11 Сәуір 16:51

Ресейге тәуелділік: Нан болмаса, қалай ән болады?

Фото:

Қазақстандық диірменшілер қоймада шамамен бір жарым аптаға дейін жететін астық қалғанын, одан кейін диірмендерін тоқтатуға мәжбүр болатынын айтты.

Бұған не себеп екенін, алда қандай шаралар қолданылатынын Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова жауап берді.

«Ішкі нарықта сәуірдегі жағдай бойынша 6,4 млн тонна бидай бар. Оның ішінде 3,4-і – шаруалардың қолындағы астық. Оны жоғарыда бірнеше рет атап өттік. Мемлекет тарапынан қолданылатын шаралар туралы да айттық. Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 15 сәуірден 15 маусым аралығында Қазақстан тарапынан экспортталатын бидайға шектеу қойылады. Бұл шектеудің көлемі – 1 млн тонна. Аталған мерзімнің өтуіне байланысты бұл шараларды жалғастыру туралы немесе тоқтату туралы шешім қабылданатын болады», – деді департамент директоры. 

Азық-түлік корпорациясының ресурстарында 800 мың тоннадан астам астық бар, олар қажет болған жағдайда жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілетін болады.

БАҚ-та ұнның немесе нанның бағасының көтерілетіні туралы көп ақпарат тарап жатыр. Назгүл Хатепова Ішкі нарықта бидайға немесе ұнға деген тапшылық жоқ екенін атап өтті. 

Қоймадағы астықтың таусылуына Ресейдің бидай жібермеуі себеп деген ақпаратты министрлік өкілдері жоққа шығармады. Әлемдік нарықта Ресей тарапынан салынған шектеуге байланысты бидай мен ұнға деген сұраныс артқаны белгілі.

«Шындығында, Ресейден алып келген бидайдың есебінен ұн тарту кәсіпорындары өздерінің өндірістерін жүргізіп отырды. Қазіргі таңда Ресейдің тарапынан қойылған шектеуге байланысты аталған ұн тарту кәсіпорындары ішкі нарықтағы бидайды сатып алуға мәжбүр. Бірақ, әрине, бұл дегеніміз, Ресей экспортын тоқтатқандықтан қандай да бір тапшылық туындады деген сөз емес. Ішкі нарықта солтүстіктен батысқа бидай тасымалдау шығындарының немесе Ресейден әкелу шығындарының арасындағы айырмашылық өте үлкен.

Өңірлерде шамамен 45-50-ге тарта ұн тартатын кәсіпорын бар. Солардың жартысына жуығы ресейлік өніммен жұмыс істеп келді. Олар алдағы уақытта тоқтап қалмайды. Өтінім берген жағдайда, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арзандатылған бидайды өңірлерге апарып, тартып, жекелеген облысқа қажетті көлемде ұн өндіруге қауқарлы. 

Қазіргі кезде біздің ішкі нарықта ең негізгі ұн өндіретін үш өңіріміз бар. Олар: Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары. Аталған облыстың шаруаларында және басқа да облыстардың (Павлодар, Қарағанды облыстары) шаруаларында қажетті деңгейде бидай қоры бар. Сол себепті, ішкі нарықтағы астықты сатып алу арқылы өзімізміздің ұн тарту кәсіпорындарымыз жұмысын жалғастыратын болады», – деді Назгүл Хатепова. 

1 млн тонна бидай, 300 мың тонна ұн. Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия экспортқа арналған квотаның осындай көлемін белгіледі. Шешім 1 сәуірде қабылданып, 15 сәуірден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, экспортқа қойылған шектеу маусымның ортасына дейін жарамды болады. 

Тегтер: