Бұрынғы судья Бекет Тұрғараев өзіне мавзолей салдырғаны рас па?
Әлеуметтік желіде бұрынғы судья Бекет Тұрғараевтың Қазығұртта «өзіне және әйеліне арнап салғызған мавзолейі» абың-күбің әңгіме болып жатыр.
Nege.kz тілшісі Б.Тұрғараевтың өзіне хабарласып, мавзолейдің жөн-жосығын сұрады.
– Сізді өзіне арнап «Бекет» деген кесене салдырыпты дейді ғой. Рас па?
– Иә, мавзолей салдырдым. Маңғыстаудағы әулие Бекет Мырзағұлұлының 270 жылдығына арнап салдырдым. Оның ішіне киелі кесенелерді орнаттық. «Қазақстандағы жалпы ұлттық қасиетті нысандар» деген кітаптан 20-30 панорамды сурет алып салғыздық.
Сосын келген туристерге түсінікті болу үшін қазақ, орыс, ағылшын тілінде мәлімет беретін аудио жазба бар. Олар Қазақстанды аралап көре алмайды ғой. Оның үстіне мавзолей Ташкент пен Шымкент тоғысатын үлкен жолдың бойында орналасқан. Бұл жолдан орыс та, қырғыз да, тәжік те, басқасы да өтіп жатыр. Біреу-міреуі бас сұғып, соға кетеді. Бұл – туризмді дамыту, туризмге деген көмек.
Фото: видеодан скриншот
– Кесененің ішінде кімдер жатыр?
– Ал енді оның ішіне әкемнің, шешемнің, әйелімнің бюстын қойғам. Бір бәлеқор соны көріп айтып еді, бәрі шулап кетті ғой. Шымкент былай тұрсын, Алматы, елордадан хабарласып жатыр.
– Шынында, Бекет Мырзағұлұлының мавзолейіне туғандарыңыздың бюстын не үшін қойдыңыз?
– Неге қоймаймын? Өзіңе сұрақ қояйыншы...
– Демек, кесене пір Бекеттікі емес, сіздікі ғой?
– Менікі болғанда, бұл – қордыкі. Жұрт әкесі әулие болса да, зорға көмеді. Ал менің оған шамам келеді. Мені туған, асыраған, тәрбиелеп, осы күнге жеткізген әкемді төбеме қойсам да, хақым бар. Адал еңбегім бар, шаруа қожалығымыз бар, су шығарамыз, басқа шығарамыз, дүниеміз жетеді. Біз миллиардты далаға шашып, шетелге асырып жатқан жоқпыз ғой. Халықтың игілігіне жұмсап жатырмыз.
– Бекет Мырзағұлұлының өңірге қатысы бар ма?
– Қожа Ахмет Ясауи – суфизмнің атасы. Ал Бекет ата Мырзағұлұлы – Ясауи ілімін дамытқан шәкірті. Бекет ата Маңғыстау мен Атырау өңіріне, жалғыз Адай руына ғана керек сияқты. Олай емес.
2010 жылы 210 жылдығына қарсы кесенесін қойып, Хиуадағы ұстаздарын шақырып, халықаралық конференция өткіздім. 2017 жылы пандемия болып, аталмай қалды. Бекет атаның 270 жылдығына орай Қырымбек Көшербаевтың бір мақаласы жарияланды. Басқа ештеңе өткен жоқ. Сол кезде өзім киелілер кесенесін салып жатыр едім, оған Бекет атаның атын бердім.
Кеше Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Шымкент қаласынан 300-ге жуық адам, оның ішінде адай ағайындар келіп, тәу етіп, ас беріп, зиярат жасап кетті. Міне, бізге Бекет ата не үшін керек?!
– Мавзолейде тағы кімдердің бюсті бар?
– Алаш арыстарының, яғни 9 адамның ескерткішін қойдым. Мағжан да, Ахмет те, Әлихан да тұр. Ал «олардың сізге не қатысы бар?» деген сөз тереңдікті білдіре ме? Олар – арманда кеткен қазақтың ұлылары.
Кеше президент Тоқаев: «Бұлар тәуелсіздік идеясы үшін құрбан болды. Сондықтан оларды жастарға, әлемге паш етуіміз керек», – деді. Мен де осы идеяны тірілттім.
– Сіздің есіміңіз де Бекет екен. Бұл кездейсоқтық па?
– Бекет деген – қасиетті есім. Мен де осы елге көп еңбек сіңірген адаммын. Әрбір адам өз атын құрмет тұтуы керек. Мыңдаған Нұрлан бар, мыңдаған Қайрат бар. Ал Бекет деген есім сирек кездеседі.
Мысалы, Маңғыстау өңірінде балаларына Бекет есімін қоймайды. Себебі, ол – әулие, оның атын қор қылуға болмайды. Ал мен өмірге келген 1947 жылы әкемнің мұғалім інісі Бекет деген есімді қойыпты.
Ұлылардың атын алған соң кір келтірмеу керек, ардақтау қажет. Ал менің қолымнан келді! Ауылым, халқым мақұлдады, біз соны істедік.
P.S. Әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты оқырмандардың бірі былай деп пікір қалдырыпты: «Маңғыстауда – пір Бекет, Қазығұртта – сот Бекет». Б.Тұрғараевтың ұзақ жылдар сот саласында қызмет еткенін меңзесе керек, сірә...