Орынбасар ТОҒЖАНОВ: Мұхиттарда Жапонияның көлеміндей ПЛАСТИК ҚАЛДЫҚТАР жүзіп жүр

Еліміздің экологиялық түйткілдері аз емес. Өзен-сулар арнасы суалып, балығы мен бақасы құрып бара жатыр. Ғаламдық жылыну үрдісі адамзаттың өмір мен өлім мәселесіне айналып барады. «Жасыл экономика» – еріккеннің ермегі емес, болашақта тіршіліктің сақталуының кепілдігі. Әлем ғалымдары осындай байлам жасап отыр.
Қазақстандық эколог Орынбасар ТОҒЖАНОВ еліміздегі экологиялық апаттар, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы, Каспий мәселесі жөнінде NEGE-ге сұхбат берді.
О.Тоғжанов. Фото: ғаламтордан
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жасалды. Бұл жоба еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды көздейді. Қазақстан көміртегімен ауаны ластауды қысқарту туралы Париж келісіміне қол қойды. Бұл экология сақтағанымен, экономикаға жүк артады. Мұның шешімі қандай болуы тиіс?
– Әлемді толғандырып отырған мәселе – атмосфералық ауаның көміртегі тотығы және басқа да парниктік газдармен қатты ластануы. Осыған байланысты әлемнің барлық дерлік елдерінің басшылары климаттың өзгеруі, ғаламдық жылыну жөнінде келісім жүргізіп жатыр. Париж келісіміне президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Яғни, парниктік газдар мен көміртегі тотығын азайту жөніндегі келісімге Қазақстан да қол қойды. Президент «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын ұсынып, бекітті.
Ең басты мәселе – органикалық қазба байлықтарын жағуды бірте-бірте азайту және мүлде тоқтату. Парниктік газдарды ауаға шығармауға барынша үлес қоспақ. Алдымызда климаттық өзгерістерге тосқауыл қою міндеті тұр.
– Жасыл экономика туралы жиі сөз қозғалады. Біраз шаруа да атқарылып жатыр. Жасыл экономиканың артықшылықтары неде?
– Ауадағы көмірқышқыл газын барынша азайту, қарапайым тілмен айтқанда, ауаны оттегімен қанықтыру үшін президент екінші бастама көтеріп отыр. Қазақстанда орман өсіру қолға алынбақ. Таяуда мемлекет басшысы елімізде екі миллиард ағаш өсіру жөнінде тапсырма берді. Мұның ішінде елді көгалдандыру жұмыстары да бар. Әрбір өсіп тұрған өсімдік ауадағы көмірқышқыл газын жұтып, оттегін шығарады.
Фото: ғаламтордан
Мынадай факторларға көз жүгіртіп қарайық. Шырша бір жылда бір адам демалатын оттегін бөліп шығарады. Ал терек ағашы алты адам демалатын оттегін шығарады. Қарапайым ғана сексеуілдің өзі бір адамды оттегімен қамтамасыз ете алады. Әр аймақтың табиғатына байланысты бір жерде қылқан жапырақты, бір жерде жалпақ жапырақты, Қызылорда мен Маңғыстау секілді шөлді аймақтарда сексеуіл ормандарын өсіруді барынша қолға алу керек.
– Тағы бір өткір мәселе – қалдықтарды басқару. Бұл жөнінде не пікір айтар едіңіз?
– Қазір адамзат ілгері дамыған сайын тауар, тұтыну заттары барынша көбейіп барады. Бұл – қалдық соғұрлым көбейеді деген сөз. Мәселен, теледидардың қорабы одан әлдеқайда көлемді болады. Немесе ер адамның көйлегінің қорабы. Халықты қызықтыру, тауарға әсемдік көрініс беру үшін қораптар да көбейді. Өркениетке енген сайын қалдық көбейеді. Орта есеппен алғанда әр адам жылына 340 келідей қалдық тастайды екен.
Осы қалдықтар арқылы ластану үрдісі бүкіл ғалам үшін проблемаға айналды. Жерді айтпағанда, суды да, мұхиттарды да ластап жатыр. Соңғы мәліметтерге қарасақ, мұхиттардың бетінде пластик қалдықтары Жапония немесе Мексика секілді елдердің аумағындай жерді алып, арал секілді жүзіп жүр. Оның түбінде батып жатқаны қаншама?
Жердің бетінде де қалдықтар жасыл желек өсетін алқаптарды алып жатыр. Тіршілікке зиянын тигізуде. Қалдықтар мәселесі де парниктік газдардан бір мысқал кем емес. Қазірдің өзінде Қазақстан қалдықсыз экономиканы дамыту жөнінде бастама көтеріп жатыр.
Қалдықсыз экономика немесе қалдықты өте аз шығаратын экономика, парникті газдардан ада экономика «жасыл экономика» деп аталады. Адамзат өмір сүруі үшін бүкіл ғалам «жасыл экономикаға» көшуі қажет.
– Жалпы, Қазақстандағы экологиялық мәселелер аз емес. Тоқсаныншы жылдары Арал, Семей, Балқаш жөнінде жиі өткір мәселе қозғалатын еді. Бұл мәселелер шешімін тапты ма, әлде ел бұдан жалықты ма?
– Экономика дамыған сайын табиғи ресурстар пайдалануы да арта түседі. Мұның табиғатқа орасан зор зиян келтіретінін Арал теңізінің тағдырынан көруге болады. Амудария өзенімен Түркіменстанның батысын бойлап өтетін 1400 шақырымдық канал салынды. Осы каналдың бойындағы барлық халық күнелту үшін суды көп пайдаланып, Аралға су бармай қалды. Соның кесірінен теңіз екі кішігірім көлшікке айналды. Балқаш та да осындай проблема бар. Семейдің экологиясы ядролық қаруды жердің үстінде, жер астында сынаудан туындаған. Бұлардың залалы өте ұзаққа созылады.
Арал теңізінің орны. Фото: ғаламтордан
Арал теңізінің қайта келуі қиын. Бірақ Қазақстан қолдан келген амалын жасап, Сырдариядан келетін суды құйып жатыр. Мұны Арал маңындағы экологиялық жағдайға қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана көмек деп ойлаймын.
Өзбекстан да, Қазақстанда құрғап кеткен Аралдың түбіне сексеуіл өсіріп, тұзының көтерілуіне тосқауыл қойғысы келеді. Бұл – амалсыз әрекеттер. Басқа шара жоқ.
– Қазақстанда қалалардың, өзен-көлдердің ластануы туралы жиі дабыл қағылады. Каспийдің балықтары мен итбалықтарының қырылып жатқаны ақпарат айдынында жиі шығады. Бірақ кешенді жұмыстар жайлы деркек аз. Оның үстіне Каспидің де тартылу қаупі бар деген әңгіме жиі айталып жүр. Мұнымен келісесіз бе?
– Каспийдің арнасының түсуі де – осыған ұқсас үрдіс. Каспий теңізіне 130-дай үлкенді, кішілі өзен құяды. Олардың ішінде ең ірісі, барлық судың 80 пайызын құятын – Еділ өзені. Еділ өзенінен жылына орта есеппен 280-300 шаршы шақырымдай су келіп құйылады. Қалған өзендердің үлесі – 20 пайыздай. Жайық пен Терек секілді ірілеу өзендер де бар. Барлық өзендердің бойында халықтың саны өсіп жатыр. Суды пайдалану барынша артты. Әсіресе, Кеңес өкіметі құлағаннан кейін суды жоспарлап пайдалану мүмкін болмай қалды. Халық күнелту үшін әр жерде әртүрлі әрекет жасап жатыр. Бір жерде ірі гидротехникалық құрылғылар салса, енді бір жерде андатра, балық өсіру үшін кішігірім тоғандар жасап, канал қазды.
Ғалымдық жылыну үдерісінің әсерінен Каспий теңізіне құйылатын өзендердің бассейнін толтыратын жауын-шашын да жылдан жылға азайып бара жатыр екен.
Ғалымдардың арасында Каспий теңізі 50-70 жыл сайын су алып, қайта көтеріледі деген ұғым да бар. Бірақ нақты фактілерге көз жүгіртсек, 1926-1929 жылдары суы ең жоғары деңгейде болған. 1976 жылы Каспий ең төменгі деңгейінде болды. 1994 жылы қайта көтерілген кезде ең жоғары деңгейге жетпей қалды. Ол межеден бір метр төмен болғаны анықталды. Судың төмендеу үдерісі тез қарқын алып жатыр. Бір жылдың ішінде Каспийдің деңгейі 33 сантиметрге төмендеп шыға келді. Мұның бірінші себебі – жауын-шашынның азаюы болса, екіншісі – антропогендік әсер.
Тартылып бара жатқан Каспий теңізі. Фото: ғаламтордан
Каспийдің бетінде де, өзендердің бетінде де булану процесі күшейіп кетті. Бұл температураның ұлғаюына және желдің күшеюіне байланысты. Жел де су бетінің булануын күшейтеді екен.
Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде жер қабаты көтеріліп барады. Ақтау тұрған жер жылына 2,4 мм-дей жоғары көтеріледі. Ал Үстірттің шыңдары 4 мм-ге дейін көтеріліп жатыр. Жер қабаты көтерілген сайын, су да кейін қашады.
– Сіздіңше, Каспий теңізін қалай құтқарып қалуға болады?
– Соғыстан кейін Сталин Каспий теңізі мен Азов теңізінің арасын үлкен каналмен қосу жөнінде жоба жасатқызды. Екі теңізді қосып жатқан ойпат бар. Осы ойпат арқылы кеме жүретін кең канал салса, Каспийдің деңгейі көтеріледі. Өйткені, Каспийдің деңгейі әлемдік мұхит деңгейінен төмен. Су ағып келіп, Каспийді толтырады. Бұл мәселе де соңғы жылдары президенттердің деңгейінде бірнеше рет айтылды.
Екінші бір жоба – Каспийді Парсы шығанағына қосу. Әрине, Иран арқылы өтеді. Бұл жоба да кеме қатынасын жақсартады әрі канал арқылы су ағып Каспийге құяды.
Бұл екі жоба да Каспий теңізінің экологиялық ортасын қатты өзгертеді. Тек қана Каспийге тән биологиялық орта бұзылады. Бірақ Каспийді сақтап қалудың бірден-бір жолы осы.
– Сұхбатыңызға рақмет!