11 Ақпан 19:38
...

Опырылған Ақбикеш мұнарасын тексеретін жұмыс тобы құрылды

Ақбикеш мұнарасы
Фото: gov.kz

Аталған жұмыс тобы ескерткіштің жағдайын, сонымен қатар құлау фактісін тиянақты зерделемек. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев мәлімдеді. 

Алматы, NEGE. Оның айтуынша, опырылып құлаған Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі емес, 2021 жылы жүргізілген кесенені жаңғырту жұмыстары аясында пайдаланылған материалдар.

«2021 жылы ғылыми-реставрация шеңберінде жергілікті халықтың, әкімдіктің ұсынысына сай оның тарихи келбетін жаңғырту жұмысы жүргізілген. Бұл іс әкімдіктің шұғыл ұсынысына сай қолға алынды, өйткені нысанның жағдайы мүшкіл еді. Ескерткіштегі жұмыс жылдың суық мерзіміне тұспа-тұс келді. Сонымен қатар, кесененің орналасқан орны да (биік қырдың басында) күннің суығында жүргізілген жұмысқа қолайлы болмады. Жүргізілген ғылыми-реставрациялық жұмыс сол жылы әзірленген ғылыми-жобалау құжаттамасына сәйкес жүргізілгенмен, қолайсыз ауа райы кері әсерін тигізді», — делінген Айдын Қапашев ұсынған ақпаратта.

Комитет төрағасының орынбасары министрліктің 2025 жылғы 10 ақпандағы бұйрығымен Ақсүмбедегі жағдайға қатысты тексеру тобы құрылғанын жеткізді.

Аталған жұмыс тобы ескерткіштің жағдайын, сонымен қатар құлау фактісін тиянақты зерделейтін болады.

«Алдағы уақытта Ақбикеш ескерткішін реставрациялау, консервациялау мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың реті ғылыми-жобалау құжаттамасымен айқындалады. Мұнара 2021 жылғы ғылыми-реставрациялық жұмыстарға дейін биіктігі 5-6 метрге дейін сақталған объект. Ақсүмбе мұнарасы құрылыс материалы жағынан топырақтан жасалуымен ерекшеленеді. 7-8 ғасыр бойғы экологиялық, климаттық, антропогендік әсерді де ескеру қажет. Сонымен қатар, топырақтан жасалған объектінің күйген кірпіштен немесе тастан тұрғызылған ескерткіштерге қарағанда сырт әсерлерге төтеп беру деңгейі төмен екені анық. Ақсүмбе мұнарасы көне заманның ерекше сәулеттік өнерінің үлгісі және осы орайда мүмкіндігінше оны сақтап қалу шаралары жүргізілетін болады», — делінген мәдениет комитетінің ақпаратында.

Сондай-ақ, комитеті төрағасының орынбасары республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері қатарында құлауға әзір тұр деген объектілер жоқ екендігін мәлімдеді.

«Министрліктің әкімшілігіндегі арнайы бюджеттік бағдарлама аясында Түркістан облысында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілеріндегі сақтау жұмыстарына айтарлықтай назар аударылады. Мұның бір себебі — облыста республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны өзге өңірлерге қарағанда басым. Тек соңғы жылдары Түркістан облысында Рабия Сұлтан бегім, шығыс моншасы, Шамет Ишан, Ысқақ баб, Исмаил ата, Қарашаш ана, Ибрагим ата және басқа ескерткіштерде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді», — дейді ведомстводан.