24 Шілде 06:41
...

Шенділердің қандай дәрі қабылдағаны да құпия ма?

Фото:

Оқырманның есінде болуы тиіс, маусым айында біз «Шенділердің қайда емделетіні НЕГЕ құпия?» тақырыбымен мақала жариялағанбыз. Себебі жоғары билікте де коронавирус жұқтырғандар көп болғанымен, олардың қай ауруханада, қандай медициналық мекемеде ем қабылдап жатқаны туралы тұтамдай дерек айтылмаған. Әлі де айтылып жатқан жоқ. Ендеше, бүгінгі әңгімемізді сол тақырыптың жалғасы деп ұғыңыз.

Күні кеше үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында жалпы төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін өскені, провизорлық төсек-орын тапшылығы 20%-ға және реанимациялық төсек-орын тапшылығы 6%-ға кемігені айтылды. Бірақ бұл жағдай тұрақтанды, төсек-орын толық шешілді дегенді білдірмейді. Індет жұқтырғандардың басым бөлігі үй жағдайында емделіп жатыр. Қарапайым халық қандай препаратты қабылдарын білмей дал. Ел ішінде бойындағы дертті ит пен суырдың майымен «сылып тастағысы» келетіндер, кірпінің етін жеп, сауығуды көздегендер де кездесіп жатыр.

Бір есептен, оларды да айыптаудың жөні жоқ. Дауасыз дерт Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасын қайта-қайта өзгертуге мәжбүр етті. 16 маусымда тоғызыншы мәрте түзелген хаттамаға екі апта өткен соң қайта өзгеріс енген еді. Күні кеше он бірінші рет түзетулер енгізілді. Мутацияға жиі ұшырайды делінген қауіпті вируспен күресте оған қарсы қолданылатын ем-домның да құбылуы заңдылық шығар.

Дегенмен аңдаусызда індет жұқтырып, төсекке таңылған қарапайым жұртшылық үшін өзгелердің қалай жазылып шыққаны маңызды. Өйткені олар «өзгенің жанын сақтап қалған дәрі-дәрмек маған да көмектесер» деп үміттенеді. Осыдан кейін де болар, өзінің қауіпті дертті қалай жеңгенін көппен бөлісіп жатқан жандар аз емес. Мәселен, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай әлеуметтік желідегі парақшасында «Цевтазидим» (укол) алғанын, ал «Алувиядан» бас тартқанын жазыпты.

Р.Жақсыбай

Ал меркілік дәрігер Толқынай Ордабаева: «Өздігімнен емделіп, жұмысқа барып жүрдім. Өзім жұқпалы аурулар дәрігері болғандықтан, үйде температураны түсіру үшін «Парацетамол» ішіп алатынмын. Сондай-ақ «Гроприносин», «Ацикловир» препараттарын, «Азитромицин» антибиотигін іштім» дейді.

Алайда дәрігер келесі күні ауруханаға түскен. «Маған «Алувиа» препаратын ішкізді. Ол диареяны күшейтті. Сондай-ақ одан ұйқы қысып, қолым дірілдеп, басым қатты ауыра бастады. Бұл – препарат өте ауыр, АИТВ инфекциясын жұқтырғанда беріледі. Мен бұған қатты алаңдадым», – дейді Толқынай Ордабаева.

Т.Ордабаева

Осыдан бір апта бұрын Nege.kz тілшісі, әріптесіміз Дәнеш Ұзақбай әлеуметтік желіде «Біз қалай емделдік?» деген тақырыппен жазба қалдырған. Онда журналист «ауруханада Шымкентте шығатын ЦЕФ 3 пен қытайлық физиологиялық ертінді, сосын шприцтен басқа дым жоқ!» екенін, «Фраксипарин»,  «Либоксин», «Ингавирин» препараттарын іздеп, табанынан тозғанын, соңында дәрігерлерге ұсыныс білдіріп, емдеу тәсілін өзгертуге қол жеткізгенін, сөйтіп жұбайын аман алып қалғанын» айтқан еді.

Осы жазбаны бірнеше күннің ішінде 200-ге жүзге жуық адам бөлісіп, 150-ге тарта адам пікір білдірген екен. Бұдан не ұғуға болады? Халық қандай дәрі-дәрмек қабылдарын білмейді, жалғыз үміті – өзгелерге көмектескен препарат мені де дертімнен айықтырар деп сенім артады. Ал сенім – үлкен күш.

Жоғарыда айтқанымыздай, қауіпті вирус жоғары билік өкілдерін де аяп жатқан жоқ. Елбасынан бастап елге билік жүргізіп отырғандардың талайы орындарынан бір-бір аунап тұрды. Бұл қатарда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, оның бұрынғы орынбасары Камалжан Надыров, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, Теміртаудың  әкімі Ғалым Әшімов, жуырда ғана жағдайы жақсарды делінген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, тағысын тағылар бар.

Nege.kz коллажы

Бір қызығы, сауығып шығып, қызметіне қайта оралған шенділердің қайда емделгенімен қоса, нендей дәріден дауа тапқаны туралы да дерек жоқ.  Әрине, жоғары билік өкілдерінің «ақшаның көзіне қарамай, жеке клиникада емделдім», болмаса «бәлен аурухананың атшаптырым палатасында жалғыз өзім жаттым» демейтіні белгілі ғой. Бірақ қандай препарат қабылдағанын жария қылғанда тұрған не бар? Оған қанша уақыт кетеді? Гүлшара Әбдіхалықованың жолды жаптырғанындай-ақ уақытта сырқаттарға сауап боларлық қанша кеңес айтып тастауға болады?

Жалғыз шенеуніктер емес, өзін халықтың қалаулысы санайтын депутаттар да бұл туралы ештеңе айтпайды. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мен депутат Бекболат Тілеуханның да қандай дәрі-дәрмектен дәру тапқаны жұрт үшін жұмбақ.

Әрине, ірі қызметтегі адамның «мына дәріні қабылдадым» дегені фармкомпанияларға жарнама жасағандай әсер қалдыруы да мүмкін. Бірақ қазір оған қарап жататын заман ба? Адам өмірін сақтап қалудан артық қандай ортақ мүдде болуы тиіс?

Әлде біздің шенділер «өздері сұрамаса, не деп айтамыз?» дей ме? Ендеше сұрадық, жоғарыда аты аталған кісілер, айтыңыздаршы: Сіздер қандай дәрі-дәрмекпен емделдіңіздер? Мүмкін сіздерді сақайтқан препараттар мыңдаған қазақстандықтың өмірін сақтап қалатын шығар?!  

Тегтер: