Президент Жолдауында әлеуметтік салаға НЕГЕ ерекше тоқталды?

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы Жолдаудың жөні бөлек. Бұл – Жаңа Қазақстанға бет бұрған, өзгеріс пен жаңашылдықты көздеген мемлекеттің жолдауы. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталуының да мәні осында жатқан сияқты.
NEGE тілшісі жолдаудың әлеуметтік сала төңірегінде қандай түйткілдерге басымдық берілгенін саралауға тырысты. Адам – капитал, халық – әлеумет. Сондықтан әлеуметтік мәселе шешілмей, экономика да ілгері жылжымайтыны айдан анық. Осы тұрғыда жолдауда әлеуметті елең еткізген тұстарға тоқталдық.
Бірінші – ұлт денсаулығы. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», – деген президент медицинадағы олқылықтар туралы былай деді:
«Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі»
Президент айтқандай, бұл салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.
«Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет», – деп түйіндеді.
Айтпақшы, президент келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырғанын жеткізді. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі.
Төрегелді Шарманов, академик:
Денсаулық болмай, жақсы өмір жоқ
– Ұлттың денсаулығына президент ерекше тоқталды. Денсаулық – ұлттық құндылықтың жоғары сатысында тұр. Денсаулық болмай, білім де, ғылым да жоқ, жақсы өмір де жоқ.
Ұзақ, сапалы өмір сүру адамның денсаулығына байланысты. Ауру-сырқау бар жерде сапа да азаяды. Сондықтан денсаулық саласына ерекше мән беру керек. Ұлттың денсаулығы, ұлттың ұлт болып қалыптасу мәселесі мемлекет үшін маңызды түйткіл екені анық.
Президент мәселені дер кезінде қолға алды. Әрине, медицина саласында шешімін таппаған жайт көп. Әсіресе, медициналық сақтандыруды жетілдіру керектігіне тоқталғанын қолымды көтеріп қолдаймын. Бұл халыққа тиімді жағынан қолайлы болғаны жөн.
Әйелдер 2028 жылға дейін зейнетке 61 жаста шығады
Көптің көңіліндегі екінші мәселе – әйелдердің зейнет жасы мен балаға берілетін жәрдемақы.
«Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді», – деп тәптіштеді Мемлекет басшысы.
«Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз» дегені талайдан жыр болған мәселеге нүкте қойды. Әзірге алты жылға дейін бұл тақырып күн тәртібінен түсе тұрмақ.
Тағы бір мәселе – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді тапсырды.
Меруерт Махмұтова, экономист:
Ең төменгі жалақы 100 мың теңге болуы керек
– Ең төменгі жалақыны 60 мыңнан 70 мың теңгеге көтеру туралы айтты. Бұл арқылы 1,8 млн азаматтың табысы көтерілмек. Шындыққа қарасақ, бүгін халық 60 мыңға да, ертең 70 мың теңгеге де күн көре алмайды. Сондықтан ең төменгі жалақы кемінде 100 мың теңге болуы керек. Неге?
Себебі, халықаралық ұйымдардың топшылауынша, ең төменгі жалақы экономикадағы орта деңгейлі жалақының 35 пайызына тең болуы керек. Бірінші тоқсандағы экономикадағы орта деңгейлі жалақының мөлшерінен 35 пайызды алғанда 100 мың теңге шығып тұр.
Бұған дейін ең төменгі жалақыны статистика бойынша 2,5 млн азамат алды. Сондықтан 60 мың не, 70 мың не, ешқандай айырмашылығы жоқ. Қазір баға күннен күнге қымбаттап, инфляция күшейіп барады. Меніңше, 70 мың жалақы маңызды мәселелерді шеше қоймайды.
Ал әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жаста қалдыруына тоқталсам, осыдан бұрын 2026 жылға дейін жыл сайын жарты жылға ұлғайып отырады делінген. Бірақ бұл бюджеттің кірісіне байланысты. Бюджет табысының көп бөлігі мұнайдан түседі.
2028 жылға дейін халықаралық нарықта мұнай бағасы қандай болады, белгісіз. Биыл КТК (Каспий құбыры консорциумы) бойынша экспортты Ресей төртінші рет тоқтатып жатыр. Сондықтан жоспар мұнай экспорты тарапынан орындала ма, жоқ па, ешкімнің көзі жетпейді.
Жылдың соңына дейін әлі төрт ай бар. Себебі, экспорттан түсетін салық маңызды. Бюджет те, ұлттық қор да мұнайдан түсетін салықтан құралады.
Тағы бір мәселе – Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына аудару. Өз басым мұны дұрыс шешім деп қабылдаймын. Бірақ биыл инвестициялық табыс қалай болады, аз ба, көп пе, белгісіз. Сондықтан мұны 2024 жылдан бастап жүзеге асырса, ата-ана оны 18 жасқа дейін күтпей, денсаулығына, білім алуына жұмсауына мүмкіндік беру керек. Ал 18 жасқа дейін теңге құлдыраса, ол ақшадан ештеңе қалмауы мүмкін.
Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы көбейеді
«Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керек» деген президент 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз» деп бала тууға қабілетті аналарды қуантып қойды.
«Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді», – деді.
Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ. 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр.
Үшінші мәселе – білім беру жүйесі туралы.
«Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет.
Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн.
Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», – деді президент Қ.Тоқаев.
Ардақ Шатемірқызы, «Saniya» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі:
Мемлекеттік және жекеменшік балабақша тәрбиешілерін бөлмесе екен
– Балабақшадағы тәрбиешілердің мәртебесін көтеру деген мәселеге қуанып отырмын. Өйткені, тәрбиеші де – педагогтар, баланың мектепке дейінгі тәрбиесіне жауапты маман. Олардың жұмысы мектептегі мұғалімнің жұмысынан артық болмаса, еш кем емес. Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу және жоспарға сай білім беру оңай шаруа емес. Сондықтан тәрбиешілердің жалақысын көтеру қажеттігін құптаймын. Таңнан кешке дейін балаларға қарау, киіндіру, білім беріп, тәрбиелеу – үлкен еңбек.
Мысалы, мемлекеттік балабақша тәрбиешілердің категориясын көтеру шарасы мемлекет есебінен қарастырылған. Ал жекеменшік балабақша өзін-өзі қаржыландырып келеді. Сондықтан мемлекеттік оқу стандартына сай жұмыс істейтін жекеменшік балабақшадағы тәрбиешілердің біліктілігін арттыру мемлекет есебінен қарастырылса деп есептеймін.
Шамамыз келсе, тәрбиешілердің білікті болғаны жақсы ғой. Бәрін қамтуға жағдай жете бермейді. Біз де мемлекеттік балабақшалардан кем жұмыс істемейміз. Қазір екеуіне де қойылатын талап бірдей. Дегенмен, мемлекеттік балабақшадағы тәрбиешілерге көп көңіл аударады.
Мысалы, біз тәрбиешілерді жаз айында алпыс күндік демалысқа жібергенде қаржы жетпей жатады. Ал аттестациядан өтуге келсек, талап ортақ. Бұл кезде де құжаты да, талап-міндеті де мемлекеттік балабақшамен бірдей. Сондықтан мемлекеттік және жекеменшік балабақша тәрбиешілерін бөліп-жармаса екен деген тілегім бар, – деді А.Шатемірқызы.
Сондай-ақ, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Жоба жүзеге асса, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалып, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешімін таппақ. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
«Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек».
Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Осы бағытта бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер қажет екенін тілге тиек еткен мемлекет басшысы педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданатынын айтты.
«Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс», – деген пікірде.
Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету.
«Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн», – деді президент.