10 Ақпан 21:30
...

Сенатор Әли Бектаев жастардың бәрін «террористке» теңей ме?

Фото:

Сенатор Әли Бектаев діни ахуалды бақылауға алып, қатал шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, кешегі қаралы қаңтарда митингіге шыққан жастардың басым бөлігі деструктивті діни ағымдармен байланысы болуы мүмкін.

«Биылғы жыл еліміз үшін күрделі ахуалмен басталды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты бейбіт шеруін қылмыстық және деструктивті ағымдағы топтар өз мүдделеріне пайдаланып кетті. Арты трагедияға ұласып, жазықсыз жандар зардап шекті. Бұл оқиға халыққа да, билікке де үлкен сабақ болды», – деді Бектаев сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бұзақыларға ергендердің басым бөлігі жастар болғанын ерекше атап өтті. Осының өзі жастар саясаты саласындағы олқылықтың бар екенін көрсетіп отыр.

«Сонда қай жерден қателестік? Осыған дейін жастар саясаты үшін бөлінген қаржы мен төгілген «тердің» нәтижесі қайда? Расымен, сол жұмыстың бәрі науқаншылыққа жол беріп, алаулатып-жалаулатып өткізген бір күндік шаралармен шектелгені ме? Ашығын айту керек, қасіретті қаңтар еліміздегі ұлттық идеологияның ақсап тұрғанын да анық көрсетті», – деп атап көрсетті Бектаев.

«Жыл басында болған оқиғаларға деструктивті діни ұйымдардың қатысы бар екендігі анықталып отыр. Қоғамда бірнеше жылдан бері айтылып, талқыланып келсе де, бұл мәселеге қатысты қатаң шешімдер қабылданбай келеді. Есесіне біздің дәстүрлі дінімізді, имамдарды, мемлекеттік құрылымдарды мойындай бермейтін, өзі де, сөзі де басқа, жүрісі де, тұрысы да бөлек адамдар көбейді. Олардың немен айналысып жүргенін ешкім білмейді. Тіпті, құзырлы органдардың өздері шарасыздық танытады», – деді тағы Бектаев.

Сенатор діни ахуалды бақылауға алып, рұқсат етілмеген деструктивті діни ағымдармен күресудің нақты және қатал шараларын қабылдау қажеттігін жеткізді. Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Бектаев жастар арасындағы жұмыссыздыққа қатысты жалған статистиканы жоюға үндеді.

Әли Бектаевтың пікіріне келісетін де, келіспейтін де тұс көп. Бұл жерде митингіге шыққан жастардың талабына назар аудару керек. Елде жұмыссыздық белең алған. Жоғары білімі бар қаншама жастар жұмыс таба алмай жүр. Көп жерде парамен жұмысқа қабылдау «дәстүрінің» мұрты бұзылмаған әлі. «Жастар практикасы», «Жұмыспен қамту» бағдарламаалары жұмыссыздық мәселесін тек цифрмен ғана «шешіп» қойған. Шын мәнінде, едәуір қаржы бөлінген осы жобалар іс жүзінде кәдеге асқан жоқ. Өкініштісі, оған Бектаев сияқты депутаттардың көзі енді жетіп жатқан сияқты.

Екіншіден, митингіге өз талаптарын айтуға шыққан жастардың дені жат діни ағымның жетегінде кеткенін дәлелдейтін факт керек. Алып-ұшып тұрған жастарды бәзбір топ өкілдері өз мақсатына пайдаланып кетті десе сенуге болады. Ал «небәрі 16-20 жастағы жастардың деструктивті діни ағымдарға қатысы болуы мүмкін» деген тек долбар ғана.

Балғабек Мырзаев, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

Намаз оқып, дінге бет бұрғандардың барлығын радикал деуге болмайды

– Біріншіден, митингіге нақты кімдердің шыққанын және діни алауыздық тудырған сөздертің айтылған немесе айтылмағанын білмеймін. Ол жерде радикалдық белгісіз топ болуы мүмкін. Ал митингіге шыққанның бәрі діндар, намазхан деген сөзбен келіспеймін. Бірақ радикал топтардың өкілдері болды деп ойлаймын. Солар алаңға жиналғандарға әртүрлі діни ұрандарды айтқызып, арандатуы мүмкін.

Әрине, жастардың дінге деген қызығушылығы жоғары екенін көріп жүрміз. Әлеуметтік зерттеу арқылы да олардың дінге бейім екені анықталған. Дегенмен, намаз оқып, дінге бет бұрғандардың барлығын радикал деп айта алмаймыз. Адам намаз оқыса, жеке басы үшін. Ал митингіде арандатқандар – лаңкестер. Сондайларға кейбір жастар қызбалықпен еріп кететінін де жоққа шығаруға болмайды.   

Екіншіден, азаматтар қанша жерден діндар болсын, басқа болсын, олар өзінің құқығын білуі керек еді. Оның жауапкершілігі қандай? Бұл тұрғыда заң не дейді? Өкінішке қарай, жастардың көпшілігі діни жағынан да, заң жағынан да сауаты таяз. Салдарын ойлай бермейді. Осы сауатсыздық белгілі бір рөл ойнады. Бір сәттік эмоциямен келеңсіз оқиғаларға тап болуы мүмкін. Әрине, жастарға назар аудару керек. Олардың діни сауатын, білімін зерттеу маңызды. Өйткені, жастардың зайырлы, заманалы, дінтану тұрғысынан сауатының төмендігі олардың радикалдануына ықпалы күштірек болады.

Тағы бір мәселе – әлеуметтік түйткіл. Бәрі үлкен қалаларға көшіп, сонда тұрғысы келеді. Бірақ білім деңгейі, алған мамандығы сәйкес келе ме? Меніңше, жастарды ауданда, ауылды жерде ұстап қалу үшін шаралар қабылдау қажет. Өндіріс, жұмыс орындары ашылса, қалаға сенделмес еді ғой. Бір айта кетерлігі, халықтың көбі жақсы ниетпен шықты. Бірақ солардың дұрыс ниетін басқа бағытқа бұрып кеткендер болғаны анық.

Хасан Аманқұл, ҚМДБ  Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі:

Жеке кездесудің нәтижесінде 219 тұлға ханафи мәзһабына өтті

– 2021 жылы деструктивті діни ағымдар идеологияларының таралуына қарсы жалпы профилактикалық іс-шаралар аясында 9 054 676 адамды қамтыған 10 782 іс-шара ұйымдастырылды. Мүфтияттың діни оңалту бағытындағы қызметкерлері 5 273 адаммен 5 973 жеке ықпал ету акциясын (жеке кездесулер) өткізген. Аталған акциялар нәтижесінде 219 тұлға ханафи мәзһабына өтті және арнайы мамандармен бірлесіп қорытынды шығаруы барысында 414 тұлға оңалды.

Негізінде біздің елде діни оңалту жұмысын үйлестіруші орган – Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті, жергілікті Дін істері басқармалары.

Сондай-ақ, діни оңалту жұмысы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маңызды бағыттарының бірі.

Діни оңалту жұмысы екі бағыт бойынша жүзеге асады: еркіндікте жүрген және түзеу мекемелеріндегі діни баптармен сотталған жат діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтарды райынан қайтарып, оларға дәстүрлі дініміздің сенімі мен ұстанымын сіңіру. 

2021 жылы ҚМДБ-ның діни оңалту ісіне жауапты қызметкерлері 7466 деструктивті діни ағым өкілімен жұмыс істеді. Оның 514-і бұрынғы райынан қайтып толық оңалды, ал 333-і дәстүрлі дінімізге бейімделіп келеді.

Сонымен қатар, осы жылы діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған 10782 іс шара өткізілді, Республика бойынша (лекция, семинар және аудио, видео, дәстүрлі форматтағы уағыз-насихат, сабақтар т.б) ұйымдастырылды.

ҚР ІІМ ҚАЖК түзету мекемелерінде 2193 адамды қамтыған 2756 жеке ықпал ету акциясы ұйымдастырылды. Атқарылған акциялар нәтижесінде 114 жазасын өтеуші азамат дәстүрлі Ханафи мазһабына өтті, сондай-ақ, жазасын өтеуші 120 азамат оңалды, яғни оларға діни оңалту бағытына өкілетті мемлекеттік органдардың мамандарымен бірлесіп «қазақстандық қоғамдық құндылықтарға бейімделіп, ханафи мәзһабын қайта ұстанып, деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартты» деген қорытынды шығарылды.

P.S. Жастар – қоғамның белсенді буыны. Оларға айтылатын сын да, пікір де көп. Кешегі қаңтар қырғынында зардап шеккен де 18-29 арасындағы жастар. Алайда, «олардың діни ағымдарға деген иммунитеті жоқ» деп кесіп айтуға да болмайды. Олардың талабы да, мұң-мұқтажы да басқа еді. Бірақ «Екі түйе сүйкенсе, шыбын өледі» демекші, билік пен белгілі бір топтың мүдде «ойыны» жастарды орға жықты. Сонда да оларды террорист дей ме?   

Тегтер: