Мөлдір Бегімбет, экобелсенді: Қалдықтарды сұрыптап, арнайы экопунктке өткіземін

Әлем планетасында тұтынушылық деңгей күрт өсіп, есесіне тұрмыстық қалдық көлемі де шектен тыс артып кетті. Тіпті, қоқыс полигондарының аумағы да кеңейе түскен. Әсіресе, бұл мекеннен бірден көзіңізге ұзақ жылдар бойы еш шірімей жататын полиэтилен пакеттері түседі. NEGE тілшісі халықтың целлофан пакетін тұтынудан бас тартуына ықпал етуге тырысып, экобұйым жасап шығарған журналист, экобелсенді Мөлдір Бегімбетпен сұхбаттасты.
– Мөлдір, өзіңді табиғатқа жанашыр экобелсенді ретінде танып қалдық. Бұл жұмысты ерікті түрде қолға алдың ба? Жалпы, идея қайдан және қашан туды?
– Өзім экологиялық өмір стиліне көшкелі бері тұрақты түрде ізденіп келемін. Яғни, қоршаған ортаға зиянсыз өмір сүрудің барлық тетіктеріне барлау жасадым. Осы ретте қоғамда көпреттік заттардың қолжетімсіздігіне көзім жетті. Әрине, бұл сұраныстың аз болуына байланысты екені рас. Дегенмен, сіз болып, біз болып, мұндай дүниелерді айта берсек, адамдардың қызығушылығын, табиғатқа жанашырлығын оятамыз деп ойлаймын.
Сенсеңіз, әлі күнге экологиялық тауарларды сататын дүкендер желісі аз. Химиялық құрамы таза тұрмыстық заттарды іздесең, олар да саусақпен санарлық қана. Мен секілді экостилде өмір сүруге талпынғандар үшін бұл аздап кедергі келтіреді. Сондықтан тамшыдай ғана үлесім болсын деп экобұйым жасап шығардым. Жалпы, әдетте күнделікті өмірде қолданатын целлофанды иыққа асынатын мата сөмкелерге ауыстыруға болады.
Бірақ мұның да аздап өз кемшілігі бар. Айталық, шопперлердің көлемі үлкен болғандықтан адамдардың көпшілігіне ұнамайды. Ал біздің экобұйым кәдімгі целлофанның формасымен бірдей болып келеді. Яғни, қолға ұстап кете бересіз. Өте ыңғайлы. Осы жерде мені мазалайтын тағы бір мәселе бар. Неге екені белгісіз, көшеде қоқыс тастамау, целлофан қолданбау секілді жақсы әдеттерді көбіне әйелдер қауымы ғана атқарып жүр. Экологиялық жауапкершіліктен ерлер қауымы неге тысқары қалады? Әлгінде айтқан матадан жасалған бұйымымыздың ерлер қауымына арналған қою түстері де бар. Олар да еш қымсынбастан ұстап жүруіне әбден болады.
– Бұдан өзің қандай да бір табыс тауып отырсың ба, әлде?
– Тап қазір өте көп пайда тауып жатырмын деп айта алмаймын. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселені реттеп, жолға қоямын. Ерікті ретінде адамдарға тегін таратқаннан ешкім ештеңе ұтпайды. Керісінше мұндай іс әрі сауап, әрі табыс әкелуі керек. Қоғамда онсыз да адамдардың экологиялық мәдениеті мен әдебін қалыптастыра алмай жатқанда, пайдасыз бизнес етіп көрсетудің еш қажеті жоқ. Бұл тұрғындардың экологияға деген көзқарасын одан әрі кері бағытқа итермелейді.
– Полиэтилен пакеттер мүлдем шірімейді екен. Оны қолданбау үшін қалай күрес жүргізуге болады ?
– Полиэтилен пакеттер ең қауіпті қоқысқа жатады. Солай бола тұра, күн сайын миллиондаған адам тұтынып жатыр. Ол үшін көпреттік мата сөмкелер ұстау керек. Біздің «moldir alem» деген матадан жасалған ұлттық нақышпен өрнектелген қолұстағышты қолдануды ұсынамын. Десе де, бұл мәселенің шешімі бола алмайды. Себебі, күнделікті тұрмысқа целлофандар тым қатты кірігіп кетті. Дүкенге құрқол барып, азық-түлікті целлофан пакетпен әкелу әдетке айналды. Меніңше, тек ірі супермаркеттерде ғана емес, шағын дүкендерде де целлофанды ақылы ету керек. Тіпті, 5 теңге емес, 50 теңге, 100 теңге қылайық. Бәлкім, содан кейін қала тұрғындары полиэтилен пакетін тұтынуды азайтар ма еді, кім білсін?! Айтпақшы, Қазақстанда қаптамасыз сауда жасайтын жалғыз дүкен бар. Ол жерде алған затыңызды мүлдем целлофанға салып бермейді. Чекті де электронды түрде телефоныңызға жібереді. Міне, осындай дүкендерді көбейту керек. Адамдарға целлофансыз да өмір сүруге болатынын осындай жолдармен түсіндіре алатын шығармыз.
– «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қабылданғанда тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін 8 мыңнан астам контейнер орнату керектігі айтылған еді. Мұның пайдасы бар ма?
– Бұл жоба 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асады делінді. Әрине, мұндай бағдарламалық жоба қабылданса, қуанамын, оң нәтиже күтемін. Айта кету керек, 2021 жылы республика бойынша қатты тұрмыстық қалдықтардың 21,1 пайызы өңдеуге алынса, өткен жылы 26 пайызды көрсеткен. Салыстырмалы түрде қарасақ, аз болса да, жақсы жаңалық бар. Қатты қалдыққа органикалық қалдықтардан басқасының барлығы жатады. Бұл жерде мәселе контейнерді орнатып, құтылдым деу емес. Қоғам арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізу маңызды. Көпқабатты тұрғын үйлердің бәрінің өз WhatsApp чаттары, топтары бар. Сонда «Үйде қалдықтарды сұрыптап, әрқайсысын бөлек өткізіңіздер» деп жиі айтып құлаққа сіңіре беру керек. Бәлкім, міндеттеу керек шығар, білмеймін. Бұл топтар «пәленінші қабаттан жүкті әйел құлапты» деген жаңалық шыққанда ғана тірілетін топ емес шығар. Алматыдның кейбір ауданындағы тұрғын үйлердің қоқыс жәшігі маңынан өтсең шошисың. Өз үйін олай ұстамайтыны белгілі ғой. Жер-Анаға деген құрмет өзіңе, жақыныңа деген құрметпен бірдей болу керек.
– Еліміздегі 3 мыңнан астам полигонда 125 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып қалыпты. Оған жыл сайын кемінде 5 млн тонна қосылып отырады екен. Экобелсенді ретінде бұл түйткілді қалай шешуге болады деп ойлайсың?
– Бұған ашкөздік, яғни сатып ала беру, көрсеқызарлық та себеп. Өйткені, нарық-сауда өзімен бірге мол қалдықты да ала келді. Қажет емес затты сатып алудан бас тартып және қалдықты сұрыптап өткізуге дағдылансақ деген жанашырлық тілегім бар. Ол үшін әрине түсіндіру және міндеттеу жұмыстары жүргізілгені маңызды.
Мысалы, өзім қалдықтарды сұрыптап, оны арнайы экопунктке апарып өткіземін. Осыны көрген, білген таныстарым бүкіл Қазақстанда мені ғана осылай істейтіндей санайды. Бірақ білесіз бе, сұрыпталған қалдықты қабылдайтын мекеменің электронды қосымшасы бар. Үнемі бонус беріп тұрады. Міне, сол жерде 1403-ші орында тұрмын. Яғни, Алматыда экологиялық сауаты жоғары қаншама адам бар деген сөз.
Мен де өз ортамда сондай адамдардың көбейгенін қалаймын. Желіге жиі салып, соны насихаттауға тырысамын. Қоқыс полигонының жыл сайын көлемін ұлғайтатындар да өзіміздің жергілікті тұрғындар. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес өкілдеріне заң талаптарын қатаңдатсақ, аздап өзгеріс болады ғой деп ойлаймын. Тамақтану орындары мен дәмханалардан қалдықтарды сұрыптап өткізуін неге талап етіп, мәжбүрлемейміз?! Қалдықтың көкесі осы жерден шығады.
– Қалай ойлайсың, халықтың бойында экологиялық мәдениет қалыптасқан ба?
– Негізі тегімізде тазалық бар. Ата-бабамыз жайлаудан қыстауға көшкенде тап-таза қып кететін. Обал-сауаптың қадірін тереңінен білген. Бірақ осы жерде бір мәселенің шетін шығарайын. Далалық өмірден қалалық өмірге көшеміз деп, экологиялық сауатымыздан жұрдай болдық. Экопунктке баратындардың көпшілігі – орыс, кәріс, яғни өзге ұлттар мен кілең орыстілді қазақтар. Бұл менің қалай шымбайыма батпайды?
Сонда Отаным, тау-тасым, табиғатым деп жүрген патриоттар қайда қалды? Олар неге табиғатты аялап ұстауға талпынбайды?! Патриоттығын құр өлеңмен емес, іспен көрсетсін. Сосын халық тығыз орналасқан жерде тұтынушылық деңгей де жоғары болады. Айталық, Алматы – алып қала. Пластикке арналған темір тор жәшіктер қаланың әр ауданында әрқалай тұрады. Мысалы, тауға жақын аудандарда пластикті арнайы бөліп, салып қойған. Аузы-мұрнынан шығып ақтарылып жатпайды.
Өкінішке қарай, Алатау, Наурызбай аудандарындағы қоқыс жәшіктерінің жанына барсаң полигонда жүргендей сезінесің. Кейде экологиялық мәдениет адамның білім-парасатына да байланысты ма дейсің. Сондықтан әр адам қоршаған ортаны қорғауды, ластамауды өзінен бастағаны жөн. Өзіңді соған тәрбиелесең, айналаң да сол бағытқа қарай өзгереді. Бұйырса, экологиялық өмір стиліне жеңіл ауысуға көмектесетін тағы да жобаларым бар. Бәрі де адам денсаулығына зиян келтірмеуге және ауа сапасын ластамауға бағытталады. Осылайша, жұрттың экологиялық мәдениетін көтеріп, қалыптастыра аламыз.
– Еңбегіңе табыс тілейміз!