1 Сәуір 07:25
...

Тұңғыш Кесебаев, дәрігер: Біз қатардағы жауынгер сияқтымыз

Фото:

Бізге ғана емес, бүкіл әлемге тұтқиылдан келген індет біраз құндылықтарды өзгертетін сияқты. Яғни, бұдан былай "карантинге дейінгі" және "карантиннен кейінгі" деп әңгіме бастайтын да шығармыз, кім білсін?! Шын мәнінде, біздің қоғам бүгінге дейін қандай еді? Біз адам жанын арашалап қалуға күш салатын дәрігерге қалай қарадық? "Ақ халатты абзал жан" деп сөз жүзінде құрмет көрсеткенмен, өз биігіне шығара алдық па? 

Жақында Nege.kz порталында "Рахмет саған, дәрігер!" деген атпен қарусыз майданда індетпен күресіп жүрген алматылық дәрігерлердің фоторепортажы жарияланды. Сол фотоның авторы, Түрксіб ауданындағы Көпбейінді инфекцияға қарсы медициналық орталығының дәрігері Тұңғыш Кесебаевты аз-кем әңгімеге тартқан едік. Ол кейбір сауалдарға жауап беруден бас тартса да, біраз жайттан хабардар етті. 

– Біздің ауруханада коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болған адамдар бар. Ал емделушілер инфекциялық аурухана. Олардың кім екенін, қандай дәрі-дәрмекпен емдеп жатқаны жайындағы сауалға Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ғана жауап бере алады. 

– Ауруханада түскен фотоларыңыз біраз адамның жүрегін қозғады. Өздеріңіз түсірдіңіздер ғой...  

– Иә, көрдім. Бірталай ақпарат құралы жариялапты. Сіздерге көп рахмет! Ол фотолар дәрігердің мақсаты мен жұмысын көрсету тұрғысынан түсірілді. Себебі, көп адам "дәрігерлер тарапынан ештеңе істеліп жатқан жоқ" деп ойлайды. Неге? Өйткені, дәрігерлердің жұмысы жайында ақпарат аз. Солардың көзін ашқымыз келді. 

– Карантинде жатқандар науқаспен тікелей қарым-қатынаста болған адамдар. Сіздер қалай сақтанып жүрсіздер?

– Негізінен олар – дені сау адамдар. Алайда, науқаспен байланыста болған соң осында жатыр. Аурудың белгілері бар ма, жоқ па, бақылаймыз. Егер күмәнді жағдай туындаса, анализ алып, анықтаймыз. Әрине, коронавирус инфекциясының өзімізге де жұғып кету қаупі жоғары. Бізді арнайы қорғаныш киім, респиратормен қамтамасыз етті. Барынша сақтанып жүрміз.  

– Жұмысты ауруханада жатып істейсіздер ғой... 

– Иә, отбасымды ауылға жібердім. Біз де карантиндегі соңғы адам шыққанша осында боламыз. 

– Қалай ойлайсыз, алдағы уақытта карантинге жатқызылатындардың саны көбейе ме, азая ма?  

– Жағдайдың қалай өрбіп тұрғанын сіздер бізден жақсы білесіздер. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов дертке қанша адам шалдығуы мүмкін екенін айтып, алгоритм құрып, жоспар жасады. Біз де соған сай әрекет етеміз. Қазір енгізілген қатаң режимдегі карантин де аурудың алдын алуға қарсы жасалып отыр. 

– Елімізде дәрігердің қауіпсіздігі, құқығы қорғалған ба?

– Бұл сауалыңызға жауап бере алмаймын. Дәрігерлер арасында кәсіби құпиялық деген бар. Оған қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жауап беруі тиіс. 

– Министр вирус жұқтырып алған дәрігерлерге 2 млн, ал қайтыс болған жағдайда отбасына 10 млн теңге беріледі деді. Сіздіңше, билік, халық дәрігердің қадірін енді түсініп жатқан жоқ па? 

– "Дәрігерлер жақсы не жаман" деген әңгіме бұған дейін де болды, қазір де бар, бұдан кейін де бола береді. Біздің дәрігерлердің ешқайсысы "коронавирус келе жатыр!" деп үйіне қашқан жоқ! Амбулаториялық емханаға барсаңыз да, дәрігерлер үздіксіз жұмыс істеуде. Созылмалы дертпен ауыратындарға қарайтын арнайы мобилді топ бар. Олар дәрі-дәрмегін үйлеріне жеткізіп береді. Стационарда да солай. Біріншіден, қазір дәрігерлер өзінің әлеуметтік, қаржылық жағдайын ойлап жатқан жоқ. Бәрі кәсіби ісіне адалдығын көрсетті. Екіншіден, біздің дәрігерлер бейбіт заманда дәрігер ретінде жұмыс істейді де, ал төтенше жағдай кезінде әскери қызметкерлер сияқты. Шынын айтқанда, біз қатардағы жауынгер сияқтымыз. Біз вирус жұқтырғандарды емдеуіміз керек. Себебі, егер кеш қимылдасақ, дер кезінде ем-дом жасамасақ, Италиядағы сияқты жағдайға ұласып кетсе, мемлекеттің экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайына өте үлкен зардабын тигізеді. Осыны дәрігерлер сезініп, қал-қадерінше күресіп жатыр. 
Әрине, бұдан кейін дәрігерлердің абырой-беделі көтеріледі. Қазір халық бұл жағдайдың әлемде қалай болып жатқанын көріп отыр. Бәрінің көзі ашық. Мысалы, Италияда дәрігер жетіспеген соң зейнетке шыққан әріптестерін шақырып жатыр. Құдайға шүкір, біз карантин режимін дер кезінде енгіздік, сол себептен қатты өршіген жоқ. Осы індетті жеңген соң, арнайы сараптамалар жасалып, дәрігерге берілетін нақты баға айтылатын шығар деп ойлаймын. 

– Біздің медицина осы індетке қарсы күресуге қауқарлы ма? Эпидемиолог, инфекционист мамандар жеткілікті ме?

– Дәл осы мамандардың жеткілікті не жеткіліксіздігі маған белгісіз. Алайда, бүгінде жедел жәрдем бригадасы, фельдшер бригадасы, стационардағы дәрігердің бәрі инфекционист сияқты жұмыс істеуде. Себебі, дәл қазіргі жағдай бізден соны талап етіп отыр.

Т.Әбілдаев 

Дәрігер Тұңғыш Кесебаевпен сөйлесіп болған соң, індетке қарсы күресіп жүрген ақ халаттылардың жағдайын білу үшін Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевқа телефон соғып, "Коронавирус жұқтырып алған дәрігерлер де бар екені айтылды, солар туралы не айтасыз?" деген сауал қойғанбыз. Ол: "Мен ешкімге де жауап бермеймін. Баспасөз хатшыма хабарласыңыз" деді. Осы сәтті пайдаланып, баспасөз хатшысының мемлекеттік тілде сөйлемейтінін ескертіп едім, "басқа адамым жоқ менің" деп тұтқаны қоя салды... 

Тегтер: