22 Қараша 13:49

Исмайл Хаджимуратов: Қазақ халқынан ешбір ұлт зардап шеккен жоқ

Фото:

Елімізде 1995 жылдан бері татулық пен бірлікті, ұлттар достығы мен ынтымағын мансұқ ететін Қазақстан халқы ассамблеясының атқаратын қызметі мен міндеті зор болуы тиіс. Тіпті, ұйымның қоғамдық-саяси жүйеде алатын орны мен рөлі де арнайы заңмен бекітілген. Мемлекет құру­шы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дә­ріптеу арқылы диас­поралар мәдениетінің сақ­талуына жағ­дай жасау, қоғамдық ке­лі­сімді қол­дау және да­мыту сияқты міндеттері бар ұйымның бүгінгі қызметіне берілетін баға қандай?  

Бұл туралы Жамбыл облыстық Қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің өкілі Исмайл Хаджимұратовпен әңгімелескен едік.

Мен ассамблеяға қалай келдім?

– Жамбыл облыстық Қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің және Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі, Жамбыл облысы Желтоқсан-86 қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасарымын. Үш қоғамдық жұмысты атқарып келемін. Таяуда ғана жеті баласымен пәтер жалдап жүрген жалғызбасты ананың отбасына жылы киім-кешек пен азық-түлік жеткіздік. Желтоқсан-86 қоғамдық бірлестігі төрт айдың жылу жүйесінің қаражатын төлеп тұратын болды. Сондай-ақ, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай, Тараз қаласы мен бес ауданда желтоқсан қаһармандарының портретін орнаттық.  

Өзіме келсем, әкем – қазақ, анам – қарашай. Соғыс жүріп жатқан 1943 жылдың қарашасында қарашайларды бір түнде қылмыскер сияқты жер аударып жіберген. Анам сол жылы қазақ жеріне мал артатын вагонмен келіпті. Сонда жол-жөнекей адамның жаны түршігерлік жағдайды өз көзімен көргенін айтатын. Ол кезде жасы небәрі 19-да екен.

Жанында ата-анасы, екі інісі, сіңлісі бар. Жолда төрт күн жүріп келіпті. Айтуынша, төрт күн бойы вагонның есігі ашылмаған. Жол бойы өлген қариялар, сәбилерді бірінің үстіне бірін текшелеп жинай беріпті. Волга өзеніне келіп тоқтағанда ғана есік ашып, мәйіттерді жақындарының көзінше Волга өзеніне лақтырған екен. Тірі келгені 60 пайыз, 40 пайызы жолда өлген. Сол кезде бүкіл эшелонның күңіренгенін өмір бойы айтып өтті шешем. Сөйтіп, тағы үш-төрт күн жүріп, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы қазіргі Аса, бұрынғы Жетітөбе ауылына атбасын тірепті.  Аттылы, өгіз арбалы, түйелі қазақ ұлтының өкілдері күтіп алып, үйлеріне апарып, паналатқан.

Сол кезде анам мен оның туыстарын қариялар Әпсейіт пен Әзімгүл апаның отбасы үйіне кіргізіпті. Әпсейіт ақсақал соғыста болып, кейін аман-есен оралған. Қоржын тамының бір бөлмесінде анам отбасымен тұрған. Міне, сол кісілерге анам өле-өлгенше алғысын айтып кетті.

Тіпті, 1957 жылдары Кавказға қарашайлар көшіп кеткен кезде, анам Әзімгүл апаның үйін «төркінім» деп араласты. Әбсейіт ақсақалдың баласы Омарсейіт менің шешемді «әпке» дейтін. «Неге әпке дейді?» деп түсінбейтінмін. Бұл туралы анам: «Ол кезде Омарсейіт бала еді, үнемі әкемнің қойнына жататын. Сосын жақын бауырдай болып кеттік», – дейтін.

Анам Муслимат Хажымұратқызы Шидакова 2011 жылы 89 жасында дүиеден озды. Өмірге жеті ұрпақ әкеліп, бәрін оқытты, үй-жайлы қылды. Содан 34 немере, 12 шөбере көріп өтті. Кейде «Бір қарашайдың қызы қазаққа осындай үлес қосып кетті» деп әзілдейтінім бар.

Бөгде елге келсе де, аянбай еңбек еткен анам қызылша жинаудан рекорд жасап,  Еңбек қызыл ту орденінің иегері, 1945 жылы тылдағы еңбегі үшін медалінің иегері атанды. Көпбалалы анам жыл сайын Құрмет грамотасымен марапатталатын.

19 жыл қарашай болып, қалған 70 жылын қазақ болып өткізген анам өмірінің соңына дейін «Қазақ сияқты халық жоқ. Қазақтай ұлт жоқ. Қазақ халқының ұсынған дәмін ұмытуға болмайды. Қазақ халқының пейілін ұмытуға болмайды» деп өтті. Қазақ халқының мейірбандылығын, кішіпейілділігін, ізеті мен сыйластығын әркез аузынан тастамайтын. Соның бәрі көкірегімде жатталып қалды. 

Қазір өзім де қандай басқосу, көпшілік жұрт жиналған жерде анамның осы өсиетін айта жүруді парыз санаймын. Мұның бәрі – тарих, болашақ ұрпақ үшін тағылымды өнеге. Тарих ұрпаққа сабақ болуы керек.

Қазақ елін, жерін паналаған кез келген ұлт анам көрген қиындықты көрді. Олар да менің анам сияқты өмір бойы ұрпағына айтып отыруы керек. Сонда ғана ортамызда татулық, бейбітшілік орнайды. Міне, өз басым анамның қазақ ұлтына, халқына деген ықылас-ниеті мен ізет-сүйіспеншілігі үшін ассамблеяға мүше болдым.

Әр ұлт қазақтың киелі жұрты мен тілін сыйлауға міндетті

– Қарашай-балқар этнобірлестігі орталығы 2010 жылы құрылды. Оның төрайымы – Леля Ахмадқызы Узденова. Он бір жыл уақыт өте шығыпты. Этнобірлестік қарашай-балқар ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап келеді. Түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырады. Бұл жағынан көп жұмыс атқарылады. Ал өзім бұл орталыққа не үшін келдім?

Біріншіден, Леля қарындасым басшылық қызметке келген соң, алғашқы кезде көмек қолын бердім. Әуелгіде жұмысты неден бастау керегін түсінбей, кібіртіктеген еді. Аудандарды, үй-үйді араладық. Керекті мәліметтің бәрін жинадық. Соның арқасында барлық ауданмен байланыс орнады.

Әр ұлт өзінің шыққан тегін, салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін болашақ ұрпақ үшін насихаттауы керек. Бірақ оны саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Саясатқа айналдыру деген не? Мәселен, кей жерде түрлі ұлт өкілдері арасында қақтығыс болып жатса, соның бәрін қылмыс деп санауды доғару керек деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім.

Қылмыстық іс кішігірім ауылдарда, қатар тұратын көршілердің арасында да болады. Ал әлгіндей оқиғаның шеті шықса, бірден ұлтқа бөліну туралы әңгіме шығатыны жасырын емес. Осы жерде мына нәрсеге екпін түсіріп айтқым келеді. Алмағайып заманда бас сауғалап қазақ еліне келіп, паналағаннан кейін қазақтың киелі жұрты мен тілін сыйлауға міндетті. Себебі, қазақ топырағына табаны тиіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастырған  ұлттардың басына нәубет түсіп, ата-бабасы қиындық көрді, аштықты бастан кешті. Сонда қазақ халқы бір үзім нанын бөліп беріп, үйін паналатты. Ас-суын берді. Осыны қазіргі жастарға айту, жеткізе білу – ассамблеяның міндеті.

Дұңған ақсақалы қолымды алып, кешірім сұрады

– Қоғамда «Ассамблея керек пе, жоқ па?» деген сұрақтың қойылып келе жатқаны рас. Мұндай әңгіме қайдан шығады? Еліміздің кей өңірінде екі ұлт өкілі арасында қақтығыстар болып тұрады. Оған кім кінәлі? Меніңше, бұған сол ұлт ақсақалдары кінәлі деп есептеймін. Себебі, олар «Қазақстанға қалай келді?, «Жеп отырған наны дастарқанға қандай жолмен келді?», «Қазақ жеріне табан тіремес бұрын бастарынан қандай қиыншылық өтті?» деген мәселені балаларына, немерелеріне тұрақты, дәстүрлі түрде айтып отыруы керек. «Қазақпен көршіміз, қазақ халқымен сыйласып өтейік» деуі қажет.  

Әрине, әркім әр жаққа тартса, отырған елін, жерін, жергілікті ұлтты сыйламаса, қазақ халқы да реніш білдіреді. Сондықтан әр ұлт өзін сүйсін, салт-дәстүрі мен өткен тарихын білсін, бірақ қазақ еліне қалай келгені мен көрген жақсылығын ұмытпасын!

Бірінші, халықты ынтымаққа шақыру керек. Екінші, қазақ еліне ата-бабасының қалай келгенін тұрақты түрде айтып отыруы керек. Өскелең ұрпақты сыйластыққа тәрбиелеу қажет. Бір үйдің баласындай болған бірлікті сақтау үшін аға буын өкілдері тәрбиені отбасынан бастауы тиіс. Елімізде тұратын көптеген этностың жіберіп жатқан кемшілігі – отбасы, бала тәрбиесінде жатыр.

Жақында Алматы облысы, Панфилов ауданы, Пенжім ауылында болған жағдайда сеператистік көзқарас басым. Мұның астарында қазақтың жерін бөлшектеу туралы ой жатуы мүмкін. Себебі, ұйғыр ұлтының кейбір  өкілдері «өзіміздің көк туымыз, әнұранымыз бар» дейтін көрінеді. Бұл шындап келгенде қылмысқа жатады. Бұл қазақтың заңын, рәмізін сыйламағандық емес пе?! Олар арасындағы осындай жымысқы ойы барларды дер кезінде әшкерелеп отыруы керек еді. Ал Қазақстанды бөлшектеуге ешқашан жол беруге болмайды.

Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Масаншыда болған қазақтар мен дүгендер қақтығысына келсек, бұл – қордаланған, әбден титығы жеткен жайт. Себебі, дүнген балалары мектепке, не әскерге бармайды екен. Мұның бәрі Қазақстан мемлекетін сыйламау ғой. Жастар отандық борышын өтемесе, мектепте дұрыс білім алмаса, кішкентайынан қылмысқа үйір болса, бұған кім кінәлі? Әрине, ең алдымен өздері!

Мен айтар едім, қандай ұлт болсын қазақ халқынан зардап шеккені жоқ. Қазақ халқынан ешқандай жаманшылық көрген жоқ. Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі пленумының мүшесі ретінде «Ғибрат» керуенімен Қордай ауданы Масаншы ауылына бардық. Бір автобус адам барып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Соңынан дүнген ұлтының өкілдерін жинап, жиналыс өткіздік.

Сол кезде дүнген ақсалақы қазақ халқын кінәлап «Бізге сөйтеді, бүйтеді» деп сөйлеп жатты. Сосын шыдай алмай «Ақсақал, сіздің атыңыз кім? Сіздің балаларыңызды қазақтың балалары өздері келіп ұрып-соқты ма?» деп сұрадым. Жауап бере алмады. «Сонда сіз бағанадан бері не айтып отырсыз?» дедім.

«Шын мәнінде, жағдай керісінше ғой. Өрімдей қазақ балаларын дұңған балалары ұрып кетеді екен. Олар не істеді? Бұл не бассыздық?! Ал сіздерге сондай жасалды ма?» деп едім, ешкім ләм-мим деген жоқ. Бір кезде жиналыс бітіп, жұрт тарап жатқан кезде әлгі дүнген ақсақалы келіп қолымды алып, кешірім сұрады. Ұлттардың татулығы, бірлігі жайлы батырып айттым. «Дастарқан басында отырғанда балаларыңа, немерелеріңе әрқашан жеп отырған нанның қайдан келгенін құлақтарына құйып отыруларыңыз керек. Бүгінгі ұрпақ соны біліп, өсуі керек» дедім.

Ассамблея заңды түрде бағдарлама бекітсе деймін

– Ассамблея осындай кикілжіңді болдырмау жолын, амалын қарастыруы керек еді. Бұл – өте маңызды мәселе. Алдағы уақытта осы мәселені көтеріп, ойымды айтамын. Бәлкім, арнайы бағдарлама жасалуы керек. Өздерінің салт-дәтүрін, ән-биін көрсеткен жақсы, ал тәрбие жағын да назардан тыс қалдырмау керек. Қазақстанның заңын, тілін құрметтеуі тиіс. Осының бәрін енгізіп, заңды түрде бағдарлама бекітсе деймін. Соның аясында ұлтаралық қақтығысқа себеп болғандарды заңды түрде жазаға тарту қарастырылуы қажет.

Тегтер: