28 Қараша 16:09
...

«Сапалы адамнан сапалы өнім шығады» – кәсіпкер

Фото:

Abyroi ұлттық киімдер тігін үйінің өнімдері сапасымен де, сәнімен де көз сүйсінтеді. Әлемдік додада әнұранымызды шарықтата шырқаған Димаштан бастап ел абыройын арттырған азаматтардың дені аталмыш орталықтың зерделі шапандарын киіп жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Тілшіміз осы орайда тігін үйінің негізін қалаушы Айдар Мәсімғазиевпен тілдесіп қайтқан еді.

– Айдар мырза, ел арасында абыройға ие болу да оңай емес қой. Айтыңызшы, бұл кәсіпті қалай бастадыңыз?

– Біз о баста ұлттық нақыштағы сувенирлер сатумен айналыстық. Содан бірде Жапонияда өтетін ЭКСПО-ға қатыуға ұсыныс түсті. Онда негізгі жүктелген міндет – алты ай қатарынан өтетін көрме барысында қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін бұйымдарды таныстыру болды. Бірақ ол кезде біздің сауда нүктеміздегі тауар жарты жылдық көрменің жүгін көтермейтін деңгейде еді.  Яғни, өте аз болды. Ал шеберлерден сатып алуға қолда дайын тұрған қаражат жоқ. Жұбайымыз екеуміз ұзақ ойлана келе, тәуекелге бел байлап, неде болса  баратын болып шешім қабылдадық. Содан ағаштан, теріден, киізден бұйымдар жасайтын шеберлерден он пайыз ғана ақысын  төлеп, түрлі  тауарлар алдық та сапарға аттандық. Біздің адал серіктестік орнатып келгеніміздің нәтижесі  болар, шеберлер де сенім артып, қаншама бұйымдарын қарызға күмәнсіз табыстады. Абырой болғанда  апарған дүниеміз лезде сатылып кетіп, айналдырған бір айда тауар алған қарызымызды толығымен жауып, орынына тағы түрлі бұйымдар алып Жапонияға жеткізумен болдық. Сол сапардан сәтті оралған соң «неге бізге ұлттық нақыштағы сапалы  киімдер тігіп, нарыққа шығармасқа?!» деген ой келді. Өйткені ол кезде жұрт қазақы киімдерді қара базардан алатын. Ал ондағы киімдердің сапасы сын көтермейтіні белгілі. Сөйтіп, ою бастыратын және киім тігетін қос тігінші алып, Алматы қаласынан тысқары жерден шағын цех аштық.  

Жердің алыстығынан жұмысшылардың тұрақтауы да қиын болды. Ал тұтынушылар қашықта екенін естігенде,  тіптен ат тондарын ала қашатын.  Дегенмен, амалдың жоқығынан өсіп-өнгенше сол сүрлеуі мен соқпағы көп жерде біраз жыл тұрақауымызға тура келді. Түскен қаражатқа қажетімізді сатып алып отырдық. Бірте-бірте кәсібіміз де  ілгерілей түсті. Осылайша жұмыс қолы артқанда қалаға көшіп келдік.

–​ Дегенмен, бұл кәсіпті жүргізу мақсатында жеңілдетілген несие алған екенсіз.  Оның қаншалықты септігі тиді?

– Иә, «Almaty Business - 2025» өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызға тең несие алдық. Бірақ бұл қаражатты алардан бұрын көп ойландым. Себебі, дінімізде өсіммен қарыз алуға немесе беруге тыйым салынатыны белгілі. Осы ретте алдымен белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбай мен  белді кәсіпкер Марғұлан Сейсембаймен кеңесіп алуды жөн санадым. Ол кісілер алдымен алатын несиемнің пайыздық үлесінің аз-көптігін сұрады. Мен мемлекет тарапынан кәсіпкерлікіті қолдауға бағытталған аталмыш несиенің  нарықтағы өзге банктер ұсынатын пайыздық мөлшерлемеден әлдеқайда аз екенін алға тарттым. Сондай-ақ оған түрлі тігін машиналарын сатып алып, қажетінше жұмысқа тігіншілер қабылдасам, біраз отбасын табыспен қамтамасыз ететінімді айттым. Сатылымға шығаратыным тауарым да көптің кәдесіне жарамаса, кесе көлденең  кесірі тимейтін дүние екенін жеткіздім. Ойымды ұғынған ол кісілер «егер Үкіметтің жеңілдетілген несиесін осы айтқаныңдай мақсатты түрде жұмсасаң, онда оның несі харам?!» дегенді айтты. Бір жағынан 6 пайыздық мөлшерлеме  қазіргі нарықтағы инфляциядан анағұрлым аз көрсеткіш. Осылайша  дін түрғысынан да, экономикалық тұрғыдан да дұрыс-бұрыстығына көз жеткізген соң, үйімді кепілге қойып, 25 млн теңге несие алуға құжаттарымды өткіздім.

Үкіметтің бұл қаражатты берудегі мақсаты да сол – кәсіпкерлерге қолдау көрсету ғой. Мен де осы үміттің үдесінде тұрып, бизнес-жоспарда көрсеткенімдей, алған несиеге бірнеше тігін машиналарын сатып алдым. Нәтижесінде шығаратын өнімдеріміз үш есеге артты. Мәселен, оған дейін цехта 12 тігінші жұмыс істесе, қазір олардың саны 25-ке жетті. Шүкір, бүгінгі таңда көлемді тапсырыстар қабылдайтын деңгейге жеттік.

– Жалпы мемекеттің шағын бизнес өкілдеріне көрсетіп отырған қолдауына көңіліңіз тола ма?

– Көңілім толады. Қазіргі кезде жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынған түрлі бағдарламалар бар. Бірақ жолай жемқорлықтың барын да айта кеткім келеді. Кей жағдайда қаражат нағыз жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлерге жетпей, жалған есеп беретіндер қызығын көріп  жатады. Осы жағына бақылау күшейтсе, бюджеттің ақшасы мақсатты түрде жұмсалар еді деп пайымдаймын.

– Тұтынушылардың ұлттық өнімге деген қызығушылығы қалай?

– Қазіргі таңда не көп, киім көп. Бірақ рухты оятатын киімдер жоқтың қасы. Ал ұлттық нақыштағы киімдерді қайда киіп барсаңыз да көпшіліктің мойын бұра қарайтыны анық. Себебі ерекше әсер силайды. Қаншама елде болып қайттым. Сонда байқағаным, біздің шапандарымыз бен, камзолдарымыз өзге ұлттың киімдеріне қарағанда өте көркем әрі көз қызығарлық. Сондықтан өзім қайда барсам да ой-өрнекпен бедерлеп тігілген киімдер киіп жүремін.    

– Бірақ өз ішімізде ұлттық киім киіп бара жатқан адамды көрсе жұрттың не үрке, не күле қарайтыны жасырын емес. Мұның астарына үңіліп көрдіңіз бе?

– Біз Стамбул мұражайында сақталған қыпшақ батырының XVI ғасырдағы жарғақ шалбары мен жейделерінің  көшірмесін алып, тіктік. Сосын оларды келген тұтынушылардың біріне кигізіп,  шығу тарихын баяндап бердім. Бабаларымыздың бояуы бар киімді киген әлгі кісі көзі оттай жанып, ризы болып кеткен еді. Арада екі-үш күн өткенде қайтып келіп, тағы да ұлттық нақыштағы киімдерге тапсырыс берді. Сөйтсек, көшеде көрген жұрттың бірі таң болса, бірі келекеге алса керек. Сосын «бұл не стиль?» деп сөз қылғандарына мен айтқан мәліметті жеткізсе, күле қарағандар таң-тамаша болған екен.  Бұдан келетін қорытынды адамдар көбінекей ұлттық киімнің тарихын жіті түсінбейтін болғандықтан үрке қарап жатады. Бұл өз алдына насихаттың аздығын көрсетеді.

– Осы отандық әртістердің киген сахналық костюмдеріне сын айтушылар көп. Мәселен,  «анабір әнші жердегі текеметке салынар оюды комзолына жапсырып алыпты» деп жатады. Сонда ұлттық орнаментті жіті түсініп, құндылығымызға айналдыра алмай келе жатқанымызға не себеп?

– Сынның шындыққа жанасатын да, жанаспайтын да жақтары бар. Себебі мін таққандардан себебін сұрасаңыз, сөз еткен оюдың тарихын өзі де білмеуі мүмкін.

Дегенмен, өз тарапымыздан айтар болсам,  қошқар мүйізге ұқсаған оюдың барлығын көрінген жерге жапсыра беруден аулақпыз.  Әр орнаменттің өзіндік орыны бар. Ол сонысымен құнды.  

– Жеке кәсіппен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Бизнеске бет бұрғын адам салған қаражатын жоғалтудан еш қорықпай, тәуекелге бел байлау керек. Ол кәсіп жолында өтетін процесс болса, бір жағынан үлкен сынақ саналады. Алла да амал жасағанға береді ғой.  Сондықтан қыр-сырын білген тірлікті жүргізуден еш қымсынбаған абзал.  Қайталай айта кетемін, қазіргі уақытта кәсіппен айналысамын деген жастарға мүмкіндік өте көп. Түрлі тренингтер мен қатар мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие, грант және субсидиялар осы сөзімнің айғағы.

Тегтер: