27 Тамыз 07:35

Бекболаттың «қарғыс тізімі» һәм депутаттың этикасы

Фото:

Қазақ ертеден баласын қарғыс алмай, елдің алғысын арқалауға тәрбиелеп келген халық. Адам аласы – ішінде. Шыққан жері мен өскен ортасынан тәрбие көріп өссе де, қиянат жасамай қоймайды.

Соңғы кездері осы «қарғыс айту» мен «қарғыс алудың» төңірегінде біраз пікірлер айтылып жатыр. Оған себеп те жоқ емес. Осыдан біраз күн бұрын әлеуметтік желіде Бекболат Тілеуханның журналисті қарғаған аудиожазбасы тараған-ды. Депутаттың бұлай қарғануына журналист Серік Боқанның жазбасы себеп болған.

Осы оқиғадан кейін әзіл-шыны аралас «Бекболаттың тізіміне» еніп кетпейік дегендер көбейді. Аудиожазбадағы қарғыстан аңғарғанымыз, Бекболат Тілеуханның қаңқу сөздерге сабыры таусылған сыңайлы. Өзіне қарсы шыққандарды тізімге енгізіп, ашықтан-ашық қарғауға көшкен.

Халық қалаулысы әрі ел алдында дінді уағыздап жүрген азаматтың осылай қарғауы дұрыс па? Бұл мәжілісменнің абыройына қаншалықты әсер етті? Кәсіби этикаға сай ма? Осы әрекеті үшін қандай да бір жаза қолданыла ма? Осы сауалдарға жауап алмақ болып Б.Тілеуханның жұмыс орны – Мәжіліске хабарласқан едік. Мәжілістің баспасөз қызметі бұл жағдай депутатының жеке шаруасы екенін, мұндай «болмашы» оқиғаларға жауап бермейтінін айтты. Алайда депутаттың Мәжілістегі жұмысына қатысты сауалдар болса, жауап беруге әзір екенін жеткізді.

Дәл осы сауалдармен «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметінен де хабарластық. Праймеризбен басы қатып жүрген нұротандықтар, сауалымызды әуелде дұрыс түсінбеді. Бізге жауап берген баспасөз қызметкерінің қазақшасы Гүлжан Қарақұсова апамыздың ар жақ-бер жағында екен. Өйтіп-бүйтіп түсініскеннен кейін, «бұл сауалдарды бізге емес, Мәжіліске жолдаңыздар, солар жауап береді» деп қайыра жөн сілтеді. Сонда депутаттың этикасына байланысты сұрақты кімге қоюымыз керек? Әлде бұл мәселені «Нұр Отан» партиясының төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі шеше ме?.. 

Қит етсе, әлеуметтік желіге жүгінетін заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлгі қарғыстан кейін, осы тақырып төңірегінде біраз адам пікір білдірді. Журналист Серік Аббас Шах та бір кездері Бекболат Тілеуханнан дәл осындай қарғыс естігенін жазды.

С.Боқан әлеуметтік желіде «қарғыс иесінен» кешірім сұрап, құтылғандай болды.

Серік Боқан

Қадірлі Бекболат-аға! Жаздым, жаңылдым! Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға! Қиналған кезде бәріміз өзіңді пана тұтып алдыңа баратын ек. Бетімізді қайтарған кезің аз. Сіздің арқаңызда қажыға бардым. Қаржылай көмек беріп бақтыңыздар. Мен білмеппін. Қытай мен Өзбекстаннан, Мұңғұлиядан бас-аяғы 185 отбасын әкелгеніңізді. Осы коронавирустың кезінде 23 млн. теңгеге халыққа жәрдем етіпсіздер. Мұсылман болған соң рия қылып жария етпепсіздер. Кейін білдім. Мені шайтан түртті. Күйсеңіз күйгендей-ақ екен. Теріс батаңызды қайтып алыңыз, Аға!!! Ұйқым бұзылып, жаным қиналып бастады. Қиянатымды кешіріп, іні қалпымда жаныңыздан аластамаңызшы! Алдына келсе, атасының құнын кешетін тектінің тұяғы едіңіз ғой! Мен жаңылдым. Сіз кешіре көріңіз! Сәлеммен Серік Боқан бауырыңыз.

Осылай деген Серік Боқанның кешірімін Бекболат Тілеухан қабыл алып, «Қағбаның жанына барғанда лағынет айтатын адамдардың тізімінен шығарам» дегендей болды. 

Бекболат Тілеухан

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ. Ініде ізет, ағада айбын болмаса, елден берекет қашпай ма? Серік бауырым кешірім сұрады. Мен наламды қайтарып алдым. Алла Алашты алауыздықтан, ағайынды араздықтан сақтасын! Әңгіменің нүктесі – осы!

Адамзатты сабырлыққа үндейтін асыл дінімізде қарғыс туралы не айтылған? Жалпы қарғыс айтуды дініміз құптай ма? Осы сауалдарға жауап іздеп, теолог-дінтанушы Тұрар Әбуовтан пікір сұраған едік.

Тұрар Әбуов

Қазақ қарғысқа сақ болған халық!

– Атамыз қазақ сонау жаратылысынан бері қарғысқа сақ болған халық. Біздің ұлттық құндылығымызда «қарғыс» емес «алғыс» алған елміз. Әрине кейде наразы болған адамдар, бір-біріне ренжігендер, ағайын-туыс, әріптестер арасында бір-біріне кейде теріс батасын беріп, қарғыс айтып жатады. Әрине, бұның барлығы – жаман қасиет. Қарғыстың өзі бостан-босқа айтыла бермейді. Ол ашу-ыза, реніштен, қапа болу, наразылықтан немесе қызғаныштан да туындауы мүмкін. Кейде бір адам екінші адамнан зәбір көргенде туындайды. Дегенмен, сақ болғанымыз жөн. Қарғыс айтпастан бұрын әбден ойланғанымыз абзал. Өйткені, қарғыс айтқан кезде сол адам қарғысқа лайық болса, жазасын Құдай бере жатар, егер лайықсыз болып жатса, қарғыс айналып өзіне тиеді. Өмірде де осыған ұқсас талай оқиғаларды көріп жүрміз.

Шынайы мұсылман тілімен ешкімге залал келтірмейді

Қарғыс айтуды шариғи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, өте ауыр күнә. Тіпті екі жақ ренжісіп жатса да солай. Алла тағала мұсылманның қарғыс айтқан қадамын ешуақытта құптамайды. Пайғамбармыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде де қарғыс туралы айтылған.

«Егер бір адам екінші бір адамды қарғайтын болса, алдымен қарғыс аспанға көтеріледі, кейін ол жерге түсіп қарғыс айтылған адамға барады. Егер сол адам қарғысқа лайықты болса, онда оған оқ болып тиеді. Егер қарғысқа лайық болмаса, онда лағынет айтқан адамның өзіне қайта оралады».

Қандай жағдай болмасын шынайы мұсылман тілімен ешкімге залал келтірмейді. Пайғамбарымыздан сахабалары «Мұсылман деген кім?» деп сұрағанда, «тілімен де қолымен де ешкімге залал келтірмейтін адамды шынайы мұсылман деп айтаймыз» деген. Ал біреуді қарғыс айтып балағаттау – Алла тағала құп көрмейтін әрекет. Мұсылман адам қандай жағдай болмасын ешкімді қарғамайды. Сабыр сақтап, кешіріммен қарайды.

Әрине қарғысы мен теріс дұғасы қабыл болатын жандар бар. Ол пайғамбарымыздың хадистерінде де келтірілген. Мәселен, зұлымдыққа ұшыраған адамның қарғысы қабыл болады. Ол тек өзімізге ғана емес жеті ұрпағымызға кетуі мүмкін.Қарғыстың зардабы көп, оның арты үрейлі. Қарғыс бүтін бір әулетті жоқ қылып жіберуі мүмкін. Алла тағала құранда үнемі пендесін сабыр етуге үндейді. Әр нәрсенің артында қайыр бар. Бірден ашуға бой алдырып, қарғыс айта жөнелу дұрыс емес.

Пайғамдарымыздың хадисінде «Мүминге лағынет айту оны өлтірумен тең» дейді. Біреуге қарғыс айту арқылы біз оны өлтірдік. Ал бір адамды өлтіру, бүкіл адамзатты өлтірумен тең. Сондықтан, рухани тұрғыда адам өлтіруден сақ болуымыз керек. Ол өліп кетпесе де, қайғы-мұңға, қиыншылыққа ұшырайды.

Ислам тарихында пайғамбарымыздың өзі көп қиыншылықты бастан өткерді, адамдардан зәбір көрді. Алайда ол сабыр сақтап, барлығына тек жақсылық тіледі.

Ел ағасының қарғыс айтқаны жүрегімізге батты

«Қоғамда, әлеуметтік желілерде Бекболат ағамыздың қарғыс айтқан аудиожазбасына байланысты көптеген пікірлер айтылды. Менің өз басым айтушыға да, соны естіген адамға да жаным ашыды. Жалпы біз ол кісінің ұлт алдындағы қызметін білеміз. Көптеген игі істер атқарды. Өз алдына бір төбе кісі. Бірақ сондай үлкен кісілердің бірден ашуға бой алдырғаны, бірден қарғыс жаудырғаны және қарғысты бір емес бірнеше мәрте қайталағаны жүрегімізге батты. Алла тағала барлығымыздың біліп-білмей істеген күнәларымызды, қателіктерімізді кешірсін. Қазір біз қоғамда да пікірдің өзін қарғыспен қалдырамыз. Олар байқалмайды. Бекболат Тілеухан танымал болғаннан кейін айтқан қарғысы ел арасында тез тарап кетті. Біз де бой түзеп, өзіміз де осылай қарғыс айтып жүрген жоқпыз ба деп ойлауымыз керек. Қоғамда бәріне кінә арта алмаймыз. Жалпы, Қайрат Жолдыбай ағамыз да «Бекболат ағамыздың жүйкесі сыр берген ге ұқсайды» деп жазды ғой. Солай болған сияқты. Кешірімді бола білгеніміз абзал», – дейді Тұрар Әбуов.

Түйін: Әрине, біреуге қарғыс айту немесе алғыс жаудыру – әркімнің өз шаруасы. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан емес, базар төңіректеген бақсы-балгер, құшынаш әлдекімге қарғыс айтса, қоғамда мұнша дүрбелең тудырмаған болар еді. Қарғыс «Нұр Отан» партиясының мүшесі әрі Мәжіліс депутатының аузынан шыққан соң, этика мәселесіне байланысты сұрақтарымызға не «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, не Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жауап беруі керек деп есептейміз.    

Тегтер: