5 Қазан 17:52
...

Николя Бланше: ресейліктер ағыны баға саясатына әсер етті

Фото:
Ұлттық банкте өткен брифингте ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланше ресейліктердің Қазақстанға көшуі теңге мен рубль бағамына қалай әсер ететінін айтты. Инфляцияға әсері болды және оны ешкім жоққа шығара алмайды

Халықаралық валюта қоры Қазақстандағы инфляцияға ерекше назар аударып отыр. Себебі, республика Орталық Азия экономикасына барынша әсер бере алады. Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Николя Бланше ресейліктердің Қазақстанға қоныс аударуы теңге мен Ресей рублінің бағамына әсер ететінін айтты.

«Әрине, Ресейден Қазақстанға келгендердің ықпалы бар – бұл айырбасқа, тұрғын үйді жалға алуға және басқа да факторларға әсер етеді. Әлі толық көріп отырған жоқпыз. Бұл жағдай жақында болғандықтан, деректерді көрген жоқпыз. Жағдайдың қалай өрбитінін көреміз», - деді ХВҚ-ның Қазақстандағы миссиясының басшысы Николя Бланше.

Сонымен қатар, оның айтуынша, теңгенің ресей рубліне қатысты бағамы нығаюы керек. Бірақ әзірге сарапшы Ресей рублінің долларға шаққандағы нығаюын ғана көріп отыр.

«Бұл – Қазақстандағы теңгеге қатысты жағдайды анықтайтын негізгі фактор. Белгілі бір дәрежеде инфляцияға әсер етеді», - дейді Николя Бланше.

Қазақстандағы инфляция 2022 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша 17,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш тамызда 16,1 пайыз болған еді. Жылдық инфляцияның өсімі еліміздің барлық 20 өңірінде қарқын алды. 

Ұлттық Банк дерегінше, инфляция 20 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты де­пар­­таменті нақты сектор мониторингі бас­қар­­масының бастығы Игорь Осиповтің ай­туынша, ең жоғары көрсеткіш Астана қала­сын­да тіркелген.

«Азық-түлік бағасының өсу қарқыны қыркүйекте 22,2 пайызға дейін ұлғайды (тамызда – 20,8 пайыз). Осы топқа жататын тауарлардың бағасы Маңғыстау облысында барынша өсті (29,7 пайыз). Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 17,0 пайызға дейін жеделдеді (тамызда – 15,5 пайыз). Ең жоғары мән Астана қаласында (26,3 пайыз), ең төменгі мән Алматы қаласында (13,8 пайыз) тіркелді», деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.

Қазір Ұлттық банк қазақстандықтардың жинағын сақтауға көмектесетін шараларды әзірлеп жатыр. Ол үшін макроэкономикалық тұрақтылық керек. Ауыр әлеуметтік жағдайда жүрген азаматтарымызға бағаның тым қатты өсуі соққы болып тиіп жатыр. Сондықтан Қазақстанда ғана емес, әлемде экономикалық өсімнің баяулауына қарамастан инфляцияны төмендету және баға өсімімен күресу бірінші орынға шығады.

Тегтер: