Өсетін ел мен өшетін ел. Билік «Ана капиталына» НЕГЕ қырын қарайды?

Еліміздегі халықтың әлеуметтік жағдайы тым құлдырап кеткені жасырын емес. Кешегі наразылық митингінің болуына да қалта қаққан қымбатшылық себеп.
Президент Қ.Тоқаев жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиғадан кейін мәжілістің отырысында біраз түйткілді тілге тиек еткенмен, әлеуметтік саладағы нақты мәселелерге арнайы тоқталған жоқ. Ол – әйелдердің зейнет жасын жылдан-жылға ұлғайту, жәрдемақы.
Президент сол отырыста жасы келген азаматтардың жұмысқа орналасуы немесе шығып қалуы тек билік тармақтарында ғана кездесетіндей жеткізді.
«Алайда, барлық шенеунікті жұмыстан шығарып, жастармен алмастырудың қажеті жоқ. Мұндайда ақылға салу керек. Егер адам 60 жасында жұмысын ойдағыдай атқара білсе, институтционалды түрде ойлай алса, мемлекеттік қызметке пайдалы болса, оны жұмыстан шығаруға болмайды», – деді.
Әйелдердің зейнетке шығу жасын өсіргеннен не ұтамыз?
Шын мәнінде, бұл – биліктегі емес, қоғамдағы қарапайым жұмысшылардың басындағы өткір мәселе. Жасы 50-ден асқан азаматтың жұмысқа орналасуы қиын. Әсіресе, зейнет жасына таяп қалғандарды түрлі сылтау іздеп, орнынан босату қалыпты жағдайға айналған. Ал президент айтқан биліктегі «зейнеткерлер» асарын асап, жасарын жасап алған деуге негіз бар.
Елімізде әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайтылып жатқаны белгілі. Осыған байланысты биылғы қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60 жас 6 ай болып белгіленді.
Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап көтеріліп жатыр. Оған дейін зейнеткерлікке 58 жаста шығатын. «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 11-бабына сәйкес, әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отырады.
Бұл өзгерісті жүзеге асыру үшін 2018-2027 жылдар аралығындағы 10 жыл ішінде әйелдердің зейнеткерлік жасын 63 жасқа дейін жеткізу жоспарланған.
Яғни, 2021 жылы әйелдер 60 жаста зейнетке шыққан болса, биыл 1 қаңтардан бастап 60 жас 6 ай болған кезде ғана зейнетке шыға алады. 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады.
Президент халықтың әлеуметтік ахуалын түзеуге қатысты нақты тапсырма берсе, бұл мәселені қайта қарау керек. Онсыз да зейнет жасына әрең жететін жұрт әбден титықтап кетті.
«Ана капиталын» енгізу де бос сөзге айналды
Таяуда мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Ана капиталын» енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл елдегі демографиялық жағдайдың артуына айтарлықтай үлес қосады.
«Ана капиталын» енгізуді ұсынамын. «Ана капиталы» еліміздің демографиясына түрткі бола тұрып, көп балалы жанұяларды әлеуметтік қорғаудың инструменті болады», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Бұл үшін қорға жүйелі түрде қаржы түсіп, ол қаржы ұқыпты жұмсалуға тиіс. Мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін осы қорға жіберуді ұсынамын. Қор жұртшылықтың ашық бақылауында болуы керек. Қордың қаржысын салатын қаржы инструменттерінің өзі ашық талқылаудан өтуі тиіс», – деп жазды депутат.
«Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, «Ана капиталын» енгізу туралы айтып келе жатқанымызға неше жылдың жүзі. Осыдан 10 жылдай бұрын сенатор болған Ғани Қасымов та осындай ұсыныс жасаған.
«Бала туғандағы бір реттік жәрдемақы мөлшерін 1,5-2 млн теңгеге көтеру керек. Бұған біздің шамамыз да, әлеуетіміз де жетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы ұсынысты іліп әкетсе, біз «бәрекелді» дер едік», – деген ол.
Ал былтыр Парламентте Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов Үкімет басшысына жолдаған сауалында: «Елімізде дүниеге келген әрбір балаға 4 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде «Ана капиталын» енгізу керек», – деген.
Смайловтың айтуынша, бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың білім алуына, анасының зейнетақы жинақтарына мақсатты пайдалануға бағыттаған дұрыс. Өкініштісі, бұл ұсыныстың бәрі сөз жүзінде ғана қалды.
Жазушы Дулат Исабеков айтпақшы, «әншейінде Ресей насыбай иіскесе, біз түшкіреміз. Солардың бүкіл реформасын қайталаймыз. Ұлтқа керек емес жағын аламыз. Бірақ Путиннің аналарға жасап жатқан жақсылығын «Ана капиталын» қабылдағымыз келмейді» дегені ащы шындық.
Себебі, он-он бес жыл бұрын демографтардың оптимистік болжамы бойынша, Қазақстан халқының саны 2020 жылы 20 млн-ға жетуі тиіс еді. Бірақ біз әлі 19 миллионнан аса алмадық.
Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты:
Өзбектер өсіп жатыр, ал біз...
– Елімізде демографиялық жағдайды шапшаңдату өте маңызды. Осы тұрғыда «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорының аясында «Ана капиталын» енгізуді ұсынамын. Бұл мәселені Үкіметтің де қолдауын сұраймыз. Ең негізгі түйткіл – бұл жоба халықаралық тәжірибеде бар. Ресейде біраз жылдан бері жүзеге асып келеді. Сондықтан жүйелеп, енгізу керек.
Қазақстанның демографиясы көрші елдермен салыстырғанда, артта қалып тұр. Мемлекет те, қоғам да баса назар аудару қажет. «Ана капиталы» – демографияны шешудің бірден-бір жолы. Өзбекстанда өсім көп. Көрші Қытай үш бала тууға рұқсат берді. Олар көбейсе, дүниежүзіне қауіп төнеді. Әсіресе, Қазақстан үшін де қауіпті.
P.S. Бұған дейін Қытайда жылына 18 млн бала өмірге келетін. Қазір шектеуді алып тастаған соң қалада тұратын 40 млн отбасы тағы бір баланы өмірге әкелуді жоспарлап отырғанға ұқсайды. Өзбекстанда жылына 1 млн, ал бізде көп дегенде жылына 200 мың бала өмір есігін ашады екен...