласына «мұндай жағдайда былай істеу керек еді» деп үйретеді. Міне, жемқорлық отбасында алған тәрбиеден, құндылықтан басталады. Ал 12 көлікті алу деген адам басына сыймайтын нәрсе ғой. Ондай мүмкіндігің болса, саған қызмет не үшін керек? Бұл менің миыма кірмейтін дүние.

Талай қызмет баспалдағында жүргенде мұндай лас тірлікке сізді ешкім итермелеген жоқ па?

– Ауыл шаруашылығы министрлігінде жүргенде ондай жағдайлар болды. «Фейсбук» әлеуметтік парақшасына жазып, халыққа жарияладым да.

Мысалы, маған өте белгілі, үлкен компанияларды басқарған, бүгінде зейнетте жүрген азамат келіп: «Сен мынаны жасап берсең, осыншама ақша берем» деп ұсыныс тастады. Кабинетімнен қуып шыққанда, қатты таң қалды. Содан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының сол кездегі орынбасары Алик Шпекбаевқа хабарласып, бәрін заң бойынша жасап, арыз беріп, істі Қаржы полициясына енгіздім.

Билікте жүрген шенеуніктің қай-қайсысында да мұндай оқиға болады. Бірақ әр адам әртүрлі реакция танытады. Өз басым қашан да қоластымда жұмыс істеген қызметкерлерге дұрыс жол сілтеп отырдым. Менің тығырыққа тірелген кездегі әдетімді бүкіл бастық біледі. Заңға қайшы келсе, «Міне, менің арызым, заңды бұза алмаймын» деймін, болды.

– Жемқорлық әрекетке жоқшылықты көп көрген, билікке қолы әрең жеткендер барады деген пікір бар. Сіз не дейсіз?

– Мұнымен келіспеймін. Ең бастысы – құндылық. Отбасында дұрыс тәрбие көрген болса, ол бай болсын, кедей болсын, ондай әрекетке бармайды. Соңғы үлгідегі көлік, бриллиант, бренд сағат деген не? Өзім сағатты шығаратын фирмалардың атын да білмейді екенмін. Маған бәрібір. Тек сағатты көрсетіп, жүріп тұрса болды. Мен үшін бұл құндылық емес. Тағы да айтам, бәрі құндылыққа байланысты. Біздің қоғамның, халықтың беделіне ие болған лауазымды тұлғалар телеарнада, кинода өмірлік құндылықтарды айтып, насихаттауы керек. Кейінгі жастарға іс-әрекетіміз арқылы көрсетуіміз қажет.

Жемқорлық біздің түп-тамырымызға тереңдеп кеткен жоқ па? Әсіресе, індет кеп, жанымызды қысқанда да дәрі-дәрмек тапшылығын қолдан жасағандар болды. Осындай қысыл-таяң шақта да жеп қалуға тырысып жатқандар көп. Неге?

– Оған түрлі фактор әсер ететін шығар. Тағы да бәрі құндылыққа барып тіреледі. Қаншама адам өмір мен өлім арасында жатты. Ғылымда «эмоционалды интеллект» деген термин бар. Бұрын интеллекті деңгейі арқылы адамның қаншалықты ақылды екені туралы айтылатын. Қазіргі жағдайда бүкіл әлемде эмоционалды интеллект белең алды. Яғни, адам басқа адамның не сезіп тұрғанын түсіне ала ма, жоқ па? Өзін басқаның орнына қойып, ой-санасымен сезініп, түсінуі керек. Міне, біздегі бүкіл басшыларға осы интеллект ауадай қажет. Мұны енгізетін арнайы технологиясы бар.

– Ертеде хандарымызға да ақылды әйелдері кеңес беріп отырған. Қанша дегенмен, әйелдің айтқанын да орындауға тура келетін кездер болатын шығар. Сонда сіз мүлдем тыңдамайсыз ба, әлде...

– Менің басымда ондай жағдай мүлдем болған емес. Әйелім қарапайым отбасында тәрбие алған. Оның әкесі де – тракторшы. 7 жасында анасынан айрылып, үлкен апасының қолында өсті.

Үгіттесе де, тыңдамайтын едім. Әрбірден соң ондай адамды жар етіп алмас та едім. Өмірде кім-кімге кездесе беретінін ешкім білмейді. «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады», «Жақсы әйел ерін төрге сүйрейді» деген бар емес пе? Жалпы, отбасында екі адамның әрекеті құндылыққа байланысты. «Қой, жетеді, тәубе қыл, қанағат ет» деп айтатын бір адам керек.

Жаңа хандар туралы айттыңыз ғой, ата-бабамызда «хан талау» деген дәстүр болған. Ханды сайлап, ақ киізге орап, көтерген кезде қанша малы бар соны халыққа бөліп, таратып берген. Қалған жыртық шапанын ғана киіз үйге іліп қояды.  Бұл жыртық шапан әр кіріп-шыққан сайын «маған дүниені халық берді. Сондықтан халық үшін қызмет етуім керек» дегенді есіне түсіріп тұрады. Ал біздің шенеуніктер көктен түскендей, «маған оны әкем берді, басқа  берді» дейді.

Қазір қандай қызметте жүрсіз?

– Біріншіден, өзім жекеменшік консалтингтік компания аштым. Сол арқылы жобалық менеджментті енгізіп жатырмын. Екіншіден, наурыз айында Президент әкімшілігі Мемлекеттік қызмет академиясында Жобалық менеджментті енгізу орталығын басқаруға шақырды. Қазір осындамын.

Жалпы, біздің билік тармағы былық-шылықтан көз ашпайды. Егер тағы ұсыныс жасап шақырса, барар ма едіңіз?

– Жобалық менеджменттің бір тәсілі – сен қай жерде, қандай қызметте істеп жатырсың, ол маңызды емес. Ең маңыздысы – сенің не істеп жүргенің. Мысалы, өзім мемлекеттік қызметтен тыс жүрсем де, бірақ жобалық менеджмент арқылы мемлекеттік қызметке көбірек пайда әкеліп жатырмын. Менің өмірлік ұстанымым осы. Қазір ең дамыған алдыңғы мемлекеттердің бәрі желілік модель арқылы халықпен ашық жұмыс істейді. Жобаны бірге жасайды. Ал бізде Кеңес одағынан қалып қойған армиялық құрылым әлі келе жатыр. Министр, вице-министр, комитет, басқарма, бөлім деп кете береді. 100 жыл болды, осы жүйеден шыға алмай келеміз. Ал басқа мемлекеттер бұдан арылып, желілік модельге көшіп, азаматтық қоғаммен, бизнес құрылыммен бірлесіп жұмыс істейді. Біздің мемлекет те осыған көшу керек. Өзім осы жүйені қолдап, енгізуге бүкіл күш-жігерімді жұмсап жатырмын. 

Тегтер: