Нұрлыбек Жеңісбекұлы: Мемлекеттік қызметшінің мінезсіз болуы қоғамды қажытты

Nege.kz порталының бүгінгі кейіпкері - Нұрлыбек Жеңісбекұлы еліміздегі жастардың бүгінгі әлеуеті туралы әңгімелеп берді.
Нұрлыбек Жеңісбекұлы жастар туралы ойын ашық айтып, дер кезінде шешім қабылдай алатын жеткіншектердің өсіп келе жатқанын айтып қуантты. Оның пікірінше, жастар саясатын қоғамнан тыс қалдырмай, барынша назарда ұстағанымыз жөн.
– Еліміздегі жастар саясатының дамуы – кешенді мәселе. Нұрлыбек Жеңісбекұлы, осы жастар саясатын жүзеге асыруда неге басымдық берген жөн?
– Өзіңіз де білесіз, жастардың қоғамдық-саяси рөлі мемлекет басқару жүйесінің реформалары кезінде көбірек айтылады. Жастарың жаңа жағдайға бейімделуі, жаңашылдыққа ұмтылысы жоғары деңгейде болғандықтан, қоғамдағы өзгерістерден шет қалмайды. Сондықтан жастар саясаты мәселесі қай уақытта болмасын өзектілігін жоғалтпайды.
Менің ойымша, жастардың санасындағы құндылық деген ұғымды дұрыс қалыптасытырған жөн. Әлбетте, бұл көп жағдайда жастардың әлеуметтік белсенділігіне қатысты. Яғни кез келген реформаның қоғамға енуі – жастардың санасындағы құндылық ұғымына тікелей байланысты. Сондықтан жастардың жетілуіне, сапалық деңгейіне, мәдени-саяси болмысына, көзқарастарының дұрыс қалыптасуына мән берген жөн. Елдегі саяси, болмаса әлеуметтік реформаларға, зайырлылыққа бетбұрыс жасарда, мәдени құндылықтарға, ұлттық дәстүрге келгенде жастардың белсенділігін ескеру маңызды. Тіпті, солай етуіміз заңдылық.
Жастардың белсенділігі қоғам мен биліктің арасындағы алшақтыққа тосқауыл қоюға үлкен әсер етеді. Қазір қоғамның өзі мың құбылып тұр. Ала-құла заманда жастардың сыни ойлау жүйесін дұрыс қалыптастыруда әлі де болса кемшін тұстарымыз бар.
Біз қазір жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Өкінішке қарай, телефонға тәуелдіміз. Жалған һәм фейкке ермеміз. Қаптаған көкауызға сенеміз. Атүсті ойлауға, жеңіл дүниелерге құмарттық. Қазір көбі тез байюды аңсайды, тезірек жетістікке жетуді көздейді.
Фото: ғаламтордан.
Соңғы кездері жиі айтылып жүрген жайт жастардың қызығушылықтарына, қалыптасатын ортасына, діни түсініктері мен салт-сана тұрғысындағы ойлау жүйесі негізіндегі ұстанымдарына көбірек мән беруіміз керек. Қазіргідей нарықтық заманда құндылық туралы түсініктер,көз үйренген дәстүрлі бағыттар біз ойлағандай бола бермейді. Өйткені, нарықтың жағдайы, әлеуметтік мәселелер қалыптасқан құндылықтарды өзгертіп жібереді. Өркениет дамуы қазіргі біздің қоғамға, біздің замандастарымызға қандай да бір әсерін бермей қоймайды. Құндылықтардың көбі күнделікті күйбеңге байланып бара жатыр. Түйсік-түсінігімізде Философиялық ұстанымдар кейде ақшаға, не болмаса билікке тәуелденіп қалды. Сондықтан, әлі де болса біз дәстүрлі бағытымызды көбірек айтуымыз керек. Себебі болмыстан ажырау, ескіні ескермеу, дәстүрлі дүниелерді қайшылау ұлттық деградацияға апарады.
– Әлемдік статистика бойынша, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 13 пайыздан аспайды. Ал Қазақстанда жастардың 40 пайызы жұмыссыздықпен бетпе-бет келгені ашық айтылған. Бұл масылдық психология ма, әлде тәуекелден қорқу ма?
– Менің білетінім мемлекеттің жастар саясатында негізгі бағыттар айқындалған. Мысалы, сапалы білім беру, салауатты ұрпақ қалыптастыру. Жастар саясатының ең өзекті бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту, тұрақты баспанамен қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетін дамыту. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық жайы көп айтылады. Әрине,осы жағдайға келгенде бізде әлі де шешілмеген мәселелер бар. Еңбек нарығындағы жастардың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіру, жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуын көбірек ойлауымыз керек. Әрине бұл әлемдегі көп елдеріндегі мәселе. Шешімі бірізді емес. Алайда, елімізде еңбек нарығын талдау бойынша арнайы зерттеулер жүргізіліп, жастардың жұмыспен қамтуға ықпал ететін әлеуметтік қызметтер жүйесін кешенді дамуда. Одан бөлек үкімет жұмыспен қамтудың жол картасын әзірледі. Техникалық және кәсіптік білім беруде де үдеріс бар. Жастар кәсіпкерлігін дамыту, олардың бизнес- жобаларын мемлекеттік грантпен қолдау секілді кешенді жұмыстар жүйелі атқарылуда.
Сондай-ақ, қазір жастар арасында экомәдениет қалыптасып келеді. Бұл да жаңа тенденцияның бірі, жастар саясатының жүйелі тармағында жазылған дүниелердің жүзеге асып жатқанының белгісі. Өйткен, бұған дейін экологиялық мәденеит, не болмаса қоршаған ортаға деген көзқарас қазіргідегідей күн тәртібінде емес еді.
Соңғы кездері байқап отырсақ, «мәдени демалыс» деген ұғым қалыптасты. Жастардың өз уақытын тиімді пайдалану үшін бұл жақсы үрдіс. Ол да жастар саясатының бағытында бар. Мысалы, мен өзімнің еңбек демалысымда ішкі туризм бойынша Қазақстанның көп жерін аралап қайттым. Сапар кезінде туризмнің дамығанын байқадым. Жалпы, Қазақстанның ішкі аумағындағы тарихи жерлер мен табиғаты керемет аймақтардың көбінде жастар саяхаттап жүр. Рухани демалу мәдениеті қалыптаса бастағанына көзім жетті. Бұл да қуанатын жағдай.
– Мемлекеттік қызмет туралы біраз мәселені көтеріп жүрсіз. Бүгінде мемлекеттің қызметшінің қоғам алдындағы статусы қандай?
– Өзім де мемлекеттік қызметшімін. Күнделікті тіршілікте басқа саланың өкілдері жиі айтылады. Ал мемелкеттік қызметшінің мәселесі асханада отырып айтылатын әңгіме деңгейінде қалып қойды. Мемлкеттік қызметкер – елге қызмет етуші адам. Ол да басқа сала сияқты өз алдына жеке мамандық иесі. Олардың қоғам алдындағы статусы соңғы жылдары мемлекет тарапынан көп айтылып жүр. Себебі, мемлекеттік қызметші елге қызмет ететін болғандықтан күнделікті қоғамдағы әртүрлі қызметке аралсады. Мысалы, адамның тууынан бастап өмірден өту аралығындағы барлық қызмет мемлекеттік қызметшіге келіп тіреледі. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің кәсіби маман болуы қоғамның сұранысына ие.
Осыдан 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, мемлекеттік қызметшілердің статусы әлдеқайда өскен. Өзіңіз де білесіз, осы тақырыпты серік етіп, үнемі ой-пікір жазып жүрем.
Мемлекеттік қызметшілердің мінезсіз болуы, олардың жалтақ болуы, белгілі бір мәселеге келгенде шешім қабылдай алмауы, жауапкершілікті арқалауға келгенде әлсіздік танытуы шыны керек қоғамды қажытты. Сол себепті, Президент мемелкеттік қызметшілер жауапкершілікті мойнына ала алатын білікті маман болуы керек деп жиі айтып жүр. Күнделікті күйбеңмен жүріп осындай дүниелерді ескермей жатамыз.
Өзім көп байқап жүрмін, жастар арасында ойын еркін жеткізетін, мінезі қалыптасқан, сағын сындыра алмайтын буын өсіп келе жатыр. Қазір басқаша болуы мүмкін емес. Біз тұлғалықты кейде мемлекеттік мүддеден биік қойып жатамыз. Менің ойымша, бұл да қателік. Біз мемлекетшіл болу деген сөзді билікке немесе жүйеге қызмет ету ғана емес, ұлтқа, тұтас мемлекетке қызмет ету деп түсініуміз керек. Оның үстіне, президент Тоқаев та соңғы кездері жалпы мемлекеттік қызметкерлердің статусын көтеру, олардың қоғам алдындағы келбетін қалыптастыру бағыты бойынша үлкен реформаларды жүзеге асыруды тапсырды. Су бір орында тұрса, бүлінеді. Біз де ағын су сияқты үнемі қозғалыста болуымыз керек. Қозғалыс дегеніміз бұл кәдімгі тәжірибе. Бұрынғыдай жайбасарлыққа салынып, шешімді бүгін емес ертең қабылдаймын деген дүниелер қазір сын көтермейді.
– Сіздің «Елтұтқа» атты кітабыңыз жарық көрді. Сол туралы кеңірек мәлімет берсеңіз?
– Кітап туралы ой көп жерде айтылып жүр. Қалай психолог болу керек, қалай тез баюға болады деген сияқты кітаптар көп. Бірақ қалай нағыз мемлекеттік қызметші болу керек деген кітап жоқ екен. Мен сол олқылықтың орнын толтырғым келді. Осы кітап арқылы мемлекеттік қызметкерлер – қасаң қағиданы ұстанып қатып қалған адамдар емес, қоғамға қызмет жасай алатын маман екенін көрсеткім келді.
Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру үшін, олардың иммиджін дұрыс қалыптастыру үшін мемелкеттік қызметші кім деген сұраққа жауап іздедім. Оны тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, қарапайым оқырман да оқи алады. Өйткені, оның ішінде әртүрлі мотивациялық элементтер бар.
– Әрбір мемлекеттік қызметші қазақты қазақ қылған 3 қағиданы берік ұстануы керек депсіз. Бұл қандай қағидалар?
– Иә, оның біріншісі – ұят болады, екіншісі – обал болады, үшіншісі – сауап болады. Сайып келгенде, Ата заңымыз конституцияның философиясы да осы қағидаға келіп тіреледі.
Қазақтың дала философиясы – біздің тұлғалық дамуымызға үлкен көмек беретін дүние. Қандай да бір әрекетті жасамас бұрын осы 3 қағиданы жадында ұстаған адам қателеспейді.
Әрбір мемлекет қызметші осы үш қасиетті бойында ұстаса, нағыз маман иесіне айналады. Кез келген қадамға барар алдында осы үш қасиетті есіне алуы керек. Әл-Фарабидің «Ізгі қаланың тұрғындары» деген трактатынан да үйренеріміз көп. Оның ішінде нағыз өмір сүру анықтамаларын табуға болады. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жүйесіне қатысты әлеуметтік-этикалық һәм саяси көзқарастары мен тұжырымдарын оқыған сайын тәнті боламын.
– Әңгімеңізге рақмет.