Нартай Аралбайұлы, депутат: Ақша үшін келгендер қазақ спортының қамын ойламайды
Парламент мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы былтыр бірінші оқылымда мақұлданды. Ертең Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда қаралатын жоба туралы жұмыс тобының жетекшісі депутат Нартай Аралбайұлы мәселені жіліктеп айтып берді.
– Нартай, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына өзің бастамашы ретінде енгізілген өзгерістер туралы тарқатып айтып берсеңіз.
– 2023 жылдың соңында арнайы депутаттық сауал жолдадым. Өйткені, оған дейін спорт саласына қатысты ауқымды зерттеу жүргіздім. Әсіресе, мемлекет бөлген қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанына мән бердім. Неге десеңіз, сол жылдары спортта «қола дәуірі» орнап, біздің ұлттық команда олимпиада ойындарында едәуір сәтсіздікке ұшырады. Оған дейін халықаралық аренадағы байрақты бәсекелерде өнер көрсетіп, медаль алып жүрген соң бұл мәселе шетін қала берген. Содан білек сыбанып, тыңғылықты зерттеуге кірістім. Нәтижесінде жыл сайын жоғары жетістіктер спортына 775 млн доллар бөлініп келгенін анықтадым. Одан бөлек «Астана» футбол клубы мен баскетбол, волейбол клубы, «Барыс» хоккей клубына «Самұрық-Қазынадан» 60 млн доллар қаражат бөлінген. Бірақ нәтиже жоқ. Неге? Сөйтсек, қаражаттың 60 пайызға жуығы олимпиадалық емес спорт түріне көзделіп келіпті. Осының бәрін қысқартуды талап еттім. 2023 жылдың соңында заң жобасы дайындалды, 2024 жылдың басында Парламент мәжілісіне түсті. Өзім осы заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі ретінде нақты нормаларды енгізудім, жоғары жетістіктер спорты түрлерін қысқартуды ұсындым. Жалпы, бюджеттің, халықтың ақшасына «мырза» болу оңай ғой. Оның үстіне федерацияның бәрін бұрын билік тізгінін ұстаған шенеуніктер басқарып отырды. Олардың ақшаны оңды-солды жұмсағанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік дәлелдеп берді. Осылайша, біз 180 спорт түрін үш есеге, яғни 65-ке қысқарттық.
Заң жобасына «Жоғары жетістіктер спорты» деген түсінікті енгіздік. Оған бұдан былай олимпиада, параолимпиада, сурдоолимпиадалық, Азия, Параазия және ұлттық спорт түрлері ғана кіреді. Енді осы спорт түрлері ғана мемлекеттен қаржыландырылады. Әлгінде қысқартудан қалған 65 спорт түрінің ішінде 20-ға жуығы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған. Олардың да құқығын қорғадық. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиісті көмек жасау керек. Мұндай спортшылар осы уақытқа дейін халықаралық, еларалық жарыстарға жаттықтырушысымен ғана барып келетін. Бірақ бірінші топ мүгедегінің жанында 24 сағат қамқор болатын адам керек. Сондықтан заң жобасына «спортшыны алып жүретін тұлға» деген түсінік енгіздік. Заң қабылданса, халықаралық және елдегі жарыстарға баратын бірінші топтағы мүгедек спортшының әрқайсысының жанында алып жүретін бір адам жүретін болады. Оның барып-келу, тамағы, жатын орнының шығыны бюджет есебінен төленеді. Бұл шамамен жылына 600 млн теңгеге жуық қаржы. Бұл норма бекітіліп, үкіметтің оң қорытындысын алды.
– Сонда жоғары жетістіктер спортының саны қысқарып, қаржысы көбейе ме?
– Солай десе де болады. Мысалы, жоғары жетістіктер спортына ғана барлық ақшаны үйіп-төкпей заң жобасына «басым спорт түрі» деген түсінікті енгіздік. Яғни, жоғары жетістіктер спортында медаль алғандарды қосымша қаржыландырып, мемлекет тарапынан қолдау жасау үшін. Бұл – бір. Екінші бюджеттен бөлінетін ақшаны нақты салаларға жұмсау керектігін айттым. Заңмен бекіттік. Ол қандай бағыттар? Бірінші, жоғары жетістіктер спорты, екінші – басым спорт түрі, үшіншісі – мемлекеттік спорт инфрақұрылымдарын салу, ұстау және қаржыландыру, төртінші – бұқаралық спорты (балалар спорты). Саннан гөрі сапаға мән берген жөн. Егер бұған дейінгі қаржы діттеген жеріне жұмсалса, спорт саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізетініміз сөзсіз еді.
– Бұған дейін легионерлерге ақша төлеуге жол бермейтін заңдық норманы Үкімет қолдағанын айтып, сүйінші сұрап едіңіз. Бұл да бір шешімін таппаған түйінді мәселе еді ғой.
– Иә, легионерлер талай жыл ел қаржысын алумен келді. Олардың қызметін реттеп, жетістігін саралаған жан болмады. Тіпті, бұл мәселені президенттің өзі сынға алды. «Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды», – деген еді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. Легионерлерге қатысты норманы енгіздім, мені әріптестерім қолдады. Нәтижесінде заң жобасының 49-бабының 1-бөлігіне: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды жүзеге асыруға тыйым салынады», ал 2-бөлігіне: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді» деп жазылды. Сәйкесінше, «Барыс» хоккей клубында басшы ауысты, футбол федерациясының басшысы ауысты, футболдан ұлттық құрама бас бапкері Черчесов орнынан кетті. Ақша үшін келгендер қазақ спортының қамын ойламайтыны түсінікті.
Бұл шектеудің ішіне шетелдік спортшыны сатып алу, айлық, бонус бәрі кіреді. Бірақ басқа да футбол, баскетбол, волейбол клубтарына қарасақ, квазимемлекеттік құрылымдардан («Самұрық-Қазынадан», спорт қорынан) ақша алады екен. Оған дәлел 2024 жылы футбол клубтары 27,3 млрд теңге алған. Депутаттық сауалымда соңғы 6 жылда «Астана» футбол клубы 50 млрд теңге, «Барыс» хоккей клубы 49 млрд теңге алғанын айттым. Ал жетістігі қайда? Тіпті, олар әлеуетін жақсарту үшін ешқандай инфрақұрылым салмаған. Бір ғана «Астана» футбол клубы соңғы 6 жылда арена, стадионды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған. Неге соның орнына инфрақұрылымын жақсартып, спорт аренасын салмады?
– Елімізде республикалық, аймақтық және жергілікті спорт федерациялары бар. Оларды басқарып отырғандар да талай жылдан орнынан жылжыған емес. Білуімше, заң жобасында бұл қарастырылып жатқан көрінеді.
– Дұрыс айтасыз, кейбір федерациялардың басшылығында түрлі шенді-шекпенділер мен олигархтар отырды. Олар қаншама жылдан бері сол қызметті меншіктеп алды. Олар бюджеттен бөлінген қаржыны жұмсағаны болмаса, атқарып жатқан жұмысы көзге көрінбейді. Сондықтан федерацияның бәрін бұдан былай «Ұлттық федерация» деп ауыстырдық. Атауы ауысқан соң, заң бойынша федерациялардың аккредитациясы автоматты түрде тоқтатылады. Олар қайтадан тіркеуден өту үшін министрлікке жүгінеді. Сол кезде аккредитация спорттың дамуына үлес қоспаған, мүмкіндік жасамаған, тек бюджет ақшасын асап келгендерге емес, спортқа жанашыр, қолдайтын ұйымдарға беріледі деген үмітім бар.
Бұдан бөлек аймақтарда спорт мектеп-интернаттары, спорт колледждері сынды спорттық нысандардың басшылығына қатысты да сұрақ бар. Мәселен, министрлік Қызылорда облысындағы мемлекеттік спорт ұйымының бірін 20 жылдан бері бір адам басқарып келе жатқанын тілге тиек етті. Мұндай мысал көп. Біз заңмен министрлікке спорттық білім беру мекемелері басшыларының ротациясын жасау уәкілеттілігін бердік. Яки, білім мекемесінің басшысы әр бес жыл сайын ауысып отыруы керек. Мерзімін заңнамалық актімен бекітеді. Қызмет – жекеменшікке айналмауы керек. Сондай-ақ, спорт колледждеріне, мектеп-интернатына оқушылар мен студенттерді қабылдаудың типтік жоспары болуы тиіс.
– Қоғамда спорт саласындағы діни радикализм мәселесі жиі көтеріледі. Мұны қалай реттеуге болады?
– Бұл түйткілді де естен шығармадық. Қазір бұл маңызды мәселе. Заңға сәйкес уәкілетті орган Туризм және спорт министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп радикализмге қарсы жұмыс жүргізеді. Спорт федерациялары да қатарын радикализмге қатысы бар азаматтарын тазалауға міндетті.
– Бұл заң жобасын Сенат мақұлдап, президент қол қоятынына сенім бар ма?
– Шын мәнінде, мұндағы мәселенің көбі – президенттің тапсырмасы. Өйткені, былтыр спорт саласындағы қаражатқа қатысты жайтты мемлекет басшысының өзі көтеріп: «спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игеру ен әлек” деген сын айтты. Сондықтан Туризм және спорт министрлігінің қазір басшылық құрамы да өзгерістің керек екенін, бұған президенттің өзі мүмкіндік беріп отырғанын және соны дұрыс пайдалану керектігін ұғынып отыр. Ең бастысы, халық та спорт саласынан үлкен өзгеріс күтуде. Сондықтан бәрі де елдің, халықтың мүддесі, бұқаралық спортты дамыту, бюджеттен бөлінген қаржыны мақсатты түрде жұмсау үшін жасалды.
– Сұхбатыңызға рақмет!