USD
USD
USD

«Мені өлтірмеңізші...»

Жедел тергеу тобы оқиға орнынан із суытқан қылмыскердің кім болуы мүмкін екені жайында алғашқы болжамдар жасады. Дегенмен бір қиындық бар еді. Айлалы қылмыскер қанды ізін жасыру үшін үйге от қойып кетіпті. Төрт бөлмелі шағын үй жартылай өртенген. Абырой болғанда, көршілерінің дабыл қағуымен өрт түн жарымында сөндірілген екен. Бөгде адамға байқала бермейтін талай дүние білікті тергеушінің назарын аударды. Күйік шалғаны болмаса, терезелер сынбаған. Тергеуші үйдің кіреберіс есігіне зер салды. Ілгіші сау. Демек... демек қылмыскер үйге баса-көктеп кірмеген. Ол үй иелерімен таныс болуы әбден мүмкін.

«Мені өлтірмеңізші...»
Фото: NEGE.kz

Осы ойға бекіген тергеуші қылмыскерді жәбірленушілердің төңірегінен іздеу керек деген тоқтамға келді. Учаскелік полицейге: «Бұл үйге соңғы бір ай шамасында қандай адамдардың келгенін анықта, көршілерімен сөйлес!» деген тапсырма жүктелді. Алайда бұл жұмыстар нәтиже бере қоймады. Есесіне, көшедегі үйлердің бірінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған адам аса күдікті көрінген-ді. Ол қылмыс болған үйден өрт сөндірушілер кеткенде ғана шыққан екен. Әрі еш қорықпастан, алшаң басып кетіп бара жатыр.  Бейнебақылау камерасына қайта-қайта үңілген тергеушінің қылмыскер нақ осы адам екеніне еш күмәні қалмады. Өйткені ол қылмыстан кейін келген кісі болса, зәре-құты қалмай, хабар беруге асығар еді. Ал бұған бәрібір, тіпті өрт сөндіру көлігіне де мойын бұрып қарамаған. Не мас, не нашақор болуы мүмкін. Балағындағы дақтың қан ізі болуы да ғажап емес.

Айналасы бірер сағаттың ішінде күдікті тұлғаның кім екені анықталды. Заман Палтаев 1983 жылы туған екен. 9-сыныптан кейін білім алмаған. Үйленгенімен, дәм-тұзы жараспай ажырасыпты. Тұрақты жұмысы да жоқ. Соңғы кездері қаладағы серіктестіктердің бірінде жүк тасушы болып еңбек еткен.  Тергеушінің түйсігінде «нақ осы адам» деген ой тағы бір мәрте жүгіріп өтті.

 

II

Күдіктінің кім екені анықталғанымен, оны қолға түсіру оңай болған жоқ. Алматының тәртіп сақшылары аяғынан тік тұрса да, қатігез қарақшыны ұстай алмады. Ізім-ғайым жоғалған Заман Палтаев жер жұтқандай ғайып болды. Таныстары мен туыстарының үйлерін тегіс адақтаған полицейлер қол қусырып, құры қайтты. Іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Бірақ оның ешбірі нәтиже бермеді.

Арада бес күн өткен. Алматы жұртын дүрліктірген тағы бір сұмдық қылмыс жасалды. Бөкейханов көшесіндегі жылу жүйесі жүргізілген жерасты магистралынан әбден жәбірленген жас қыздың денесі табылды. Қарақшының қатігездігі сондай, өткір затпен жәбірленушінің бірнеше жерінен ауыр жарақат салып, соңында бауыздап кеткен. Бойжеткеннің ұялы телефоны мен сөмкесіндегі азын-аулақ ақшасын алып, оқиға орнынан тайып тұрған. Тергеуші күдікті Палтаевтің қолтаңбасын жазбай таныды. Оны қалай да қолға түсірмесе, құрбандар саны көбейе беретіні анық.

Жер асты магистралына түскенде ащы иіс қолқаны қапты. Айналаның бәрі қоқыс. Босаған бөтелке, темекі қорабы, тамақ қалдықтары, полиэтилен түйіншіктер... шамасы бұл жерді қаңғыбастар мекен ететін тәрізді. Бұрыш-бұрышын өрмекшінің торы басқан магистралмен жүріп отырып, мәйіт жатқан жерге жеткенде тергеушінің денесі мұздап қоя берді. Обал-ай, жап-жас қыз екен! Бейкүнә қыздың қор болған жерін қарашы! Құжаты мен бейджигі денесінен бірер метрдей аулақта, қолтығы қақыраған күртешесінің қасында жатыр. Мойнынан аққан қою қанға қолаң шашы жартылай батып қапты. Киімдері жыртылған және әр-жерде шашылған күйі қалған. Ірі компанияда тәп-тәуір қызмет атқарыпты...

Оқиға орнындағы әрбір зат түгел тексеріліп, тегіс сараптамаға жөнелтілгеннен кейін ғана сыртқа шыққан тергеуші темекі тұтатқан. Осы сәтте телефоны безілдеп қоя берді.  «Сейфуллин көшесіне тездетіп келіңіз, полиция қызметкерлері Палтаевқа ұқсас адамды ұстады» дейді тұтқаның арғы бетіндегі әріптесі.

Бұл келгенде күдіктіге тінту жұмыстары жүргізіліп жатқан. Үсті-басы кір-қожалақ, сақал-мұрты өскен, аузынан арақтың иісі мүңкіген бұл міскін шынымен де Заман Палтаев еді. Оның полицейлерді адастырмақ болған пиғылы жүзеге асқан жоқ. Бұлтартпас айғақтар тығырыққа тіреген

қылмыскер ендігі жерде түлкібұлаңға салудың қажетсіз екенін түсініп,  әр сұраққа шынайы жауап беруге көшті. Бірақ әдетте әккі қылмыскерлердің бүгінгі айтқанына келесі күнгі сөзі ұқсамай жататыны бар. Сондықтан полицейлер күдіктіге тінту жүргізіп, қалтасынан шыққан әр затты бөлек қапшықтарға салып, дәйек ретінде жинақтады. Оның арасында жас қыздың ұялы телефоны да бар еді. Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мұрағатында сақталған  тергеуші мен қылмыскер арасындағы сұрақ-жауаптың дәл осы сәттегі үзіндісін тыңдасаңыз, құйқа-тамырыңыз шымырлап кетеді:

  • Мына телефон сіздікі ме?
  • Жоқ, менікі емес.
  • Кімдікі?
  • Қыздікі.
  • Қай қыздікі?
  • Бөкейханов көшесіндегі.
  • Сіз оны танушы ма едіңіз?
  • Жоқ.
  • Ол қыз қайда қазір?
  • Өліп қалды.
  • Қалай өлді?
  • Мен өлтірдім.
  • Немен?
  • Әйнекпен.

Қатігез қылмыскер өз әрекетін толық мойындады. Дегенмен Алматының тәртіп сақшылары оны неге дер кезінде құрықтай алмады деген заңды сұрақ туады. Қаскөйдің әкпелі-сіңлілі екі әйелді өлтіруіне не себеп болғаны да қылмыскер қолға түскенше жұмбақ еді.

 

III

Тергеу деректеріне қарағанда, ол марқұм Аннамен екі апта бұрын ғана танысқан екен. Бірер мәрте кездесіп, көңіл көтерген. Ал қанды қылмыс болатын күні жаңа танысының үйіне ішімдік ішіп келеді. Оны жатырқамай қарсы алған әйелдер қонақты дастарқан басына шақырып, тағы да тойлатқан. Ал тойдың соңы қанды қырғынға ұласады. Оған түрткі болған себептің сиқы мынадай: ішімдікке сылқия тойған Палтаевтың Аннамен төсек қатынасына түспек болған ойы жүзеге аспай қалған. Келіншек оның пиғылына қарсы болмағанға ұқсайды. Керісінше, еркек қауқарсыздық танытқан. Масаң күйлерінде махаббат айдынында жүзгісі келгендердің құшағы осылайша көңілсіз ажыраған. Палтаев үстел басына келіп, ішімдікке қайта бас қояды. Бұл сәтте Анна әпкесімен балконда темекі шегіп тұрса керек. Онсыз да ұятты болып, басы салбырап отырған еркектің құлағына осы сәтте Анна мен әпкесінің сыбырласа сөйлесіп жатқандары естіліп қалған-мыс. Екі қыз қосыла күледі. Шын-өтірігін кім білген, бірақ Палтаев «Анна менің осалдық танытқанымды әпкесіне айтқанын анық естідім» дейді. Міне, осыдан кейін ол бір қолына пышақ, екінші қолына босаған бөтелкені ұстап, екеуінің ішке кіруін күткен. Балконның есігі жабылғанда, бұл бөтелкені Лэраның басына ұрып жарады. Сынған шишаның қолында қалған бөлігін де қару ретінде пайдаланады. Екі қызды ұрып-соғып, қанға бөккен төсекте жыныстық зорлық сипатындағы әрекеттер жасайды. Сұмдығы сол, олардың өліп қалғанын бұл қыздар қимылсыз қалғанда ғана бір-ақ білген.

Үйді өртегенімен, күдіктің өзіне ауарын сезген Палтаев Алматыдан алыстап кетуге тырысады. Сөйтіп, «Сайран» автовокзалында екі сағаттай жүріпті. Бірақ қайда барарын, қай бағытқа бет аларын шеше алмаған. Тек «Таразға баратын кім бар? Бір орын қалды. Жүреміз, жүреміз!» деп айлаған жүргізушінің сөзін естігенде, автобуска секіріп мінген. Осылайша, Алматының полицейлері табандарынан таусылып іздеп жүргенде, бұл Жамбыл облысының аумағына өтіп кетеді.

Дегенмен Палтаев Таразда бір күн ғана болады. Барған күні жуынатын бөлмесі, не дәретханасы жоқ, ең арзан қонақүйлердің біріне жайғасады. Әдетінше, бірер сағат қаланы аралайды. Сосын дүкеннен бір бөтелке арақ пен бір бөлке нан алып, кері оралады. Ертесі күні автовокзалға барып, Шымкентке жүретін автобусқа отырады. Шымкентке бір түнеп, ары қарай Қарағандыға жол тартады. Дегенмен бұл жүрісінің ұзаққа созылмасын қылмыскердің де іші сезген сыңайлы. Өйткені ақшасы таусылуға таяп қалған еді. Басқа түгілі, темекі мен нан алудың өзі мұңға айналған.

Әлде сақтығы, әлде орайы солай болды, қылмыскер кері оралғанда барған бағытына жуымаған. Алдымен Қарағандыдан Шуға дейін келеді. Онда да автобуспен емес, жолда қол көтеріп, кім алса, соған жармасқан. Бұл кезде оның жолға төлейтін де ақшасы қалмаған еді. Қақаған қыста алқам-салқам киініп, аш жүрген бұған жұрт жанашырлықпен қараған секілді. Өйткені көпшілігі тегін жеткізгені өз алдына, қолына тиын-тебен ұстатыпты. Мәселен. Алматыға жеткізген «Камаз» жүргізушісі бұған екі мың теңге берген. Міне, солардың әрқайсысы қасында қандықол қылмыскер келе жатқанын білмеген.

2017 жылдың 6 желтоқсаны. Палтаев Алматыға келгенде тура өз үйіне кіргендей  әсер алған-ау, шамасы. Әлде қашып жүрген күндердің қиындығы шаршатты ма, әйтеуір, өзін еркін сезінген сықпыты бар. Ал Палтаевтың өзін еркін сезінсе, не істейтіні белгілі. Дүкенге кірген де, өзіне ұнаған арағын алып, өмір жолын ой елегінен өткізбекке бекінген. Арақ буын-буынына түсіп, елірте бастағанда, өзінің әлдебір бойжеткеннің артынан ілесіп бара жатқанын байқаған. Бірақ бұл кезде өзін тежеуге шамасы мүлде жоқ еді. Көзіне қан толған қылмыскер жиырмадан жаңа асқан бойжеткенге ел көзінен таса жерде күш көрсетіп, оны қорқытып, жетектеп әкетеді. Жер астына түсетін магистралға келгенде қыз шыңғырып, қарсылық танытса керек, қауқарсыз бойжеткенді темір баспалдақтан төмен қарай итеріп жіберген. 3-4 метрдей биіктіктен құлап, есінен танған жәбірленуші есін жия сала жансауғалап, қарсылық көрсетеді. Дәл осы сәтті тергеушіге берген жауабында қылмыскер былай суреттейді:

  • Ол қарсыласып, шамасы жетпейтінін білген соң жалына бастады маған.
  • Қай тілде айтты?
  • Қазақ тілінде.
  • Нақты не деді?
  • «Маған тиіспеңізші, телефонымды алыңыз. Полицияға хабарламаймын. Арыз да жазбаймын. Оған сөз берем» деді.

Бірақ қаніпезер Палтаев шырылдаған қыздың жанайқайына құлақ аспаған. Ойына келгенін істеген. Бөтелкенің сынығын қару ретінде пайдаланып, аяусыз кескілеген. Сосын оқиға орнынан із суытқан.

Дені сау адам мұндай қатігездікке қалай баруы мүмкін? Әлде ол ауру ма?  Шындығы сол, түрлі сараптама қортындылары Палтаевтің ақыл-есінде ешқандай ауытқу болмағанын, қылмысының бәрін саналы түрде жасағанын көрсетіп берді. Сол себептен Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Заман Палтаевті «қарақшылық шабуыл жасады, адам тонады, кісі өлтірді және әйел зорлады» деген бірнеше бап бойынша айыпты деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады.   

Осылайша Заман Палтаев өзінің бейбіт өмірін тәрк етіп, түрменің тозағына жолдама алды. Ол үш бірдей адамның ғұмырын қиғанын әрине біледі, бірақ олардың қаншама туысын қан құстырып, қайғы жамылдырып кеткенін ұғынбаған секілді. Дегенмен оны түсінуге, өзінің әр әрекетін сараптауға, әр қадамы туралы ойлануға ширек ғасыр уақыты бар. Әрине, оған ғұмыры жетсе...

Сансызбай Нұрбаба, Nege.kz

Қазір оқып жатыр

«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы

бапи

«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы

мұрат әбен

Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды

Маңғыстау облысы

Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?

Әлібек Қуантыров