Референдум Референдум
20 Ақпан 18:40
...

Талғардағы іс: жәбірленуші тарап өздеріне қысым көрсетілгенін мәлімдеді

талғар
Фото: Nege.kz/ЖИ көмегімен жасалған

Талғарда кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген төрт жігітті сот жуырда ақтап шығарды. Үкіммен келіспеген жәбірленушінің анасы редакциямызға хабарласып, істің мән-жайын қоғамға ашық айтқысы келетінін жеткізді.

Референдум

Астана, NEGE. Жәбірленуші қыздың анасының айтуынша, 2024 жылғы қазан айында Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында төрт жігіт оның 16 жастағы қызын алдап, көліктеріне отырғызып, жапан далаға апарып, сексуалды сипаттағы зорлық жасаған. Ол кезде жігіттердің ең үлкенінің жасы 23-те, ең кішісінің жасы 18-де болған. Оларды Қылмыстық кодекстің екі бабы – «Кәмелетке толмаған қызды зорлау» және «Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша сотқа тартқан.

Прокурор айыпталушыларды 16 жылға соттауды сұрағанымен, судья Асқарбек Беймбетов оларды кінәсіз деп таныған.

Жәбірленуші қыздың анасының айтуынша, үкім шығатын күні айыпталушылардың бірінің анасы оны қорқытып, қысым жасаған. Сот басталар алдында ол «қазір сот залында не болатынын өзің көресің» деп сес көрсеткен.

Судья неге мұндай үкім шығарды? 

Сот айыптау тарапы қылмыстың болғанын және оны айыпталушылар жасағанын жеткілікті, нақты дәлелдермен дәлелдей алмады деген қорытындыға келген.

Негізгі себептердің бірі ретінде жәбірленуші мен оның заңды өкілінің жауаптары тұрақты болмағаны, уақыт өте өзгеріп отырғаны көрсетілген. Мәселен, оқиғаның болған күні мен уақыты бірнеше рет әрқалай айтылған. Сондай-ақ кейбір жайттар кейін өзгеше сипатталған.

Ал сот-медициналық тексеру нәтижесінде жыныс аймағында зорлық белгілеріне тән жарақаттар анықталмағаны көрсетілген. Биологиялық зерттеу қорытындысында жәбірленушіден алынған үлгілерден ер адамның жыныс сұйықтығына тән белгілер табылмағаны жазылған.

Бұл негіздемелерге жәбірленуші тарап не дейді?

Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиға болған күні қызы әдеттегідей жаттығу залына барған. Алайда зорлық көргеннен кейін ол қатты психологиялық күйзеліске түсіп, болған жағдайды ата-анасына айтпаған. Сонымен қатар, оның сөзінше, жігіттер бойжеткенді: «Болған жайтты бейнетаспаға түсіріп алдық. Егер біреуге айтатын болсаң, оны бүкіл әлеуметтік желіге таратамыз, әке-шешеңді өлтіреміз», – деп қорқытқан.

Сондықтан қыз үйге келгенде киімдерін кір жуғыш машинаға салған. Ештеңеден хабары жоқ анасы оларды жуып қойған. Соның салдарынан кейбір дәлелдер жойылып кеткен.

Жәбірленуші арыз берген кезде күйзелістің әсерінен оқиғаның нақты күнін шатастырып алған.

«Бала қатты психологиялық күйзелісте болды. Арыз жазғанда нақты күнін айта алмады. Тек соңғы рет фитнеске барған күні екенін айтты. Күйзеліс салдарынан 7 қазан деп жазылып кеткен. Ал шын мәнінде, жаттығу залына соңғы барған күні – 8 қазан. Кейін күнін нақтылап, арызды түзеттік», – дейді анасы.

Оның сөзінше, күнді шатастырып алуы – оқиғаның болмағанын білдірмейді, бұл тек баланың күйзелісте болғанының салдары.

Жәбірленуші тарап дәлелдемелерге сотта толық әрі әділ баға берілмеді деп есептейді. Мәселен, тексеру барысында бойжеткеннің аяқ-қолында қан құйылу түріндегі дене жарақаттары мен сызаттар анықталған.

Сондай-ақ тергеу изоляторында айыпталушылармен бірге отырған куәгердің жауабы толық ескерілмеген. Бұл куәгер камераға агент ретінде отырғызылған. Оның айтуынша, айыпталушылардың біреуі қызбен жыныстық қатынасқа түскенін мойындаған. Ал екінші айыпталушы оған: «Алдыңғы сөзіңнен тайма, екінші жауапта да солай айт», – дегенін естіген.

«Мен үкіммен келіспеймін. Баламның тағдырына бейжай қарамауды сұраймын. Әділдік орнамайынша күресуді тоқтатпаймын», – деді ол.

«Телефонда басқа қызға қатысты зорлық әрекеті түсірілген бейнежазба бар»

Айтуынша, айыпталушылардың бірінің телефонынан басқа қызға қатысты зорлық әрекеті түсірілген бейнежазба табылған. Алайда жәбірленуші тараптың сол бейнежазбаны сот отырысында қарау туралы өтініші қанағаттандырылмаған.

«Соттың алғашқы күні айыпталушылардың бірі қызымның айтқандарымен сәйкес келетін мойындау жауабын берген еді. Кейін іске қорғаушылары араласқан соң, ол өз сөзінен бас тартып, “мұны маған күштеп айтқызды” деп мәлімдеді. Бірақ сотта біздің адвокат бұл уәжбен келіспеді. Оның айтуынша, жауап ешқандай қысымсыз, айыпталушының өз еркімен алынған және бейнежазбаға түсірілген», – деді жәбірленушінің анасы.

Анасының айтуынша, айыпталушылар ауыл ішінде оның қызы туралы «40 миллион теңге алып, кешірім берді», «қыз босанып, баласын буындырып өлтірді», «нашақор» деген мазмұнда жалған сөз таратқан. Осындай қаңқу әңгімелерден кейін бойжеткен бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болған.

Жәбірленуші тарап қазіргі үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауды сұрайды.

Референдум