24 Қыркүйек 15:21
...

Мерт болған МЕРИТОКРАТИЯ немесе МЕМҚЫЗМЕТ миссиясы

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Өткенде президент бірқатар министрлік басшыларын ауыстырып тастады: энергетика, экология, геология және табиғи ресурстар, мәдениет және спорт салалары мен бір аймақтық әкімдік дүр сілкінді. Бір байқағаным – ол өзгерістерді маңызды санап, қызу-қызу талқылап, ескі-жаңа шенділерге баға беріп жатқан қалың көпшілік жоқ, креслоға қолы жеткендерге үміт артып жатқан жұртшылық та көрінбейді. «Бірі кетеді, екіншісі келеді, одан не өзгереді?» деген ел еңсесін басқан жалпыұлттық пессимизм басым.

Неге?

Меніңше, ондай көзқарастың бір емес, бес себебі бар.

Біріншіден, тұтас өкімет жүйесіне, нақтыласақ, «шенеунік» деген категорияға бізде сенім де, құрмет те жоғалған! Жасыратын несі бар, көп адам мемлекеттік қызметті өз қалтасын қампитудың бірден-бір мүмкіндігі деп біледі. Содан барып, қызметке келе сала, жемқорлыққа салынады. Заңды бұзады. Басқаларға обал жасайды. Ең сұмдығы – жеке басының қамын күйттеп, кейде тұтас мемлекеттік мүддені тәрк етеді. Өйткені бізде көп нәрсе – бюджет қаржысын, мүлкі пен меншікті, қызметті үлестіру – жеке шендінің құзырында, оның қолында мөр бар. Сол арқылы мемлекетке тиесілі қазынаны талан-таражға салып, өз ұпайын түгендеп отырады. Осының бәрін өз көзімен көріп жүрген жұрт шенеунік туралы не ойлауы тиіс?!

Екіншіден, мемлекеттің ең басты міндеті – өз халқының жағдайын, әл-ауқатын жақсарту емес пе? Олай болса, тұрмысы жылдан-жылға, күннен-күнге нашарлап бара жатқан қарны аш, қалтасы тесік, ыңыршағы шыққан жұрт неге өз ісін атқара алмай жүрген әкімдер мен министрлерді жақсы көруі керек?! Мемлекеттік саясатты, оның органдарының қызметін насихаттауға миллиардтаған қаржы жұмсалып жатса да, қоғам санасында орнығып қалған осы көзқарасты өзгерту оңай емес. Ол үшін биліктің имиджін жақсартуға шығынданудың керегі жоқ, билік пен нақты шендіні дәріптеген ол ақылы материалдар мен сюжеттерге ешкім де сенбейді. Ол үшін шенеуніктердің сөз саптауы мен жүріс-тұрысынан бастап, тұтас жүйені өзгеру қажет!

Карикатура ғаламтордан.

Үшіншіден, мемлекеттік қызметте меритократия дүниеге келмей-ақ, мерт болды! Оның орнын непотизм, тамыр-таныстық, құда-жекжаттық, трайбализм мен топтық-кландық принциптері басыбайлы басып алды! Өз білімі мен қабілетімен таза карьера жасағысы келетіндердің жолы тарс жабылды!

Кезінде: «Бұрын қарапайым отбасынан шығып, еңбек жолын металлург боп бастаған адам президент бола алатын еді, қазір ол бала президент түгіл ауыл әкімі бола алмайтын шығар. Өйткені ол әкімнің өз баласы бар!», – деп ашынып жазып едім.

Сол кезден ешнәрсе өзгерген жоқ! Керісінше, ұлттың болашағына балта шабатын осы оңбаған ережелер одан сайын үдеп барады! Бұрын «еңбек династиялары» болса, енді «шенділер династиялары» пайда болды.

Кландық қана емес, касталық кадр саясаты орнықты. Яғни, туғанынан өлгенге дейін әкім-министр, ол болмаса, Сенат не Мәжіліс депутаты боп, тек қана бюджет есебінен өмір сүретіндер кастасы пайда болды. Құдды бір сол кресло әкесінен қалған мұра сияқты!

Бір ұрты май, бір ұрты қан ол каста жабық түрдегі клубқа ұқсайды. Бөгде жан оған кіре алмайды. Сөйтіп, жылдар бойына бірыңғай бір топ өкілдері бір креслодан екіншісіне ауысып, кастаға қатысы жоқтарға орын босатпайды. Тонның ішкі бауындай араласқан, бір-бірінің көзін шұқымайтын олар жемқор болмағанда, кім болады? Зейнеткер жасына келсе де, креслоға жабысып қалғандар тұтас бір ұрпақтарға обал жасап жатқанын қалай айтпассың?!

Коллаж ғаламтордан.

Ағын суда арамдық жоқ. Тұла бойындағы қан жаңарып тұрмаса, ол қан тым қоюланып, организм инсульт алуының қаупі төнбей ме? Біздің билік жүйесінің диагнозы нақ осы!

Мәселен, азаматтық қоғамда әр түрлі сала бойынша кәсіби пікір айтып, ортақ істің оңалуына үлес қосып жүрген ағайын қаншама?! Соларды неге мемлекеттік қызметке тартпасқа?! Сын мен балама пікір айтқанның бәрі мемлекет жауы емес қой? Керісінше, дұшпан күлдіріп, дос жылатып айтады!

Төртіншіден, бізде мемлекетке қызмет ету Отанға емес, ұлтқа емес, нақты бір адамға – елбасына, президентке, министр мен әкімге, немесе басқа бір бастыққа қызмет ету деген түсінікке айналып кетті.

Бесіншіден, мемлекеттік қызметте карьера жасаудың бір мықты жолы табылды. Оның аты – «бет-жүзге қарамайтын»... жағымпаздық! Бастық не айтса, не істесе де, мақтай жөнелу! Мансапқорлықтың ұранына айналған «ләббай, тақсыризм!».

Өз басым мемлекеттік қызметке барғысы келетін, бірақ жоғары жаққа жағымпаздануды иттің к...тінен жек көретін талай тамаша тұлғаларды білемін.

Осылардан басқа жайттарды жұрт та, билік те мен айтпасам да біледі. Тізе бермей-ақ қояйын.

Тақырып түйіні сол: «мемлекеттік қызметке» деген кесірлі көзқарас жалпы «мемлекетке» деген отансүйгіштік ұстанымның қалыптасуына кедергі болуда!

Жалпы жүйеге деген жеккөрініш жеке тұлғаларға да ұласып, ішінде адалы да, арамы да бар шенеунік шинелін киген барша қауымға өз салқынын тигізіп, көлеңкесін түсіріп жатыр деп санаймын. Өзім де шенеунік болдым. Оппозицияға кеткенімде, билік құйрығыма қоңырау байлап қойғысы келді, бірақ одан ешнәрсе шықпады. Үкіметтен таза кеттік. Маған тиісуге ілік таба алмады. Сол кезден білетінім – мемлекеттік қызметте жүргендердің ішінде де ары мен қолы таза, ешкімнің ала жібін аттамаған, бюджеттен бір сабақ жіп алып көрмеген, жемқорлық пен жершілдікке салынбаған, елім, жерім деп еңіреген, ұлтшыл, мемлекетшіл азаматтар бар! Иә, бүгінгі құбыжық жүйе жағдайында олардың мүмкіндіктері шектеулі. Бәлкім, ойындағысын ашық айта алмай, іштен тынып жүрген болар. Бірақ, шама-шарқынша қоғам мүддесіне қызмет етіп келе жатқан олар да – қазіргі заманның шындығы.

Коллаж ғаламтордан.

Дүниеге бойын алдырмағандар мен дүниеге көзі тоймағандарды шатастырмайық. Меніңше, мемлекеттік қызметте жүрген барша ағайынды сыпыра жамандап, «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе да қан» деген мәтелді жалпылама қолдану дұрыс емес. Осы тұрпайы, қарабайыр, ұлттың ұйысуына мүмкіндік бермейтін түсініктен арылу қажет!

Не істемек керек?

Бір нәрсе айқын – алтын көрсе, періште де жолдан таяды: шенеунік тумысынан халықшыл, әділетшіл, турашыл, іскер, еңбекқор боп жаратылып, тиісті білім, тәрбие мен тәжірибе алса да, қызмет пен орта оны, ерте ме, кеш пе, бұзады. Есіктегі басы кабинет төріне жетіп, Құдайын ұмытып кеткендердің талайын көріп жүрміз. Сондықтан да кез келген шенеуніктің адалдықтың ақ жолынан адаспауына кепілдік бере алатын құқықтық-моральдық-психологиялық-саяси жағдай жасау керек.

Оның бір ғана жолы бар, оның аты – халықтық бақылау! Ол үшін барлық деңгейдегі әкімдерді жергілікті халық тікелей сайлап, кезекті үкіметтің құрамын парламент сайлауында жеңген партия түзуі шарт!

Сайланған мерзімде уәделерін орындай алмаса, жұрттың жағдайын жақсарта алмаса, заңды бұзып, жүріс-тұрысы дұрыс болмаса, халық оларды келесі сайлауда сайламай қояды!

Ең мықты баға – халық өзі берген баға! Ондай «бүкілхалықтық кадр мониторингісінен» ешқандай да ақылы рейтингтер мен «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған» ақылы пиардың керегі болмай қалады. Қыруар қаржы үнемделеді, баға мейлінше әділ болады!

«Кадр саясатын жақсартамыз» деп, басқаша ұсыныстар жасап, оларды жөнге салатын органдар құру, қаржы мен уақытты жұмсау – көзбояушылық әрі далбаса!

Тегтер: