28 Сәуір 13:24
...

«Самұрық-Қазына» Алматыдағы ұлттық ғылыми орталықты салуға қаржы құйды

Фото:

«Самұрық-Қазына» қоры Алматыда жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми зерттеу орталығын салуға бастамашы болды. Биыл желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс орталықтың құрылысына қор шамамен 130 млрд теңге бөлді.

Оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына –  62 261, 41 млн теңге, медициналық-технологиялық және инженерлік жабдықтауға –  66 343,32 млн теңге көзделген. Іртетасы 2021 жылдың қазанында қалана бастаған орталық қолданысқа берілген соң, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, яғни мемлекет меншігіне өтеді. Айтпақшы, ауруханаға арналған учаскенің жалпы ауданы –  12 га. Ғимараттар мен құрылыс алаңы – 31 723 шаршы метр. 350 орынға арналған орталықты салудағы негізгі мақсат  –  қолайсыз эпидемиологиялық жағдай мен төтенше жағдайда сапалы медициналық көмек көрсету, ҚР бойынша эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізу үшін ахуалдық орталық ашу.

Кеше құрылыс алаңына келіп, жұмыс барысымен танысқан «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, заманауи кешен бүкіл ТМД-дағы ең ірі зерттеу және клиникалық орталық болады. «Себебі, клиникалық бөлімшесі бар ірі ғылыми-зерттеу жұқпалы аурулар орталығының болуы жай ғана қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан азаматтары үшін жоғары сапалы заманауи медицинаның қолжетімділігі – Қордың негізгі басымдықтарының бірі саналады», – деп атап өтті ол.

 

Құрылыс мердігері барлық жұмысты уақытында бітіріп, белгіленген межеде тапсыратынын жеткізді. Сәтін салса, бұл нысан дәрігерлер, ғалымдар мен Алматыдағы медициналық жоғары оқу орындарының студенттері үшін клиникалық базаға айналмақшы. Алдағы уақытта жаңа орталықта мамандар жұқпалы аурулар, пульмонология және фтизиатрия саласында медициналық көмек көрсетеді, зерттеулер мен оқыту жүргізіледі, озық медициналық технологияларды шоғырландырады, дәрілік препараттарды зерттейді. Сондай-ақ, мекеме базасында елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылап отыратын ахуал орталығын ашу жоспарланған.

Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми зерттеу орталығы құрылысына тапсырыс беруші бас директор Серік Иманбаевтың пікірінше, мекеме соңғы үлгідегі жоғары технология құралдарымен қамтамасыз етіледі. «Мұнда қазақстандық және халықаралық стандарттарға сай келетін емдеудің, зерттеу мен оқытудың жаңа әдісі жүргізіледі. Қолайсыз эпидемиологиялық және төтенше жағдай кезінде тұрғындарға кәсіби білікті мамандар медициналық көмек көрсететін болады», – дейді.

«Самұрық-Қазына» қоры бірегей технологиямен жабдықталып, ел игілігіне жұмыс істейтін орталықтың дер кезінде пайдалануға берілгеніне мүдделі. Себебі, ел тұрғындарының денсаулығына айтарлықтай көңіл бөліп, Қазақстан медицинасын дамытуға үлес қосып келетін Қордың бұл алғашқы жобасы емес. Бұған дейін де қаншама игі істің жүзеге асуының басы-қасында жүрген «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қаражаты көмегімен 26 сәуірде Алматыдан медициналық пойыз жолға шықты. Дәрігерлер бір жыл бойы шалғай станциялардағы тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетіп, халықтың денсаулығын сақтауға септігін тигізбек.

Тегтер: