«Отбасы банк» НЕГЕ ипотека нарығындағы «көбікті үрлеп» отыр?
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Отбасы банкінің» ипотекалық нарыққа ықпалын азайтуды көздейді.
Монополияға қарсы органның пікірінше, ипотекалық несиелеу қызметі нарығында соңғы жылдары жоғары шоғырландыру басым. Бәсекелестік дамымаған. Жүргізген талдауының нәтижесі бойынша, агенттік Ұлттық банкке және Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттікке, Ұлттық экономика министрлігіне, Қаржы министрлігіне бірқатар шара қолдану туралы ұсыныс беріп отыр. Соның ішінде аралық және алдын ала несиелердің үлесін қысқарту және «Отбасы банк» АҚ-ны осы нарықтың коммерциялық сегментінен мүлде шығару да бар. Ал мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар шеңберінде тұрғын үйлерге бағаны тұрақты бекіту көзделмек.
«Отбасы банк» осы уақытқа дейін өзін «елдің әлеуметтік саясатын жүзеге асырып отырған операторлардың бірі» деп атап келген болатын. Десе де, соңғы кездері «тұрғын үй нарығындағы монополист» деген сынға қалып жүр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұл қадамдарын экономист Арман Бейсембаев қос қолдап қолдап отыр.
Арман Бейсембаев: «Ипотекалық бағдарламалардың бәрін тоқтату керек!»
– Бұл өте дұрыс қадам. Мұны дереу жасау керек. Өйткені, тұрғын үй нарығында шоғырлану деңгейі өте жоғары. Мәселе – «Отбасы банкінде» ғана емес. Ол – тек қана оператор. Мемлекеттік көмек пен мемлекет қаражатын алушы ғана. Гәп тұрғын үй нарығына мемлекеттің өзі күшті ықпал етіп отырғанында.
Тұрғын үй нарығына жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдігі бар ипотекалық бағдарламамалар арқылы 1-1,5 триллион теңгеге дейін қосымша қаржы құйылып жатыр. Бұл – бюджеттің ақшасы. Шынтуайтында, бұл қаражатты осы салаға құймауға да болады. Оны зейнетақыны, жәрдемақыны, бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлердің айлығын көтеруге жұмсау ләзім. Ал қазір бұл ақша түсініксіз жаққа кетеді. Бізде бюджет жетіспеушілігі 6 триллионға жуықтап қалды. Ал біз ақшаны қайда жұмсап жатырмыз?
Бұл қаржының негізгі бенефициары, қатысушысы – құрылыс компаниялары. Құрылыс компаниялары бюджет қаржысын алып қана қоймай, салынып жатқан тұрғын үйді аспандаған бағаға сатады. Олардың маржасы, яғни тауардың өзіндік құны мен бағасының айырмашылығы – 70, 80 пайыз. Мұның бәрі бюджет қаржысының «арқасы». Сондықтан, барлық жеңілдігі бар ипотекалық бағдарламаларды жауып тастау қажет. Мүлдем қажет емес.
Бұл нарықта біреулер тұралап қалса, құрылыс компаниялары банкротқа ұшыраса, демек солай болуы тиіс. Мемлекет бұған бас қатырмауы керек. Қазір орасан зор қаржы тұрғын үй нарығына құйылып жатыр. Бұл нарықтың онсыз да күйіп тұрғанын көріп отырмыз. Біздің нарықтағы сатып алу қабілетімізді ескерсек, пәтерлер бағасы мұндай деңгейде болмауы қажет. Мұның бәрі – мемлекеттің сауатсыз саясатының салдары. Бюджет қаражатын мүлде қажетсіз жерге салып жатыр.
Жыл сайын бөлініп отырған 1-1,5 триллион теңге шамасындағы қаржының операторы, біріншіден – құрылыс компаниялары, екіншіден – «Отбасы банк». Банк бұл қаржыны қайта бөледі. Пайыздар, комиссиялар, пайыздық табыс түрінде, ақшаны орналастыру, ипотекалық несие және тағысын тағылар арқылы табыс табады. Бұл тұйық шеңберді үзу керек. Оны қорқынышты түс секілді ұмытуға тиіспіз. Тіпті, баға үш-төрт есе түсіп кетсе де, барлық құрылыс компаниялары банкротқа ұшараса да. Бұл төлеген құнымыз болады. Егер біз нарықты сауықтырғымыз келсе, осындай батыл қадамдарға баруымыз қажет.
Мұның кесірінен жағдайы жақсы адамдар ипотекалық бағдарламаларды пайдаланып, жаңа үйлердегі пәтерлерді бүтін бір подъездерімен сатып алып жатыр. Мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалар аясында болып жатқан іс. Сосын олар екінші кезектегі, яғни мемлекеттік ипотекалық бағдарлама бойынша кредит алушыларға негізсіз қымбаттап кеткен пәтерлерді қайта сатып жатыр. Бұл не, сонда? Мұның бәрін тоқтату керек! Сонда алыпсатарлар да азая түседі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы банкі» тұрғын үй институты болып қайта құрылуы тиіс» деп бекер айтқан жоқ. Бұл институт нарық бағасымен баспана сатып ала алмайтын көп балалы аналарға, жалғыз басты аналарға, әлеуметтік жағынан осал адамдарға тұрғын үйлерді бөлумен айналысуы тиіс. Бұл мемлекеттік саясатпен толық үйлеседі. Өйткені, біздің мемлекет – әлеуметтік мемлекет. Мұның бәрі оп-оңай «Отбасы банк» арқылы іске асады. Бастысы – бұл компанияның жарғысын қайта жазу. Отбасы институты халықтың кедей бөлігімен тікелей айналысуы керек. Сөзіме сенсеңіз, бізде кедейлер тым көп.
Ал ипотека нарыққа көшуі тиіс. Ипотеканың нарықтық мөлшерлемесі 18-20 пайыз болса, солай қалғаны жөн. Мұндай ипотеканы ешкім алмаса, ол да дұрыс болғаны. Өйткені, бұл – нарықтық экономика. Керек адам алады, қалтасы көтермесе, алмайды. Нағыз нарықтық экономиканы қаласақ, бәрі осылай болуы тиіс. Ешқандай банк бюджет ақшасына қол салмауы керек. «Нарық жағдайында жұмыс істеңдер» деп, бәрін астау басынан қуып шыққан жөн. «Жұмыс істей алмаса, өзінен көрсін. Мемлекеттен көмек жоқ». Мемлекет осыны бәріне ұқтыру қажет. Бәріне бірдей көмектесе беруге болмайды.
Тағы да қайталап айтамын, түйткіл – «Отбасы банкте» емес, нарық тетіктерін тым бұрмалап жатқанымызда.