Рубль қалай «орыс әлемінің» қаруына айналды?
Ресей «орыс әлемін» Украинада – қарудың, ТМД-ның өзге елдерінде рубльдің күшімен құрып жатыр. Мұндай тұжырым жасауға Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің ашық түрде рубльмен есеп айырыса бастауы түрткі болып отыр. Сарапшылардың ортақ пікірі осыған саяды. Айталық, Қырғызстан мен Ресей енді тек қана рубльмен саудаласпақ. Мұның ресми себебі – санкция мен SWIFT-жүйесінің өшірілуі. Әйтеуір Қырғызстанның Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиев сөйдеді.
Кейбір қазақстандық сарапшылар мұның астарынан Ресей экономикасын, оның ұлттық валютасын жасанды түрде қолдау әрекетін көреді. Екіншілері қазіргі қалыптасқан ахуалда бұдан қашып құтыла алмайтынымызды алға тартады.
Мақсат Халық, экономист:
Ұлттық валютамыздың да, Ұлттық банктің де маңызы жойылады
– Ресейге, рубльге тәуелділігіміз күшті. Бірақ ортақ валютаға немесе тек қана рубльмен есеп айырысуға көшуге жол бермеуіміз керек. Еуразиялық Экономикалық одақтың келісімде бұл анық көрсетілген. Біздің үкімет бұл мәселенің күн тәртібінде тұрмағанын жиі айтады. Десе де, өзін ұлттық мемлекеттен жоғары тұрған органбыз деп есептейтін Еуразиялық экономикалық комиссияның жоспарында бар дүние, бұл.
Бұдан бөлек, ортақ электронды валютаға өту мәселесі ұсыныс ретінде айтылып жүр. Еуропалық одақтың ішінде электронды ақша SDR деп аталады. Мен бұған да қарсымын. Әрине, мұның ұтымды жақтары да бар. Қолайлы болады. Есептесу жеңіл. Валюта айырбастап жүрмейді. Кәсіпкерлер үшін тиімді. Бірақ оның зиянды жағы да бар.
Мәселен, «Одан да рубльге өте салмаймыз ба? Ұлттық валютадан бас тартайық!» деген ұсыныстар пайда болуы мүмкін. Өткен жылы екі жақты тауар айналымы 24 млрд доллар болған. Алты млрд долларға тауар сатсақ, 18 млрд доллар тұратын тауар елге кірген. Сонда, электронды есеп айырысу шоты не істейді? 6 млрд долларды минусқа кетіреді. Ал қалған 12 млрд долларды бірдеңемен толтырып беруіміз керек болады. Немен толтырамыз? Ресей оның орнына алтын немесе жер сұрауы мүмкін.
Бірыңғай рубль аймағы – болашақта біздің ұлттық валютамыз болмайды деген сөз. Демек, ұлттық банктің де маңызы жойылады. Ресейдің Орталық банкіне күніміз қарап қалуы мүмкін. Бізге рубль басып берші деп жалынып отыратын жағдайға да жетуіміз ықтимал. Бұған жол бермеу керек.
Тоғжан Қожалы, саясаткер:
Қайтадан колонияға айналып келеміз
– Меніңше, Ресей бұрыннан ортақ валютаға көшу мәселесін көтеріп келеді. ТМД, Кеден одағы, Еуразиялық Экономикалық одақ аймағында бірыңғай валюта енгізуді көздейді.
Біздің банкирлер үш айдан бері артық рубльдің қорланып жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Ресей бұған неге тосқауыл қоймай жатыр? Бәлкім, бұл бір құпия жобаның тармағы шығар. Қазір ресейліктер Қазақстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Арменияға көшіп келіп жатыр. Мұның астарында астыртын бір құйтырқылық бар шығар. Мәселен, рубль жұмыс істеуі үшін аймақты толтыру қажет дегендей. Өйткені, Украинадағы соғыстың алдында рубль ағылып келген жоқ.
Қазір рубльдің бағасы екі есе өсіп кетті. Бұл – жасанды түрде қолдау көрсету. Дүниежүзінде рубльдің қажеті жоқ. Бірақ ол өзге елдерге тарауы керек. Соның бір тәсілі – ТМД елдерімен рубльмен есеп айырысу, тіпті бірыңғай рубль аймағына көшіру. Бұл – ресейліктер көп тұратын ТМД елдеріне рубльді жасанды түрде, күштеп кіргізу емес пе?
Басқа тауарлардың кіруіне жасанды түрде тосқауыл қойып, Ресей бұл аймақтан өз тауарларын сататын нарық жасап жатыр. Осылайша ақшасының тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Рубль енді бізге бұдан үлкен леппен лап қояды. Біздің еліміз теңгенің емес, рубльдің аймағына айналмақ. Қайтадан колонияға айналып келеміз.
Арман Бейсенбаев, экономист:
Ресейдің мақсаты – бұл аймақта өзінің үстемдігін орнату
– Біздің ұлттық валютамыз Ресей рубліне, оның динамикасына басы бүтін шырмалған. Болып жатқан оқиғаларға байланысты қазір сәл де болса ара-жігі ажырағандай көрінеді. Бұл – Қазақстан аяқ астынан ұлттық валютасы бар егеменді ел болып кетті деген сөз емес. Тәуелді болғанда қандай! Қаласақ та, қаламасақ та, қорықсақ та, қорықпасақ та, жағдай осы. ТМД елдерінің бәрі түгел дерлік Ресейдің экономикасына тәуелді. Оның объективті экономикалық себептері бар.
Ресей экономикасына қандай да бір қатысы бар ТМД елдерінің ұлттық валюталары ресейлік рубльге тәуелді болады. Демек, бұл мемлекеттердің бәрі де рубль аймағына кіреді. Ресей бұл елдерге, соның ішінде бізге де, өзінің еркін таңа алады. Қазір Ресейдің көздеп отырғаны – рубль аймағын барынша, мүмкіндігінше кеңейту. Әрекетке көшіп те жатыр.
Бұл түйткіл күні кеше не бүгін пайда болған жоқ. Ресей әдейі рубль аймағын кеңетіп, Еуразиялық экономикалық одақты рубль аймағы етуді көздеп отыр. Рубль емес, атауы басқа валюта «Алтын» пайда болған күннің өзінде, бұл валютаны бәрібір Ресей басқаратын болатын. Және бұл рөлді ешкімге беріп қоймайды. Сондай-ақ біздермен ақылдасып та жатпайды.
Ресейдің мақсаты – бұл аймақта өзінің үстемдігін орнату. Саяси тұрғыдан бұған қол жеткізе алмаса, экономикалық тұрғыдан жасайды. Сондықтан бұл аймақта Ресей өз үстемдігін орнатып жатыр.
Шынын айту керек, нені сөз етіп жатқанымызды түсінбеймін. Өйткені, біз қазірдің өзінде рубль аймағындамыз. Қазірдің өзінде рубльмен есеп айырысып жатырмыз. Біз енді өтіп жатқан жоқпыз, әлдеқашан өтіп қойғанбыз. Әрине, әзірге жүз пайыз емес. Бірақ айтарлықтай үлкен көлемде. Бұл әлдеқашан жолға қойылып, сағаттың тіліндей мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл – ешкімге құпия емес, қазіргі экономикалық шындық! Сауал бес жылға кеш қойылып отыр.