Өндірістік жарақаттан 332 адам мертіккен
Қазақстанда былтырдан бері өндірістік жарақат салдарынан 332 адам мерт болған. Кәсіподақтар федерациясы жария еткен мәлімет бойынша, көз жұмғандардың дені тек қауіпті өндірістік ошақтарда ғана емес, бюджеттік ұйымдарда да қауіпсіздік қағидалары дұрыс сақталмай келеді. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.
Алматы, NEGE. Жұмыс орнында қауіпсіздікті сақтамаудың салдарынан қайғылы жағдай орын алады. Былтыр Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жерінде көз жұмғандардың саны 221 адам болды. Статистиканың көш басында – Шымкент қаласы. Ал ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында. Сарапшылардың айтуынша, ол жердегі өндірістік ошақтарда шетелдік үлескерлер болғандықтан, қауіпсіз жұмыс қағидаттарына басымдық беріледі. Өндірістік жарақаттан мерт болғандардың саны елордада да көп. Басым бөлігі құрылыс нысандарында орын алған. Мәселен, былтыр дәп осы құрылыс саласында еңбек етіп жүрген 15 адам мерт болған. «Қайғылы жағдайлардың басым бөлігіне жұмыс берушілер кінәлі. Бұл ретте нұсқама беру мен еңбекті қорғау бойынша біліктілікті жоғарылатуды ғана айтып тұрғаным жоқ. Жұмыс берушілер, көп кезекте, ескі-құсқы құрылғыларды жаңарту жайын да ойламайды. Істен шыққан жабдықтарды дер кезінде ауыстырмайды. Салдарынан, саймандары ұшып кетіп, жұмысшыларды жаралап, мертіктіріп жатады», – дейді ҚР Кәсіподақтар федерациясы Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік серіктестік комитеті еңбекті қорғау және еңбек даулары секторының меңгерушісі Дәрмен Сәкенов. Мәселені шешу үшін Кәсіподақтар Федерациясы жұмыс берушілердің модернизация жасауы үшін преференциялар қарастыруды ұсынуда. «Былтыр қарапайым қауіпсіздік қағидаттарын бұзғандарға жалпы 402 миллион теңге айыппұл салынды. 672 мың адамға 107 миллиард теңге өтемақы төленді. Қылмыстық жауапкершілікке жыл сайын 3-4 адамнан тартылады», – деді Дәрмен Сәкенов. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов түйткілдің министрліктің басты назарында тұрғанын жеткізді. «Кез келген жарақат, мүгедектік боп қалу, өмірден өтіп кету, бұл статистика емес, бұның бәрі – орны толмас қайғы. Бейбітшілік кезде елдер соғыссыз-ақ өндірісте көз жұмып жатыр. Сондықтан бұл біздің министрлікте бақылауда тұрған үлкен өзекті мәселелердің бірі», – дейді министр.