28 Қараша 12:23

Вирусолог аса қауіпті штамдар сақтайтын қойманың бізге не үшін қажет екенін айтты

Фото:
Nege.kz порталы белгілі журналист Әміржан Қосанның 

«Үкімет «аса қауіпті штаммдар коллекциясын» Жамбыл жерінде сақтамақ!» атты мақаласын жариялаған еді.

Онда Қазақстанда да Қытайдың Ухань қаласындағыдай қауіпті штамдарды сақтайтын зертхана салынатындығы айтылды. Бұл туралы Үкіметтің арнайы қаулысы да шықты. Құжат «Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етпейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2225 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» деп аталса, салынатын нысанның атауы – BSL-4 зертханасы мен қауіпті және аса қауіпті штамдарға арналған жерасты қоймасы. 

Сонымен, ҚР Премьер-министрі орынбасарының 25.10.2021  жылғы №21-06/05-2986 тапсырмасы негізінде 2025 жылдың төртінші тоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентінде қауіпті және аса қауіпті штаммдар коллекциясы үшін жерасты қоймасы бар BSL-4 биоқауіпсіздік зертханасы салынады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың түсіндірме жазбасында нысанды жобалау және пайдалануға беру уақытын нақтылау тапсырмасын вице-премьер Ералы Тоғжанов бергені айтылған.

Ал Денсаулық сақтау министрі А.Цой қауіпті штамдар сақталатын биозертхананың не үшін керегі туралы «Қазір бұл мәселе пысықталып жатыр. Мемлекетте орналасқан кез келген зертхананы толығымен Қазақстан басқарады. Қазіргі таңда қаржыландыру мәселесі пысықталуда.

Иә, мемлекет есебінен қаржыландырылады, мұның қаншалықты қажет екені зерделену үстінде», – деді БАҚ өкілдеріне. 

Сондай-ақ, министр «Бізде BSL-3 зертханасы бар. Айта кетері, ол биоқауіпсіздіктің үшінші деңгейіне ие. Ол COVID сияқты штамдарды зерттеумен айналысады. Осы зертхананың арқасында біз вакцинаны тез дайындап шығардық, штамдарға ден қою үшін диагностика әзірледік. Ал қарапайым зертханада қауіпті штамдармен жұмыс істеу мүмкін емес, себебі олар жұқпалы», – деп толықтырды.

Бұл зертхана әлі күнге қарсы күресетін екпесі не емі жоқ өлімге алып келетін ауру түрлерін терең зерделеу үшін аса қажет дейді мамандар. Сондай-ақ, олар зертхана адамзат баласына зиян әкелетін биологиялық қауіптен сақтануды, қоршаған орта мен тұрғындарды эпидемиологиялық факторлардан қорғауды, дәлірегінде мемлекеттің биологиялық негізгі жүйесін қамтамасыз етуді қолға алатынын айтады.

Nege.kz тілшісі елімізде салынатын биозертхана кешені жөнінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі, вирусолог-ғалым Леспек Құтымбетовтен сұрады.

Леспек Құтымбетов, вирусолог:

Аса қауіпті аурулар – соғыспен бірдей

 

Леспек Бекболатұлы, Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентінде салынатын қауіпті және аса қауіпті штаммдар коллекциясы үшін жерасты қоймасы бар BSL-4 биоқауіпсіздік зертханасы жайында не білгеніңіз бар?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталды. «Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құрылуы тиіс. Бұл шара тиісті заң жобасында қарастырылған. Парламенттен осы заң жобасын қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды сұраймын. Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90%-ға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек», – деген болатын.

Демек, дәл қазіргі кезде аса қауіпті аурулардың қоздырғышын сақтайтын арнайы зертханалар болуы тиіс. Мұндай биокешен ауадай қажет. Соның арқасында вакцинаны, диагностикалық препараттарды дайындауға мүмкіндік туады.

Айта кетерлігі, біздің институт сияқты мекемелер экономикалық ахуалы жоғары елдерде ғана бар. Орта Азия бойынша Қазақстанда ғана ашылғанын мақтан етуге болады. Биоқауіпсіздік мәселесі өршіп тұр. Оның үстіне ертеңгі күні ковид сияқты тағы басқа вирус шығуы мүмкін. Бәріне дайын болуымыз керек.  

Биоқауіпсіздік деген не? Бұрын вирус Африка елдерінде көп тараса, қазір Ұлыбританиядан да шығып жатыр. Адам саны көбейген сайын, жаһандану деңгейінде аралас-құралас артқан сайын жұқпалы аурулардың жылдам таралуына мүмкіндік артты. Сол себептен басты назарды биоқауіпсіздікке аудару керек. Мұны ДСҰ да қадағалап отырады. Шетелде шыққан вирустарды да ДСҰ мәліметі бойынша бақылауда ұстаймыз.

– Биозертхана кешенінің негізгі міндетіне не кіруі тиіс?

– Кезінде кейбір мал ауруы да адам денсаулығына зиянын тигізген. Мал ма, адам ба, індет бір-біріне жұғып, араласып кетуі мүмкін. Сондықтан жануарлар арасында тарап жатқан вирусты да тексереміз. Егер елге қауіп төнетін жағдай туындаса, Үкіметке арнайы ұсыныс жасап, ғылыми бағдарламалармен жұмыс істеп, соған қарсы биологиялық препараттар өндіреміз. Соның бірі – бір жыл ішінде дайындалған QazVak вакцинасы. Оның өндірісі жоғары болуы үшін арнайы зауыт салынды.

– Демек, сіздіңше мұндай биозертхана ауадай қажет қой...

– Шын мәнінде, адамды қырып кететін ковидтен де басқа қауіпті індет көп.  Соған қарсы тұру үшін бізге ізденістік және өндірістік база жоғары болуы тиіс. Сосын аса қауіпті аурудың қоздырғышын сақтап отырудың өзі оңай емес. Оны арнайы температурада сақтау режимі керек. Ең бастысы, ел арасына тарап кетпеуі үшін сақтап отыру қажет. Ол үшін зертханалық және өндірістік орынның болғаны маңызды. Сондықтан Кеңес үкіметі кезінде біздің институттың өзін бекер айдалаға салған жоқ. Себебі, аса қауіпті ауруларды сақтаған жердің айналасында ел-жұрт жақын орналаспауы керек. Құдай бетін ары қылсын, егер қателесіп немесе басқа жағдайдың салдарынан сақтау орнынан вирус шығып кетсе, бәріне қауіп төндіруі мүмкін. Шалғайда болғандықтан қорғанудың мүмкіндігі, ауруды сыртқа шығарып жеңудің мүмкіндігі жоғары. Үкімет зертхананы да осы аумақтан салу туралы шешім қабылдады. Біз қолдап отырмыз.

Биоқауіпсіздікті сақтау – үлкен мәселе. Аса қауіпті аурулар – соғыспен бірдей, тіпті соғыстан да бетер болады. Соғыста адамдар бір-біріне бетпе-бет келіп, қырылып жатады. Ал мынау – тілсіз жау. Бәріміз коронавирустың қай жақтан келетінін білмей қалдық қой.

Маска киіп жалтақтап жүрдік. Мысалы, бұған дейін коронавирустың «Mers» деген «туыс» вирусы шыққан. Сол тараған кезде адамның өлімі 37 пайыз болды. Яғни, 100 адам ауырса, 37 адам о дүниелік болады. Бұл деген масқара ғой. Бүгінге дейін әп-сәтте әлемге тарап кеткен вирустың қаншама штамы пайда болды. Тағы да анықталып жатыр. Сондықтан ертең қандай індет тарайтынын ешкім білмейді. Бірақ біз соған алдын ала дайын тұруымыз керек.

– Пікіріңізге рақмет! 

Тегтер: