Мегаполистің мүмкіндіктері: Алматы қалай дамымақ?
Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Бір ғана мысал: бұл қаланың еншісінде ел экономикасының 5/1 бөлігі, ал бюджетке түсетін түсімнің 4/1 бөлігі тиесілі.
Алматыдағы шағын және орта бизнес саласында 643,1 мың адам жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі экономикалық жағынан белсенді халықтың 62,1 пайызы.
Қалада қажетті еңбек және инфрақұрылымға қажетті ресурстар жеткілікті. Дәл осы нәрсе Алматыны еліміздегі ең инвестициялық-тартымды өңірлерінің біріне айналдырды. Мұны жоғары кредиттік рейтингтен де көруге болады. Мәселен, өткен жылы ақпанда «Fitch Ratings» Алматы қаласының кредиттік қабілет рейтингі «ВВВ» деңгейінде екенін растады.
Фото: pixabay.com
Айталық, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Алматы экономикасының құрылымында сауда, қаржы және сақтандыру қызметі саласы мен жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар көп жасалған (34,6%). Ал өңдеу өнеркәсібі аса жоғары емес – ЖӨӨ-нің 4,8%-ын ғана.Демек, қала экономикасының іргесін негізінен сауда, қаржы мен жылжымайтын мүлік сынды үш сала құрайды. Сауда жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге қаланың экономикалық интеграциясының да маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.
2017 жылдан бастап Алматы қаласында жұмыспен қамтылған халық саны өсе бастады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 982,8 мың адамға жеткен. Көрсеткіштің өсуіне экономиканың екі саласы: құрылыс (19,4%) және сауда (18,7%) әсер еткен. Ірі мегаполисті «орташа табыстың тұзағына» түсірмеу үшін қала басшылығы өңдеуші өнеркәсіп, туризм, IT және креативті индустриялар сияқты экспорттық әлеуеті бар экономиканың басым салаларына назар аудара бастады.
Өңдеу өнеркәсібі – экономика өсімінің негізін қалаушы элементтерінің бірі. Дамыған елдер ESG қағидаттарын және «көміртекті бейтараптықты» ұстанатынын ескерсек, өндірістердің жаңа үлгілерін дамыту және енгізу мәселесі Алматы экономикасының күн тәртібінде тұр. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібін заманауи форматта пайдалану маңызды. Бұл – өндірісті автоматтандыру мен цифрландыру және жоғары технология. Мұндай технологиямен жасалған өнім сыртқы нарықта жоғары бағаланады, қаланың экологиясын жақсартады және экспорттың ұлғаюына ықпал етеді.
Фото: Sergey Varygin / Shutterstock
Алматы өңдеу өнеркәсібінің қала экономикасындағы үлесі көп емес. Дегенмен бұл сала жылдан-жылға дамып келеді. Мәселен, 2017 жылғы үлесі 3,9% болса, 2021 жылы 4,8%-ға дейін өскен. Машина жасау – 33,3%, тамақ өнеркәсібі – 28,2%, құрылыс материалдары өндірісі – 7,1%, фармацевтика – 1,7% және жиһаз жасау – 1,5% көрсетті. Өндіріс саласының технологиялылық деңгейі де өскені байқалады: төрт жылда 12,8%-дан 36,2%-ға дейін өскен.
Шағын және орта бизнес түйткілдері
Шағын және орта бизнесті дамытуда шағын өнеркәсіптік парктердің (ШӨП) маңызы зор. ШӨП аумақтарында өндірісті дамытуды ынталандыру мақсатында 2023 жылға дейін жеңілдетілген кредиттік өнім – «өнеркәсіптік ипотека» әзірленіп, енгізіледі. Бұл өнім қарызды кәсіпкерлер үшін кепілдік жүктемесін айтарлықтай төмендетеді.
2030 жылға дейін қосымша 100-ден астам жаңа ШӨП салынатын болады, оның ауданы 1 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылады және 1000-ға дейін өндіріс орналастырылады. Жеке инвестициялар сомасы 300 млрд. теңгеден асады, бұл 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Алматы индустриялық аймағының рөлі
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін ең алдымен не керек? Әрине, ол – бизнесті орналастыратын жер учаскелері. Осыны ескеріп, қала басшылығы индустриялық аймағын 190 гектарға кеңейтуді жоспарлап отыр. Индустриялық аймақтың екінші кезеңі инфрақұрылымын салуға республикалық бюджеттен шамамен 40 млрд теңге бөлу қажет. 2025 жылдың соңына дейін екінші кезеңнің құрылысы аяқталады.
2025 жылдың соңына дейін 160 млрд теңгеден астам жеке инвестициялар тарта отырып, кемінде 50 жоба қосымша іске асырылмақ. 2030 жылға дейін жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын 50-ден астам жаңа жоба іске қосылуы мүмкін.