6 Желтоқсан 09:58

Қымбатқа түскен медицина: Көппрофилді ауруханалар құрылысы мемлекетті қалай қарызға батырады?

Фото:

Былтыр қабылданған денсаулық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы елімізді қарызға белшеден батыратын сияқты. Әңгіме осы бағдарлама аясында салынған 20 көппрофилді аурухананың құрылысы жайында болмақ.

Оның 6-ы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заң нормасына сәйкес құрылысын бастады. Алайда, осы жобаның жай-жапсарына үңілсек, мемлекеттің мүддесі тұрғысынан жасалып жатқан шаруа еместігін бажайлауға болады. Сірә, бұл ертең қомақты қаражат сызбасы жазылған сметаға жауапты кінәлілерді шаммен іздеп таппауға жақсы себеп шығар, кім білсін?!   

Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобасын жүзеге асыру бойынша 6 хабарлама жарияланды. Бұл Түркістан мен Көкшетау қаласындағы 630 орындық көппрофилді аурухананы пайдалануға беруге қатысты. Бұдан 400 орынға кем аурухана Қостанай қаласында да салынып жатыр. Мұнымен қоса Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана медициналық университеті» ҒАҚ жанындағы бірлескен университеттік аурухана салу және пайдалануға беру, сондай-ақ Шымкент қаласындағы бір ауысымда 700 адамды қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталық пен 100 орынға арналған көппрофилді университеттік аурухана салу жобасы бойынша хабарландыру көзге ілікті. Дәл осы сияқты аурухана Петропавл қаласында да бой көтермек.  

Жыл басында кейбір ақпарат құралдарында осы жобалардың жүзеге асуы жөнінде әртүрлі мәлімет жарияланған еді. Соның бірінде жаңа медициналық нысандардың қандай бағытта жұмыс істейтіні және құрылыс алаңының көлемі, сондай-ақ супер заманауи аурухананың жергілікті тұрғындарға берер пайдасы тәптіштеліп айтылды. Ал бұл жаңа жобалардың құны қанша тұрады? Әуелгіде БАҚ-та Түркістан қаласындағы нысан 100 млрд теңгеге бағаланғаны жазылса да, аз уақыттан кейін смета екі есеге өскен.

Осы тұрғыда «Время» газеті Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдаған. Бірақ жауап күткендегідей болмады.

Біріншіден, әр аймақтағы осы жобаның басы-қасында жүрген жекеменшік компаниялар туралы жан-жақты ақпарат білгіміз келген. Жауапта бірнеше компанияның аты аталады. Мәселен, «HOSPITAL АТМ» ЖШС, «РенЭлл Көкшетау» ЖШС деп кете береді. Бұдан түйгеніміз, бұған дейін ақпарат құралдарында YDA Group түрік компаниясының аты аталса да, бес аурухана бойынша аймақтарда филиалы бар бір компания жұмыс істеп жатқаны белгілі болды.

Яғни, әлгі түрік компаниясы тапсырыс беруші ретінде есептелсе, құрылыс жұмысын үлескер ретінде қазақстандық BI Group атқарды. Содан кейін де әрбір аурухананы іске қосарда Айдын Рахымбаевтың жылт еткен суретін көріп қалып жүрдік.

Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің өзі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында арнайы байқаудың өтпегенін растады. YDA Group түрік компаниясы инвестор ретінде өз еркімен Қазақстан үкіметіне шығып, супер заманауи аурухана салып беруге бастамашыл болған.  Алайда, МЖӘ заңының шартына сәйкес, компанияның сол нысан жанында жемекеншік жер учаскесі немесе сол сұраныс берер кезде ұзақмерзімді жалға алынған нысаны болуы тиіс. Десек те, компания заң талабына сай әрекет ете алмаған соң жергілікті әкімдіктер жер учаскесін нақтылауға көмектесіп, тіпті нысан инфрақұрылымын да жергілікті бюджет есебінен жүргізіп берген көрінеді.  

Үшіншіден, министрлік салынып жатқан алты нысанның құрылысы қай сатыда жүріп жатқанын және пайдалануға қашан берілетінін де маңдытып айтпады. Шенеуніктердің айтуынша, әзірге барлық жоба келіссөз аясында ғана. Задында, келіссөз құрылыс жұмысы басталғанға дейін жүргізілмейтін бе еді?    

Төртіншіден, заң бойынша МЖӘ жобалары жөніндегі қысқаша мәлімет екі тілде мерзімді басылым бетінде жариялануы тиіс. Бес жоба бойынша  хабарландыру «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газетінде жарияланды да.

Түркістандағы аурухана құны: 450 млн доллар ма, әлде 400 млрд теңге ме?

Бір қызығы, ДСМ жауабына сенсек, Түркістан қаласындағы көппрофилді аурухана туралы хабарландыру былтыр қыркүйек айында «Наше кино» деген газетте жарияланыпты. Алайда, біз бұл аты бар, заты жоқ белгісіз басылымды қанша іздесек те, Қазақстан аумағынан таба алмадық. Сөйтсек, Түркістан қаласында салынатын аурухана жайындағы хабарландыру айдаладағы қарағандылық «Новый вестник Плюс» ЖШС-не қарасты 2018 жылы тіркелген «қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық, танымдық және көңіл көтеретін, сондай-ақ жарнамалық және медициналық» «Мировое TV» атты басылымға шыққан. Қарағанды қайда, Түркістан қайда? Сонда ДСМ неге жалған ақпарат беріп отыр?  

Сонымен, Түркістан қаласында салынып басталған қым-қуыт жобаға тоқталайық. Әу баста инвестициялық жобаны YDA Group түрік компаниясы жүзеге асырады делінген. Нысан құны – шамамен 200 млрд теңге. 2019 жылы басталған құрылыс жұмысын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Жалпы көлемі – 80 мың шаршы метр. Аурухана 2 мың маманды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Жобаға сәйкес, мұнда 13 профилді бөлім, жүрек-қан аурулары реанимациясы, гематология, күйік шалғанды емдеу бойынша екі интенсивті терапиясы жұмыс істейтін болады.

Әрине, бұл жерде «Түрік инвесторы ел медицинасына соншалықты қаржыны құя ма?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Тіпті, қазіргі курспен есептегенде 450 млн АҚШ доллары жұмсалады десек, бұған дейін отандық медицина дәл осындай шетелдік инвестицияны көрген де емес, алған да емес. Коронавирус індеті салдарынан келген дағдарысқа байланысты құрылыс материалдары, медициналық құрал-жабдық, бәрі қымбаттап кетті. Оның үстіне долларға шаққандағы теңгенің тұрақсыздығы да жобаның құнын бірнеше есе өсіріп жіберуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде жобаны 400 млрд теңгеге бағалап отырғанын да айта кету керек. Тіпті, жоба құнын 450 млн доллар деп алып, оны 80 мың шарты метрге бөлсек, бұл қымбат клиниканың әр шаршы метрінің құны 5700 АҚШ доллары шығады. Мұндай баға біз тұрмақ, әлемде жоқ.

Ал ашық дереккөздердегі мәліметке шолу жасасақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша салынатын Түркиядағы медициналық нысан құрылысының шаршы метрі 800 доллардан аспайды. Демек, бұл жерде бір кілтипан бар деген сөз. Таяуда «Бәйтерек» мемлекеттік холдингінің сайтында Түркістандағы жобаға қатысты қызық ақпарат шықты. Онда «холдинг МЖӘ бойынша салынып жатқан құрылыс жобасын қаржыландыру инвестициясын қайта қарады. Енді 80 пайызын мемлекет қарызға береді, қалған 20 пайызы – инвестор тарапынан бөлінеді» делінген. Бұдан кейін түрік компаниясы да қазақстандық медицинаға ақша құю тәуекеліне бармайтыны айдан анық. Одан да үйреншікті тізбекпен жүріп, пайда көргені жақсы емес пе?

Бұдан біздің мемлекетке не пайда? Көпрофилді аурухананы инвестор салып, пайдалануға береді, ал қаржысын Денсаулық сақтау министрлігі төлей ме? Аурханаға қажетті медициналық жабдықты сатып алу ше? Сонда 630 орынға арналған клиника 1,5 трлн теңгеге шықса, мың орындық ауруханаға қанша қаржы жұмсалмақ? Осы құжатқа қол қоятын шенеуніктер өлетін жерін білсе, «молаға қарай жүгірмес» деп ойлаймыз. Бірақ, қайдам...       

Тегтер: