18 Қазан 17:27
...

Министр мәлімдеген жаңа бағдарлама баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесін шеше ала ма?

Фото:

Осыдан біраз уақыт бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мемлекет «7-20-25»-ке балама  болатын жеңілдетілген жаңа ипотекалық бағдарламаны нарыққа енгізуге  ниетті екенін жеткізіп, баспанаға мұқтаж біраз отбасын қуантқан еді.

«Біз халықтың әлеуметтік осал тобының баспанамен қамтылғанын қалаймыз, бірақ өмір сүріп, жұмыс істеп, отбасы құрып жатқан негізгі адамдар массасы туралы ұмытып кете береміз. Біз оларды қамтамасыз ету үшін отбасының цифрлық портреті арқылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қарастырып жатырмыз. Яғни, категорияға бөлмей, туындаған қиындық ауқымына байланысты әр отбасыға жеке мән беру керек. Бұл әлі қарастырылу кезеңінде тұр. Отбасының цифрлық портреті құрылды, ол толықтырылатын болады», – деген еді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы жеңілдетілген бұл  жаңа ипотекалық бағдарламаның заң аясында қарастырылып жатқанын алға тартып, жақын арада жалпақ жұртқа  таныстырылатынын да мәлімдеді. Осы ретте «Ең бастысы алғашқы жарнасы және қолжетімді ставка болады. Ол ставка – 7 пайыз. Есте болса, «Баспана Хит» бойынша 12 пайыз болған еді. Қайталама нарық қатты сұранысқа ие болды. Адамдар жаппай сатып алды, бірақ біз 7 пайыздан асырмаймыз деп отырмыз», –  деді Өскенбаев.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, аталмыш бағдарламаның несиелеу мерзімі 240 айды (20 жыл) құрайды. Алғашқы жарна алынатын тұрғын үй құнының 20 пайызынан кем болмайды.

Министрліктің хабарлауынша, қазір тиісті органдармен және екінші деңгейлі банктермен бағдарлама шарттары талқыланып жатқан көрінеді.  Сондықтан алдағы уақытта қандай да бір өзгерістер енгізілуі әбден  мүмкін.

Еске салсақ, «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдың жазында қолданысқа енген болатын. Бұл тиімді жобаның  арқасында баспанаға мұқтаж мыңдаған қазақстандық  тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешті. Бірақ, 2021 жылдың 19 мамырында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова аталмыш бағдарлама бойынша қаржыландырудың тоқтайтынын мәлімдеген еді.

«Мемлекет нарық принциптеріне орын босатып, біртіндеп несиелеу бағдарламаларынан шығуы керек. Үкімет тікелей қаржыландырудан кәсіпкерлік субъектілерінің несиелік тәуекелдеріне кепілдік беруге көшу мүмкіндігін қарастырады. Осыған байланысты биыл жыл басында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойылды. Ол бойынша Ұлттық банк 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан бас тарта  бастайды», – деген еді Әбілқасымова.

Айтпақшы, «7-20-25»-пен бірге ел арасында ерекше танымал болған мемлекеттік «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасы бойынша да азаматтар бастапқы және қайталама нарықтан үй сатып алғаны белгілі. Бағдарлама аясында баспана 15 жылға дейінгі мерзімде, жылдық 10,75 пайызбен және алғашқы жарнаның 20 пайызын құю талабымен берілді. Бірақ бұл бағдарлама 2021 жылдың соңында аяқталған болатын.

Ал «7-20-25» бойынша бастапқы нарықтан пәтерді жылдық 7 пайызбен, алғашқы жарнаның үй құнының 20 пайызы мөлшерінде төлей отыра 25 жыл мерзімге дейін рәсімдеуге болады. Бұл бағдарлама бойынша кредит тек теңгемен ұсынылды. Займдарды беру 2018 жылдың 4 шілдесінде басталған. Биыл жыл соңына дейін бағдарлама қаржысы игеріліп бітуі тиіс.

2022 жылдың 29 қыркүйегіндегі ақпаратқа сүйенсек, «7-20-25» аясында 54 022 займ берілген. Бұл мақсатта бюджеттен 701,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Аталмыш бағдарламаны  қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге жеткен кезде аяқталады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің болжауынша, қазіргі қарқынмен жоба жыл соңына дейін еңсерілуі тиіс.

Белгілі тәуелсіз сарапшы Жеңіс Шәріпұлы министр айтқан «7-20-25» бағдарламасына альтернатива болатын жаңа жоба турасында «халық ұтпаса, ұтылмайды» дегенді алға тартты.  

«Мемлекет тарапынан ұсынылатын мұндай бағдарламаларға сұраныс те көп. Егер ипотекалық  несиені өтеу мерзімі шынымен 25 жылды құраса, тіптен тамаша. Өйткені бұл ретте ай сайынғы төлем мөлшері де азая түседі» – дейді сарапшы.

Әйтсе де, осы саланы сараптаушы  кей мамандар банк атаулы ипотекалық баспанаға берілетін пайыздық  мөлшерлемені 14 %-дан  жоғары ұстап отырғанда, мемлекетке тұрғындарды  7 % мөлшердегі баспанамен қамтамасыз ету тиімсіз деп дабыл қағуда.  Бұл ретте танымал сарапшының айтар уәжі де жоқ емес.

«Әрине, банктерге 7%  қолжетімді ставкамен ипотекалық несие беру тиімсіз болғандықтан, қалған соманы  мемлекеттің компенсация есебінде төлейтіні анық. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар секілді. Егер үкімет ұсынған бағдарлама бюджетке қол салуға итермелейді деп, инфляцияның мөлшерімен санасып отыра берсек, онда мұның соңы құрылыс мөлшерінің азаюына да  алып келеді.

Тіпті «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер», «7-20-25», «Шаңырақ» деген түрлі  жобалар да  болмас еді. Осыдан он жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда, мемлекет қамтамасыз етіп отырған  осындай жеңілдетілген ипотекалық баспаналардың арқасында қаншама отбасының мәселесі шешілді. Оны мойындауымыз керек...»

Айсұлу Жаңабаева есімді алматылық тұрғын министр атап өткен бағдарлама нарыққа енетін болса, баспанаға қол жеткізетінінен үмітті. Бірақ, алып-қосар ұсынысы да бар.

«Егер жаңа бағдарлама бойынша жеке тұлға төлеуге тиіс алғашқы жарна баспана бағасының 20%-ын құраса, бұл көпшіліктің қалтасын көтере бермеуі мүмкін. Мәселен, Алматы қаласында 25 млн тұратын бір бөлмелі пәтерді алу үшін оған 5 млн теңге жарна құюыма  тура келеді. Ал, қазіргі инфляция деңгейінде мен бұл соманы үш жылда бір-ақ жинауым мүмкін. Ол қаражатты  төлей алатын күннің өзінде банктердің өтінішімді мақұлдауы беймәлім. Өйткені көптеген жас отбасылардың несие тарихы бұзылған. Сондықтан бастапқы жарна  мөлшерін азайтса игі болар еді» – дейді пәтерге мұқтаж Жаңабаева.

Тегтер: