16 Мамыр 00:47
...

«Төбелес шығару үшін келмедік» – Шерзаттың өліміне қатысты сотта айыпталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынды

Шерзаттың соты
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. 

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында «Қамажай» дүкенінің ішіндегі бейнебақылау камерасына түсірілген видео мен дүкен маңында Шерзат Полатқа айыпталушылардың соққы жасап жатқан видеосы зерделенді.

Сонымен қатар сотталушылар Д.Әскентай мен Н.Тоқтаубаевтан жауап алу аяқталды, одан кейін сотталушы А.Тоқтаубаевтан жауап алу басталды.

«Мен Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы сол күні үйде болатынмын. Кешке қарай кешке қарай маған досым Шыңғыс үй жаққа келіп тұрғанын айтты. Сөйтіп денсаулығыма байланысты Талғар қаласына дәріханаға баруым керек болды. Шыңғысқа астында көлігі болғаннан кейін дәріханаға барып келуді өтіндім. Талғарға барайық деп отырған кезде менің досым, нақтысын білмеймін Нұрқияс Ілияс па, Сакиев Равиль ме, білмедім, маған хабарлады. Сөйтіп «Эйфория» кафесінде отырғандарын айтты. Амандасып кетейін деген ниетпен сонда барып, ішіне кірдік. Таныстарым, Сакиев Равиль, Шынасыл Абзал, Нұрқияс Ілияс және бұрын-соңды көрмеген екі бейтаныс қыз болды. Барып амандасып отырған кезде туған ағам Тоқтаубаев Нұрболды көрдім. Арада 20 минут өткенде ол жоқ болып кетті. Сөйтіп бәріміз сағат 11 болғаннан кейін, кафе жабылайын дегенде үйге тарқайық деп жаттық. Екі қызды аялдамадан тастап, ары қарай үйге кетпек болғанбыз. Далаға шыққанда досым Белқожаев Шыңғыс маған хабар жеткізді. Оның айтқанын Талғардағы  Менделеев көшесінде орналасқан дүкенде туған ағам Нұрболды ұрып кетті деп түсіндім. Жолда нақтылап сұрап едім, Дарханды ұрып кетіпті деді. Ол жерге ішіп жүріп бірдеңеге арандап қалмасын, анық-қанығын білейік деп бардық. Жолда ондай адамдар тобын жинамадық, әдейі дайындалмадық, өзімізде пышақ болған жоқ. Құрметті сот, осыны назарға алсаңыз. Менделеев көшесіне келдік. Рөлде Шыңғыс, Нұрқияс, Равиль, мен және екі қыз, 6 адам болдық. Мен Абзалды көрмегеннен кейін оны үйіне кетіп қалды екен деп ойладым. Сөйтіп дүкеннің алдына келдік. Мен өмірімде бұл дүкенге кіріп көрмегенмін. Алдына келгенде бір топ, бір топ болғанда 8 шақты адам болды. Дархан Әскентай мен Тоқтаубаев Нұрбол ағамды қосқанда 8 шақты адам тұрды. Мен бірінші болып Ғайыпбаев Нұрқанатпен амандастым. Бұрын-соңды көрмегенмін, танымаймын. Бейнежазбадан әрекетімді қарасаңыз, төбелес шығаруға келмегенімді көресіз. Келіп, күліп құшақтап амандастым. Дарханның беті қан болып тұр екен. Дарханға не болды деп сұрадым. Жедел жәрдеммен ауруханаға барыңдар деген едім. Дүкенге кіргенде Қалиахмет Дидарды көрдім. Оны көрмегеніме 3 жыл болған, сонымен амандасу үшін кірдім. Бізбен келген 2 қыз бірінші кірді. Мен артынан кіріп хал-жағдай сұрасып тұрған кезде даладан жанжал, төбелес басталып кеткенін естідік», – деді Азамат Тоқтаубаев.

Айыпталушы Азамат Тоқтаубаев та мылтықтан оқ атқан адамның Нұрғанат Ғайыпбаев екенін айтты. 

«Прокурор айтады, Белғожаев Шыңғыс, Тоқтаубаев Азамат ұрып-соқты дейді. Енді бұл жерде Қаржаубай мырза да айтқан болатын, Тоқтаубаев Азамат дүкеннің есігін теуіп мені ішке кіргізіп жіберді деп. Қазір міне анық болып жатыр, құрметті сот. Маған Қаржаубай мырза жас көрінген соң «брат» дедім. «Брат, қолыңыздағы пышақты тастаңыз, мен өзім тізімде жүрген адаммын. Керек емес төбелес», деп айтып қалған сәтте мылтықтың қатты атылған дауысы естілді. Мен шошып кеттім де, селк етіп қашып кеттім. Қаржаубай мырза да шошып кетті. Мен Шыңғыстың көлігінің артына тығылып қалғанмын. Ағам сол жерде жүрді. Ағама қаңғып келген оқ тимесін деп қолынан ұстадым. Мен Ғайыпбаевтың екінші оқты салып жатқанын көрдім. Негізі ол бірінші оқты ет сататын дүңгіршекке атқан. Оқ менің артымнан өтті. Сездім. Екіншісін аспанға атты. «Тоқтаңдар» деп боқтық сөз айтып жатты. Балалар ары қарай жүгіріп кетті. Олардың төбелес болып жатқан жерде қалай ұрғанын білмедім, қасында тұрмадым. Мен топтық төбелеске қарай бара жатқанда аяғымның астынан телефон тауып алдым. Қыздардың не болмаса өзіміздің жігіттердің телефоны ма екен деген ниетпен оны алдым. Төрт метр жүргенде алдымнан Нұрқияс Ілиясов шығып, қолындағы қаруды  маған ұстатты. Қаруды алдым да, өзіммен бірге Mersedes автокөлігіне салып алып кеттім. Біз «777» дүкеніне көлікпен кетіп қалдық. Жедел жәрдем жүрді. Адам өлді деген хабар естідім. Мылтық атылып, оқ тиді ме екен деп мылтықтың қасына мүлде жоламадым. Мылтық автокөліктің ішінде болды. Мен, Думан Ысқақов, ағам Тоқтаубаев Нұрбол, Абзал Шынасыл, Дархан Әскентай бесеуміз «777» дүкенінен кейін Тұрар Рысқұлов ауылына бет алдық. Ауылдың шетіндегі көше қиылысында Думанды тастап кеттік. Думанға ештеңе айтқан жоқпыз, үйіне қайтарып жібердік. Жарты жолда мен көліктің рөліне отырып, Тұрар Рысқұлов ауылының жоғары жағында орналасқан биатлонның қиылысына барып, Mercedes автокөлігімен кеткен таныстарымызды тауып алдық. Бізді іздеп жатыр дегенде, Талғардағы полиция бөлімшесіне өз еркімізбен барып, болған жағдайды айтуды ұсындым. Равиль Сакиев те сөзімді құптады. Түсіп бара жатқанда жарты жолда полиция ұстады», – деді сотталушы.

Сонымен қатар сотта А.Тоқтаубаев пен қайтыс болған жәбірленуші Н.Ғайыпбаевпен беттесуін қарады.