Рымбаева мен Тұрлыхановты сан соқтырған алаяққа қатысты үкім шықты
Бұған дейін белгілі әнші Роза Рымбаева мен мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов алаяқтың құрбаны болғаны туралы ақпарат тараған.
Алаяқтық әрекетке қатысты іс былтыр қараша айында Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотына түсіп, кейіннен істі басқа сотқа беру туралы мәселе қарастырылғаны белгілі.
Сонымен, бұл іске қатысты қолда бар ақпараттарға сүйенсек, Серік Бекқайыров деген азаматтың үстінен «Аса ірі көлемде жаслаған алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол бірнеше адамды қармағына түсіріп, сан соқтырып кеткен. Оның ішінде саясатта, сахнада жүрген танымал тұлғалар да бар. Айталық, депутат Дәулет Тұрлыхановтан қомақшы ақша алса, екінші жәбірленуші Роза Рымбаеваның пәтерін сатып алып, тиісті соманы бермей кеткен. 2024 жылдың басында алғашқы сот отырысы өткен іске он ай дегенде нүкте қойылды.
Nege.Aqsha каналының хабарлауынша, асыл тұқымды жылқы мен автокөлік сатумен айналысқан 63 жастағы кәсіпкер Серік Бекқайыров «төрт рет алаяқтық жасады» деген айыппен 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, алаяқтық бойынша іс-әрекет 2013 жылдың жазында басталған. Сол жылы жұмыссыз қалған С.Бекқайыров танысы Дәулет Тұрлыхановқа келіп, асфальт-бетон зауытын салу үшін 1,2 миллион доллар сұрап, инвестор болуын өтінген. Ол орнына алдағы уақытта кәсіпорынның жартысына иелік ететінін айтып, уәде еткен. Тұрлыханов оған инвестор ретінде ақшасын беріп, келіскен.
Бекқайыров сот отырысында жәбірленуші Тұрлыхановты 1989 жылдан бері танитынын, олар көрші тұратынын, бірақ одан ешқандай ақша алмағанын айтты. Тіпті, ол соттан депутаттың айғақтарына сыни көзқараспен қарауды сұрап, қазіргі кезде сөзге сеніп, біреу біреуге 1,2 миллион доллар қарыз бермейтінін атап өтті.
«Тергеу изоляторында жатқанда тергеуші мен Тұрлыхановтың адамдары келіп, мені қорқытып 2 млн доллар талап етті. Бұл эпизодтағы айыптар ойдан шығарылған. Әлі күнге дейін маған Дәулет Тұрлыхановтың тарапынан қоқан-лоққы жасалуда», – деді Бекқайыров.
Екінші жәбірленуші әнші Роза Рымбаевға келсек, 2017 жылы Бекқайыров таныстары арқылы әнші Роза Рымбаеваның пәтерін сататынын естіп, оны өзіне сатуға көндіреді. Және ақшаны кейінірек беруге келіседі.
«Кездесу барысында Бекқайыов Рымбаеваға 195 мың доллар берген. Ал пәтердің қалған 69 427 350 теңгесі мүлдем қайтарылмаған», – делінген сот материалында.
Ал Бекқалиевтің пікірінше, Роза Рымбаеваны да алдамаған боп шықты. Ол шын мәнінде 2017 жылы Рымбаевадан 400 мың долларға Алматыдан пәтер сатып алғанын жеткізді. Оның қолында толық сома болмағандықтан, олар нотариустың бекітуі арқылы үш жылға ресми несие шартын жасасқан екен. Осы уақыт ішінде ол бар болғаны 205 мың долларды төлеп үлгерген. 2020 жылы пандемияның салдарынан бизнесі тоқтап, қалған соманы уақытында қайтара алмапты. Ал қазір бұл пәтер жайлы мәлімет бұлыңғыр. Алайда, тергеу амалдары Бекқайыровтың баспананы қайта сатып, ақшасын жұмсап тастағанын алға тартады.
Ол ол ма, Бекқайыров үшінші жәбірленушіге 2019 жылы Энергетика министрі арқылы тиімді 70 мың доллар бағамен электр қуатын сатып алу мәселесін шешуге уәде берсе, 2020 жылы төртінші жәбірленушіден көлік сатып алып, 75 мың долларды кейінірек төлейтінін айтып, сендірген. Бір қызығы, Серік Бекқайыров соңғы екі эпизод бойынша да кінәсін жоққа шығарды.
Алайда, сот оның бұл уәжін қабылдамай, айыптау үкімін шығарды. Сотталушы Бекқайыров жәбірленуші Тұрлыхановқа 533 748 000 теңге, Рымбаеваға 91 181 950 теңге төлеуге, сондай-ақ тағы екі жәбірленушіге 31-33 миллион теңге көлемінде келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.