4 Желтоқсан 14:46
...

Nazarbayev University-ге оқуға түсу талаптары жеңілдейді

NU
Фото: NU

Орталық Азиядағы жоғары білім беру саласында көш бастап тұрған Nazarbayev University оқуға қабылдау талаптарындағы едәуір өзгерістер туралы жариялады. Атап айтқанда, талаптар жеңілдеп, білім беру бағдарламаларының аясы кеңейтілді. Бұл қазақстандық және шетелдік талапкерлер үшін білім алуды қолжетімді етеді.

Алматы, NEGE. Астанада өткен брифингте университет өкілдері білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа шаралар туралы хабарлады.

Бұрын студенттердің басым көпшілігі (95%) грант есебінен оқыса, енді университет коммерциялық негізде оқығысы келетіндерге де мүмкіндік береді. NU-дің академиялық мәселелер жөніндегі вице-президенті Қадиша Даирова талаптарды жеңілдетуге қарамастан, университеттің жоғары академиялық стандарттары сақталатынын атап өтті.

Негізгі өзгерістердің қатарында ақылы негізде оқуға түсу үдерісі жеңілдетілген. Енді кейбір бағдарламаларға түсу үшін мотивациялық хат жазу талап етілмейді, ағылшын тілінің деңгейіне қойылатын талаптар да жеңілдетілді. Мәселен, ақылы негізде университетке дейінгі дайындық бағдарламасына (Foundation) түсу үшін ағылшын тіліндегі ҰБТ-ның ең төменгі нәтижесі 75 балл немесе GPA 3.5/5.0 болса жеткілікті. Университет алғаш рет ақылы негізде оқуға түскісі келетіндерден ҰБТ нәтижелерін қабылдайды. IELTS (5.5) және TOEFL iBT (46) нәтижелеріне қойылатын ең төменгі талаптар жаңартылды.

NU-дың бакалавриат бағдарламалары үшін IELTS (6.0) және TOEFL iBT (60) қабылданады. Ақылы негізде оқуға түсушілер үшін IELTS немесе TOEFL емтихандарынан басқа, GPA 4.0/5.0 және/немесе ағылшын тіліндегі ҰБТ нәтижесі 85 балл болуы керек.

Биыл NU ақылы негізде оқуға түскісі келетін талапкерлерге тек күзгі ғана емес, сондай-ақ көктемгі семестрге де құжат тапсыру мүмкіндігін енгізді. Мұндай қадам мектептегі оқуын аяқтаған, бірақ құжаттарын уақытында тапсырып үлгермеген немесе басқа университеттен ауысуды жоспарлаған талапкерлер үшін маңызды. Көктемгі семестрге оқуға өтініштерді қабылдау 29 қараша күні аяқталды, ал сабақ 2025 жылғы қаңтарда басталады.

Дегенмен, нақты талаптар бағдарламаға байланысты өзгеруі мүмкін. Мысалы, докторантураға түсу үшін IELTS 6.5 және GPA 2.75/4.0 талап етілсе, Білім беру жоғары мектебінің бағдарламалары үшін IELTS 7.0 қажет. Жалпы, магистратура үшін IELTS-тің ең төменгі деңгейі – 6.0, докторантура үшін – 6.5.

Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, бірақ студенттер міндетті түрде қазақ тілі курсын оқиды.

NU
Фото: NU

NU вице-президенті Әсел Уәлиева 80–90 мың қазақстандық студент шетелде оқитынын, университет осы үрдісті өзгертіп, әлемдік деңгейдегі білімді ел ішінде ұсынуды мақсат ететінін атап өтті. 200-ден астам заманауи зертхана мен сапалы жабдық студенттерге халықаралық стандарттарға сай білім алуға мүмкіндік береді. NU шетелдік университеттерге қарағанда қолжетімді бағамен жоғары деңгейдегі білім ұсынады.

«Біздің мақсатымыз – сұранысқа ие және заманауи білім беру бағдарламаларын ұсыну. Мысалы, медициналық бағдарлама қысқартылды, бірақ сапасы өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ, алғаш рет бизнес-әкімшілендіру бойынша бакалавриат бағдарламасын іске қостық», – деді Уәлиева.

Nazarbayev University өңірдегі жетекші университет болып қала береді. Университет Times Higher Education беделді рейтингінің нәтижесі бойынша әлемдік университеттердің үздік 24%-на кіреді. Қазіргі уақытта NU-де Қазақстан мен тағы 38 елден 7500 студент оқиды.

Университет тек қазақстандықтарға ғана емес, шетелдік студенттерге де есік ашып отыр. Басымдық Орталық Азия мен жақын шетелдерден келген талапкерлерге, мысалы, Әзербайжан мен Грузиядан келген студенттерге беріледі.

«Біз көршілеріміз үшін ашық әрі қолжетімді болғымыз келеді. Халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға жету үшін шетелдік студенттердің санын арттыру қажет. Бұл білім сапасы, ғылыми жетістіктер және оқытушылар құрамымен қатар маңызды көрсеткіш», – деп түсіндірді Уәлиева.

Оқу құны 5 млн теңгеден басталады. Уәлиева атап өткендей, Алматы мен Астанадағы жекеменшік мектептердің бір жылдық оқу ақысы 10–15 млн теңгеге дейін жететінін ескерсек, NU-дегі білім бағасы бәсекеге қабілетті әрі қолжетімді. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға жататын талапкерлер үшін жеңілдіктер мен ішінара гранттар қарастырылған. Мемлекеттік қызметшілер үшін таңдаған оқу бағдарламасына байланысты 20–50% жеңілдік бар.

Қадиша Даирова Nazarbayev University оқу сапасы жағынан Ұлыбритания университеттерімен теңесе алатынын, бірақ оқу ақысы олардан айтарлықтай төмен екенін айтты. Мысалы, Лондон Университеттік колледжіндегі Foundation бағдарламасының бір жылы шамамен 27 мың фунт стерлингті құраса, ата-аналардың шығындары 50 мыңға дейін жетеді.

«Қазақстанда жоғары деңгейдегі білімді дамыту үшін біз үздік инфрақұрылымға, оқытушылар мен қызметкерлерге үнемі инвестиция салып отыруымыз қажет. Жоғары стандарттар әрқашан үлкен инвестицияны талап етеді. Арзан зертханалар мен сапасыз жабдық жоғары білім беру стандарттарын қамтамасыз ете алмайды. Бізде 200-ден астам заманауи жабдықталған зертхана бар, бұл өте қымбат, бірақ жоғары сапаны қамтамасыз ету үшін қажет. Біз әлемдегі үздік университеттермен теңесу үшін тырысамыз және біздің бағдарламаларымыз жоғары деңгейдегі білім алғысы келетіндерге қолжетімді балама», – деп қорытындылады Даирова.

Білімге салынған инвестициялар ақталады: Nazarbayev University түлектерінің 98%-ы Meta, Google, Apple және Microsoft сияқты беделді қазақстандық және халықаралық компанияларда жұмыс істеуде.