20 Сәуір 12:57

Шпекбаевтың «мүмкіндігі жоқ», ал Ахметжановтың ше?

Фото:

Сәуірдің 8-і күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сол кездегі төрағасы Алик Шпекбаевтың атына ресми сауал жолдап, сұхбат беруін сұрағанбыз. Шпекбаев қызметінен кеткен күні бірінші орынбасарынан жауап келді.

Төрағаның бірінші орынбасары О.Бектенов бүй дейді: «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) (бұдан әрі – Агенттік) Сіздің 2021 жылғы 8 сәуірдегі хатыңызды қарап, Агенттік Төрағасының жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты сұхбат беру мүмкіндігінің жоқ екенін хабарлайды».

Алик Жатқамбайұлының қолы енді босаған болса керек. Бұған дейін «жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты сұхбат беру мүмкіндігі жоқ» болса, қазір мүмкіндігі бар деп ойлаймыз. Әзірге басқа қызметке тағайындалған жоқ. Немерелері мүмкіндік берсе, уақыт табуға тиіс. Сондықтан сауалымыз әлі күшінде: Төраға кезінде не істеді, не істей алмады? Көп жау тауып алған жоқ па? Қызметінен неге кетті? Енді немен айналыспақ?

Осы және басқа да сұрақтарымызға жауап берем десе, Nege.kz мінберін ұсынуға дайынбыз.

Ал енді жаңа Төраға Марат Ахметжановтың сұхбат беруге мүмкіндігі бар ма? «Мүмкіндігі жоқ» А.Шпекбаевқа жолдаған сауалдарымыздың адресаты мен мазмұнын аз-кем өзгертіп, «мүмкіндігі бар» Марат Мұратұлына жолдаймыз.

«Енді ғана қызметке келдім ғой, жұмыс барысымен танысып үлгергенім жоқ» деген сылтау айтса, Төрағаның өзі білер. Атынан ат үркетін Агенттік төрағасының қаншалықты ашықтығы алғашқы әрекетінен-ақ белгілі болмақ. Сондықтан біз әзірге тамыр басып көрмекпіз...    

Тегтер: