26 Қыркүйек 17:07
...

«Самұрық-Қазына» еңбек конфликтілерін онлайн бақылайды

Фото:

«Самұрық-Қазына» Қорының Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығына 2023 жылдың 8 айында 14 мыңнан астам анонимді хабарлама келіп түскен. Әлеуметтік шиеленіс пен жұмыстағы қақтығыстар туралы деректерді жедел жинау мен дұрыс талдаудың арқасында еңбек дауының шиеленісуіне жол берілмеді», – дейді Қордың Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

24/7 режимінде жұмыс істейтін “Нысана” байланыс орталығы жұмысының нәтижесі бойынша, биыл кәсіпорындардағы ереуілдер саны 5,5 есе азайған. Ал компаниялар бойынша қауіпті аумақтар саны 2021 жылмен салыстырғанда 3 есеге қысқарған.  “Нысанаға” келіп түсетін шағымдардың 1006-сы әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша тіркеліпті.

– «Егер хабарламалар дұрыс қаралмаса, онда біздің мамандар араласып, өтініштерді қайта қарайды. Яғни ешқандай хабарлама бей-жай, қараусыз қалмайды. Егер наразылық өршіп бара жатса, мәселені шешуге портфельдік компаниялардың омбудсмендері мен медиаторлары кіріседі. Осы кешенді шаралардың арқасында қауіпті аймақтарды ерте анықтап, жағдайдың өршуіне жол бермейміз. Бұл мониторинг өз нәтижесін беріп жатыр», – дейді Ғибрат Ауғанов.

Ғ.Ауғанов.

Айта кетейік, орталыққа шағым түсіру толықтай анонимді жүреді.

Сондай-ақ, жұмыс іздеуге арналған QSamruk онлайн-платформасының жұмысы жетілдірілген. Ол бастапқыда тек Қор компанияларындағы вакансиялар үшін ашылса, кейін басқа ұйымдар да платформаға қызығушылық танытыпты. Осылайша, қазір оған 530 компания мен 165 мыңнан астам адам тіркелген.

– «Былтыр барлығы 17 мыңнан астам бос орын жарияланса, биыл оның саны 8 айдың ішінде 13 мыңнан асып кетті. Сол вакансияларға 127 мыңнан астам адам өз кандидатурасын ұсынған. Сонымен қатар, біз кейбір лауазымдарға үміткерлерді жұмысқа аларда полиграфтан тексереміз. Бұл қазіргі кезде өте қажетті шараның бірі. Соның арқасында, үміткерлердің жемқорлыққа қаншалықты бейім екенін анықтауға болады. Мәселен, жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында 99 үміткер полиграф арқылы тексерілген. Оның 64-і сынақтан өтпеді»,  – дейді Ғибрат Ауғанов.

Қорда гендерлік саясат пен жас мамандарды қолдауға баса назар аударылатынан Ғибрат Ауғанов айтып өтті. «Самұрық-Қазына» Қорының «Гендерлік теңдік» бағдарламасы аясында 68 көшбасшы әйелден тұратын пул қалыптасты. Сондай-ақ, жас мамандарды дамытуға арналған «Жас қадам» бағдарламасы жүзеге асырылды.

– «Соның аясында Қордың компаниялары тобынан 49 жас маман іріктеліп, бірнеше ай бойы біліктілігін шыңдады. Оқу соңында олар арнайы дайындаған жобаларын ұсынды. Үздіктері алдағы жылдары жүзеге асырылады», – деді Ауғанов.

Бұдан бөлек, Қор мүгедектігі бар қызметкерлердің өмірін жақсарту үшін шаралар қабылдауда. Бүгінгі таңда компаниялар тобында ерекше қажеттілігі бар 2 582 адам жұмыс істейді. Олар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

«Самұрық-Қазына» биыл қайырымдылыққа 10 млрд теңге бөлді

«Самұрық-Қазына» Қорының қайырымдылық бюджеті биыл 10 млрд теңгені құрап, жобалар ауқымы 454 мыңнан астам азаматты қамтыды. Оның ішінде 22 мыҢы бала, ал 81 мыңы – ауыл тұрғыны.

– «Жүзеге асырылған ірі қайырымдылық жобалардың ішінде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы, «Туған елге саяхат», ерекше балаларға арналған жазғы лагерь, «Мектепке жол» жобаларын атап өтуге болады. Қайырымдылық жобалары қосымша жұмыс орындарын ашуға, азамаТтарды жұмыспен қамтуға да септігін тигізеді», - дейді Ғибрат Ауғанов.

Қордан қайырылымдылыққа бөлінетін қаражаттың қандай жобаға жұмсалатынын, Қамқоршылық кеңес шешеді екен. «Самұрық-Қазына»  «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорымен бірге аутизмі және психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 4 орталық пен 4 ерте араласу орталығын ашқан. Жыл соңына дейін тағы бірнеше өңірде осындай орталықтарды ашу жоспарланып отыр.

Тегтер: