28 Қыркүйек 08:54
...

«Санақтың тілі – сансыз тіл». Қазақ тіліндегі қойыртпақ сауалды кім құрастырған?

Фото:

Биыл ұлттық санақ он екі жылдан кейін өткізіліп жатыр. Коронавирус індеті екі жылға шегерсе де, аса ештеңе жоғалта қойған жоқпыз. Халық өсімі де ауыз толтырып айтарлықтай емес. Керісінше, індет екі жылда қаншама адамды алып кетті.

Сонымен, биылғы санаққа онлайн да, офлайн да жауап беруге болады. Егер жүйкеңіз шыдаса, sanaq.gov.kz сайтына кіріп, 1 қыркүйек 15 қазан аралығында санақтан өте аласыз. Ал дәстүрлі санаққа үйренген болсаңыз, санақшылар 1 қазаннан 30 қазанға дейін үйіңізге барады. Мынадай індет өршіген тұста бөгде адамның келіп-кетуі қауіпті екенін ескеріңіз.

Әлгінде «Жүйкеңіз шыдаса...» деп бекер айтқан жоқпыз. Неге бұлай дегенімізді сауалмен танысқан және жауап бергендер жақсы білуі тиіс. Сайтқа кіріп, тіркеліп, ұлттық санаққа онлайн жауап беруге асыққаным рас. Бірақ 91 сұрақтың соңына жеткенше көңілім су сепкендей басылды. Арасында бір ашуланып, бір күлдім. Біраз уақытым да кетті. Неге дейсіз бе?

«Қазақпын ғой» деп қазақ тіліндегі нұсқасын таңдадым. Бұл жерде қай тілде жауап беру де маңызды. Сорақының көкесіне сауалдармен танысқанда көзім жетті. Түсінікті тілде жазылмаған. Орыс тілінен тікелей аударғаны көзге бадырайып көрініп тұр. Кейбір сөздер «түйеден түскендей» оқылады. Өз тіліне жаны ашымайтын біреу болса қазақ тіліндегі нұсқасын жауып тастап, орыс тілінде жауап беретіні сөзсіз. Мынадан кейін талай адам солай істегеніне де бәс тіге аламын.

Екі бөліктен тұратын санақ сауалдарына бір демде жауап беру мүмкін емес. Кейбір сұрақтар өз мағынасын ашып тұрған жоқ. Кері шегініп, алдыңғы сауалдың мазмұнына қайта үңілуге тура келеді. Осындай кідіріс көп болған соң, жауап беру уақытым да бір сағатқа созылды. Ал егер отбасындағы басқа мүшелердікін толтыруды мойныңызға алсаңыз, бір күніңіз кетсе, таң қалмаймын.

Санақтағы көзге түрпідей көрінген сауалдың бірі – «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?» деген. Оқығанда-ақ өне бойың тітіркеніп кетеді екен. Бұл жайында тілші қауымы Ұлттық статис­тика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтен де сұраған.

«Тірі туған балалардың саны туралы сұрақ бала туу туралы маңызды деректерді қамтамасыз етеді. Бұл сұраққа берілген жауаптар бала туу туралы неғұрлым толық ақпаратты ашады. Әйелдерге 1999 және 2009 жылғы халық санақтарында да балаларының саны, олардың қаншасы тірі деген сұрақтар қойылған»,  – деді ол.

Одан бөлек «Ұлтыңызды (этникалық тиістілігіңізді) көрсетіңіз» деген сауалға берілген жауап көпше түрде жазылған. Мәселен, «қазақтар» делінген. Тіпті, осында жақшаға алынған «этникалық тиістілігіңізді» деген толықтырудың өзі артық әрі түсініксіз.

Тағы бір сауалда: «Сіз тұрақты тұрғылықты жеріңізден жұмысқа дейін қандай кезеңділікпен жетесіз?» дейді. Сіз мына сөйлемнен не ұқтыңыз? Неге қарапайым сөзбен жеткізуге болмайды? Біз неге бәрін орысшадан аударып, мағынасын күрделендіріп жібереміз? Жалпы, ұлттық санақтың сауалдарын кім дайындаған? 91 сауалды құрастыратын қазақ тіліне жетік маман табылмаған ба?  

Әрі қарай кеттік. 36-сұрақта: «Сіз көзілдірік, линза кисеңіз де, сізде көрумен қиындықтар бар ма?», – делінген. Бұл да – қасаң аударма. «Сіз көзілдірік, линза кисеңіз де, көзіңз нашар көре ме?» десе болмас па еді?

Дәл осы сынды «Сізде жүру немесе баспалдақпен көтерілу кезінде қиындықтар бар ма?» деген сауал да жатық емес. Қысқасы, 91 сұрақтың бәрі де қарапайым қазақ тілінде құрастырылмаған. Әдеттегідей, сауалдар алдымен орысша жазылған да, мынау соның тікелей аудармасы. Салдарынан қойыртпақ шыққан.

Біз ғой, тілге жақын саланың маманымыз. Ал санақ сауалдарын оқыған басқа жұрт қайтті екен? «Мұндай санағыңа болайын...» деп жылы жауып қойды ма, әлде соңына дейін табанды түрде жауап берді ме?

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

Екі күннен кейін қайта отырып, тапсырдым

– Шетелдік санақтың үлгілерін қараған шығар. Осымен айналысатын ұлттық статистика бюросы бар. Мен де санаққа онлайн жауап бердім. Сұрақтарында олқылық бар. Оны көрдім. Бірінші күні жауап берейін десем, болмады. Өйткені, біреуін таңдасам, шықпай қалады, әрі қарай жүрмейді екен. Техникалық ақаулар болған сияқты. Екі күннен кейін қайта тапсырып көрдім. Жарты сағат уақытым кетті. «Қанша тірі бала тудыңыз?» деген өрескелдеу екен. Сауалды нақтылау үшін керек болған шығар. Бірақ басқалай жеткізу керек сияқты. Мынау қатыгездеу көрінді.

Назгүл Серім, ҚР азаматы:

Мұғалімдерге неге халықты санатып қойған?

– Санақ сауалдары түсініксіз әрі түйеден түскендей екен. Сауалдарын оқып отырып, мына әлемде біреуге кіріптар, мұқтаж жандай көріндім. Орыс тілінен тікелей аударыла салғаны көрініп тұр. Құдды бұрышқа тақап алып, «Айт шыныңды, өлі бала қанша тудың, тірі бала қанша тудың?» деп төмпештеп жатқандай күй кештім. Сосын осы санақпен айналысуға мемлекеттен қаншама қаражат бөлінді емес пе?! Қазақ тілінде сауатты сұрақ құрастыратын маман таппаған ба? Тіпті, санақты өткізу жұмысымен неге мұғалімдер айналысады? Оларға неге халықты санатып қойған? «Санақтан өтпесеңіз, сабаққа кірмейсіз!» деудің шақ алдында жүрген мұғалімдер баяғы. Үй тапсырмасын сұрағанда бәлсінетін мұғалімдер санаққа келгенде тірілді. «Санақ сұрақтарына жауа бердіңіз бе?» деген сұрақтың астына алады. Сөйтсек, бұл санақ оларды да бір сілкінтіп тастаған екен. 

Түйін: Бір айға жуық уақыт ішінде онлайн санақтан 5 млн-нан астам халық өтіпті. Қазір екінің бірінде ұялы телефон, интернет бар. Солай дегеннің өзінде көрсеткіштің 5 млн-ға жетуі өте аз. Демек, бұл жерде кілтипан неде? Әрине, теп-тегіс жолда келе жатып кедір-бұдырға түскен көлік жүргізушісінің әрі қарай жүргісі келмей қалатыны сияқты, санақ сауалдары да талай адамның бетін қайтарғаны белгілі. Сонда санаққа бөлінген 9,1 млрд теңгенің бір пұшпағын қазақ тілінде сауатты сұрақ құрастыруға жұмсауға болмас па еді?!  

Тегтер: