29 Маусым 18:41

«Байлап апарса, көреміз...». Ұстаздар НЕГЕ алаң көңіл?

Фото:

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина салу соңғы кезде қарқынды жүріп жатқанға ұқсайды. Себебі, билік, жергілікті әкімдік халықты екпе салуға үгіттеу үшін түрлі амалдарға көшкен. Оған мысал – ірі сауда үйлері, кәсіпкерлердің көмегімен ұтыс ойындары ойнатылып, жұрттың көңілін аулайтын әрекеттер ұйымдастырылып жатыр. Тіпті, ұтыс тізімінде көлік, шетелге жолдама, пәтер де бар.

Сонымен, бүгінге дейін Қазақстанда I компонентпен 3 246 795, II компонентпен 1 954 372 адам вакцина салдырды. Мамандар да, ел тізгінін ұстағандар да көрсеткіштің төмендігіне қынжылуда. Олардың айтуынша, қоғамда екпеге келгенде керітартпа пікір көп. Мейлінше, екпені өз еркімен салуды үгіттесе де, мәжбүрлі түрде сол жолды таңдауға басымдық беріліп отыр. Айталық, мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндер екпе салдырмаса, апта сайын ПТР-тест тапсыруға міндетті. Ол – қып-қызыл шығын.

Айналып келгенде, екпе салдыруға еріксіз көндігесің. Алайда, вакцина жұқпалы індеттен түбегейлі қорғай ма, жоқ па, бұл жағына ешкім жауап қатып жатқан жоқ. Қазірдің өзінде Израильде, Үндістанда екпе алған қаншама адам вирусты қайта жұқтырғаны мәлім болды.

Бүгін Мемлекет басшысы еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету, білім беру саласында міндетті вакциналауды енгізу қажеттігін айтты. Әсіресе, еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету және білім беру саласында міндетті вакциналау енгізуге тапсырма берді.

Бұдан кейін Премьер-министр А.Мамин әкімдерге «вакцина салу қарқынын күшейту керек, бұл, әсіресе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына қатысты. Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету, білім беру саласында міндетті вакциналауды енгізу қажеттігі айқын», – деді.

Жаңа оқу жылында білім ұяларын дәстүрлі форматқа көшіру жоспарланған. Ол үшін ұстаз қауымын екпе салдыруға міндеттеу қолға алынбақ. Бұған ұстаздар не дейді?

Айман Сағидулла, мұғалім:

Былай тартсаң – арба сынады, былай тартсаң – өгіз өледі

– Вакцина салуды міндеттеуге ешкімнің қақысы жоқ. Соның ішінде мұғалімді де. Әркімнің өз еркі өзінде боулы керек. Бұл – конституциялық құқымыз. 2020 жылы жаңа медициналық кітапша шыққан. Сонда екпе салу туралы айтылған екен. Білім туралы заңда біз санитарлық кітапшаны міндетті түрде толтырып, тапсырамыз. Содан кейін ғана мектепке кіруге рұқсат беріледі. Санитарлық кітапшасы жоқ мұғалім мектепке кіргізілмейді. Бұдан былай екпе алмаған мұғалімдерге рұқсат бере ме, жоқ па, ол туралы әлі білмейміз.

Екінші, мектептерде санитарлық талап көбінесе сақталмайды. Коронавируспен ауырған адамның дене қызуы үнемі көтеріліп тұрады деп ешкім айта алмайды. Өзім екі рет ауырдым. Біріншісінде 42 күн ауырғанда мүлдем дене қызуым көтерілген жоқ. Екінші рет 20 күн ауырғанда бір күн ғана жоғары болды. Ал мектепке тек қана дене қызуы жоқ адамдарды ғана кіргізеді. Оның вирус жұқтырған немесе жұқтырмағанын дене қызуының көтеріліп тұрғаны ғана анықтамайды ғой. Адамның ыстығын өлшеу арқылы ғана мектепке кіргізеді. Бұл дұрыс емес.

Ең басты мәселе – адам денсаулығы. Мұғалімдер, оқушылар ауырмасын. Көктемде министр Аймағамбетовтің атына Фейсбук арқылы бір-екі мектепте вирустан қайтыс болған мұғалімдерді айтып, мектепті жабу туралы хат жаздым. «Былай тартсаң – арба сынады, былай тартсаң – өгіз өледі».

Өзім екпе алмадым. Вакцинада вирустың әлсіреткен түрі болады дейді. Мен оны менсінген жоқпын. Себебі, көктемде ауырғанда миллиондаған вирус болды, антидене қалыптасты. Өзім вируспен қалай күресуді білемін. Сондықтан вакцина аламын ба, жоқ па, ойланған да жоқпын. Екіншіден, вакцина алыңыздар деп те, алмаңыздар деп те айта алмаймын. Мен мұны зерттеген ғалым емеспін. Ал қыркүйекте санитар кітапшама қол қоя ма, жоқ па, білмеймін.

Гүлнәр Жүнісбекқызы, Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Ұстаздардың 80 пайызы екпе салдырды

– Әрине, індет кезінде студенттердің білім алуы, тәжірибеден өтуі қиындап қалды. Біз дайындайтын мамандықтар – туризм, тамақ өнеркәсібі, қонақүй шаруашылығы, яғни, халыққа қызмет көрсетеді. 2020 жылдың 16 наурызында қатаң карантин режимін сақтай отырып әртүрлі технологияны пайдаланып, онлайн білім бердік. Бір жарым жыл ішінде қиындықтар болды. Онлайн режимінің жақсы жағы да болған шығар.

Екпе алу ұжымдық иммунитет қалыптастырады. БАҚ арқылы екпе алудың жақсы және кемшін жағын оқып жатырмыз. Меніңше, екпе туралы толық ақпарат берілмегендіктен әркім әртүрлі алыпқашпа әңгіме шығарып жүр. Екпе алмасақ, қалыпты жағдайға келуіміз қиын. Сондықтан індеттен шығар жол – тек екпе алу.

Өз басым «Спутник V» екпесінің екі компонентін де алдым. Жалпы, вируспен ауырмаған адам жоқ шығар. Ол кезде антидене болды. Бірақ 5-6 айдан кейін ол жоғалып кетеді екен. Екінші рет ауырғым келмеді.

Демек, халыққа түсіндірме жұмысы дұрыс жүргізілуі керек. Колледждегі ұстаз қауымының 80 пайызы екпе салдырды. Жаңа оқу жылында дәстүрлі білім беру жүйесіне көшкіміз келеді. Онлайн кезінде білім беру сапасы айтарлықтай төмендеді. Оның үстіне студенттердің оқуға деген жауапкершілігін азайтты. Білімін тәжірибе жүзінде жетілдіре алмады. Бәрі бір-бірімен байланысты ғой. Ал студенттерге міндеттеп жатқан жоқпыз, бірақ  ақпарат ретінде айтамыз. Қоғамдық ортада емін-еркін жүргіміз келсе, халықтың 60-70 пайызы екпе алуы керек. Сонда баяғы қалыпты өмірге келеміз. Әрине, екпе алған адам ауырмайды деген әңгіме жоқ. Бірақ жеңіл өтіп, 90 пайызға дейін жұқтыру қаупі азаяды екен. Бұрын да оба, туберкулез, қызылша, тіпті тұмау ауруына қарсы екпе алып келдік. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ.  

Мейіржан Темірбек, информатика пәнінің мұғалімі:  

Бопсалау министрден басталған жоқ па?

– Вакциналауды мәжбүрлеуге болмайды. Бірақ бізде бәрін күтуге болады. Мал құсап айдамай, адам сияқты түсіндіру керек еді. Вакцинаны алуға барғанда «өз еркіммен келдім» деп қолхат жазып беру керек екен. Мен педагогтарды мәжбүрлеп «сағат алмайсың», «күзде мектепке кіре алмай қаласың», «бүйте алмайсың», анау-мынау деген бопсалауға, мәжбүрлеуге қарсымын. Бірақ өкінішке қарай, бопсалаудың өзі министрімізден басталған жоқ па?!

ҚР Конституциясының 14-бабында: 1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. 2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды, – десе де QR кодпен бізді бөліп тастады. Менде әзірге көк жанып тұр.

Ал енді 21-бапта былай дейді: 1. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. 2. Әркімнің Республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

Сондықтан «Неге вакцина алмайсың?», «Күзде мектепке кірмейсің», «Сағат алмайсың» деген бопсалауларға, соның ішінде жоғарыдан басталған бопсалауға қатысты айтарым, әзірге вакцина алғаным жоқ. Байлап апарса, көреміз. Басқаларға алмаңдар демеймін, әркім өзі шешкені дұрыс.

Біржан Дүйсенов, химия пәнінің мұғалімі: 

Қашанғы онлайн оқимыз?

– Екпе алдым. Қазір штаттық режимге көшу үшін барлық мұғалім екпе салғызу керек деп жатыр ғой. Содан кейін алдық. Расында да, қашанғы онлайн оқимыз? «Екпе алғандар қайта ауырмайды» дегенге сенім аз. Оған Үкіметтің өзі кепіл бола алмай тұрғанда, біз не айтамыз? Бірақ «Сақтықта қорлық жоқ» деп салғыздым.

Тегтер: