27 Ақпан 10:50
...

Орта табыс тұзағы. НЕГЕ Алматыға түбегейлі шешімдер ауадай қажет болып отыр?

Фото:

Еліміздің іскерлік, экономикалық, мәдени өмірінің, инновациялардың орталығы болып табылатын, аумағы мен халық саны бойынша қарқынды өсіп келе жатқан Алматыны енді не күтіп тұр? Мегаполис дамуы бойынша қабылданған жоспар қандай мақсаттарды көздейді? Nege.kz шолушысы Алматыға қатысты қабылданған жоспарларды сараптап, қала өзіне мақсат етіп қойып отырған бағыттарға жеке тоқталуды жөн көрді. Осы циклдің бірінші мақаласы қаланың қазіргі жайына тоқталады.

Қазақстан бойынша алып қарасақ, Алматы өзінің географиялық тиімді орналасқандығымен, тоғыз жолдың торабында тұрғандығымен және әртараптанған экономикасымен ұтып тұр.

Алматы. Фото: shutterstock.com

Соңғы жиырма жылда қала қарқынды өскен. Алматының аумағы 2014 жылдан бастап айтарлықтай кеңейе бастады. Сонда соңғы 8 жылда қаланың аумағы 33,3 мың гектардан 68,3 мың гектарға дейін өсті. Қала аумағының бір сәтте екі есе ұлғаюы аудандардың әлеуметтік инженерлік, көлік және басқа да инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді нашарлатып жіберді. Инфрақұрылым бәріне жетпейтін болды. Су, электр, газ, жолдың бәріне жетуінде қиындықтар туындай бастады.

Аумағы ғана емес, халық саны да қатты өсіп отыр. Себебі, демографиялық ахуалы жақсы және сырттан көшіп келетіндер көп. Соңғы жылдары Алматыда пайда болған адамдардың 60 пайызы сырттан көшіп келсе, 40 пайызы осы қалада туған жас нәрестелер.

Статистика бойынша 2012 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Алматыға тұрақты тұруға 600 мыңға жуық адам келген, ал 315 мыңға жуық адам қала шегінен тыс жерлерге кеткен. Сонда көші-қонның оң сальдосы шамамен 285 мың адамды құрайды.

Ол Алматы экономикасына үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Оның бір себебі – Алматы сервистік экономиканың қаласы. Ол Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігін қамтамасыз етеді.

Алматы. Фото: primeminister.kz

Алматы адами капиталды өзінің негізгі байлығы деп санайды. Мысалы, шағын және орта бизнес қаланың жалпы өңірлік өнімінің 47,5%-ын қалыптастырады. Сонымен бірге қаладағы азаматтардың 65,4 пайызына дәл осы шағын және орта бизнес жұмыс тауып беріп отыр. Сонымен бірге, мегаполис жастардың қаласы. Тұрғындардың орташа жасы 33,6. 255 мың студент білім алады, 3 мыңнан астам IT компания мен 139 ғылыми ұйым бар.

Қазір Алматы өз даму жолында экстенсивтен көрі шэринг пен қоғамдық кеңістіктер бағытына ауысты. Мысалы, экстенсивті даму көліктерді көбейтіп, оларға көпірлер салып, үйлерді топырлатып тұрғызуды, бақылаусыз өсуді көздесе, қоғамдық шэринг қолда бар ресурстарды неғұрлым сапалы және ойласымды пайдалану, «жеке қоғамдық игіліктерді» - жалға берілетін пәтерлерді, каршеринг пен қоғамдық көлікті дамытуды көздейді. Және бүкіл әлем осыған келіп отыр.

Әлемдік қалаларды дамытудың заманауи жаһандық трендтері мыналар болып табылады:

- Қалалар аумақтардың тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі драйвері ретінде әрекет ете отырып, халықты, өндірістерді және технологияларды шоғырландыру функциясын сақтап қалады.

- Әлемнің ірі қалалары инновацияларды қалыптастыру/өндіру орны, сонымен бірге инновациялардың негізгі тұтынушысы болып табылады.

- Ауылдық аумақтардағы өмір салтының қалыптасқан дағдылары қала талап ететін дағдылардан ерекшеленеді, онда халықтың тығыздығы мен барынша жоғары бәсекелестік адам капиталының рөлі артатын ортаны қалыптастырады, яғни адамдардың қала тұрғындары ретіндегі сипаттамалары  едәуір мөлшерде олардың жеке өмірін ғана емес, сонымен қатар қала өмірін де айқындайды.

- Постиндустриялық тәртіпке, білімдер экономикасына жалпы көшу цифрлық технологияларды белсенді дамыту мен пайдалану қажеттілігін талап етеді.

Осы бағыттардың барлығын зерделеген Алматы енді өз дамуында ESG, адами капитал мен креативті индустрияға баса назар аударатын болады.

Тегтер: