17 Қараша 11:19
...

«Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылау ТҮРКІСТАНДА өтті

Фото:

«Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Яссауи атындағы университеттің конференция залында «Масс-медиа туралы» заңның кейбір түйткілді тұстарын талқылау бойынша форум өтті.

Форумға Мәжіліс пен Сенат депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, комиссия мүшелері, БАҚ басшылары, танымал журналистер мен студенттер қатысты. Жиынды белгілі журналист, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан ЕЛШІБАЙ жүргізді.

Журналистер мен қоғам белсенділерін алаңдатқан ең түйткілді мәселе – пресс-картаның жайы. Жиынға қатысқан көпшіліктің пікірі бір арнаға тоғысқандай. «Егер журналистке пресс-карта беру мәселесі қолданысқа еніп кетсе, бұл БАҚ өкілдерін алалауға әкеп соқтырып, журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіруі мүмкін» деп есептейді олар.

«Масс-медиа туралы» заң бойынша Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанарбек ӘШІМЖАН бұл мәселенің басы ашық екенін айтып, журналистер мен қоғам белсенділерін заң жобасын белсенді талқылауға шақырды.

Жиында белгілі журналист, Aulieata-Media ЖШС директоры Оралхан ДӘУІТ баяндама жасап, өңірлік БАҚ-тың мәселесін көтерді.

«Еліміздің барлық аймақтарында дерлік медиахолдингтер құрылған. Бірақ шынын айту керек, холдингтердің құрылуында ешқандай бірізділік жоқ. Өйткені бір өңірлерде медиахолдингтер облыстық ішкі саясат басқармасына бағынса, енді бір өңірлерде қаржы басқармаларына, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына бағынады. Құрылтайшылары осы мекемелер. Яғни, әр облыс басшылығы холдингтерді құрған кезде әр түрлі заңның негізіне сүйенген сияқты.

Ақпарат саласындағы адам түсінбейтін реформалардың салдарынан медиахолдингтердің жұмысы да бір ізді емес. Мысалы, бір өңірлерде медиахолдинг құрамына аудандық, қалалық газеттер енгізілсе, енді бір өңірлерде аудандық, қалалық газеттер жекешеленіп кеткендіктен тек облыстық газеттердің ғана басын құрап, холдинг болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы холдинг облыстық, қалалық қазақша газеттерден ғана құралып, орысша газеттер жекеге беріліп кеткен. Қызылорда облысының газеттері сенімгерлік басқаруға берілген. Ұлытау облысының мемлекеттік газеттері де, телеарнасы да түгелдей жекешеленіп кеткен. Міне, осындай ала-құлалық өте көп.

Бір облыстарда газеттердің жаппай жекешеленіп, келесі бір облыстарда әлі де мемлекеттік қарауында қалғаны еліміздің ақпарат саласындағы ала-құлалықты байқататыны анық. Жасыратыны жоқ, аймақтық газеттердің тағдыры сол өңір әкімдерінің жеке көзқарасына, жеке шешіміне қарай осындай күйге түскен сияқты. Яғни, еліміздің БАҚ саласында белгілі бір тәртіп, ереже болмай тұр. Заң, тәртіп бәріне ортақ десек те, бір облыста газеттердің барлығы бірдей қандай заңға сүйеніп жекешеленіп кеткені, ал, екінші бір облыста бүтіндей неге жекешеленбей қалғаны біз үшін әзірге түсініксіз.

Ақпарат саласының тағы бір мәселесі – кадр тапшылығы. Қазір іргелі оқу орындарының барлығы дерлік, журналист мамандығын дайындайтын болса да редакциялар тілші мамандығына қатты зәру. Жоғарғы оқу орнын бітіре салып, журналист дипломымен редакцияға келіп жұмысқа орналасып жатқандар өте сирек. Ал аудандық газеттерге дипломмен келетін жастар толқыны тіптен тоқтаған десе де болады.

Бүгінде «Газет-журналдардан ешқандай пайда жоқ. Табысты емес. Тираж түсіп, оқырман азайып жатыр. Ендеше басылымдарға қаржы бөліп, неге ұстаймыз?» деген де әңгімелер ашық айтылып жүр.

Бірақ, өзіңіз ойлап көріңізші, идеология саласының қай қызметі қып-қызыл табысқа бөгіп жатыр?

«Газет оқитындар азайып кетті, ешқандай табысы жоқ» дейтін болсақ, онда еліміздегі кітапханалардың бәрін жабайық. Олар қандай нақты пайда түсіріп жатыр? Ауыл-аудандарды былай қойғанда қалалардың өзінде де кітапханалардың жұмысы қызып жатпағанын мойындауымыз керек.

Миллиардтап ақша бөлінетін футбол клубтарының бәрін жабайық. Олар да қып-қызыл шығында отыр. Егер бюджет көмектеспесе, билет алып, футбол көру үшін стадионға келетін жанкүйерлердің қаржысына ешқандай клуб күн көре алмас еді?!

Өңірлердегі клуб, мәдениет үйлерінің барлығын жабу керек. Қайсысы жыл он екі ай концерт өткізіп, билет сатып, табыс тауып жатыр?!

Дәл сол сияқты музей, көрме, түрлі мәдени орталық, үйірмелер, спорт кешендерінің барлығын жабу керек шығар. Өйткені ешқайсысы өз табысына күн көріп отырған жоқ.

Тағы да қайталап айтамын, идеология саласының қолға ұстап санайтын нақты табысы жоқ десе де болғандай... Бұл саланың табысы көзге көрінбейді.

Егер елімізде қылмыс саны азайып жатса, тұрғындардың мәдениеті артып, денсаулығына жауапкершілікпен қарап, спортпен айналысатын жандар, салауатты өмір салтын ұстанатындар, адамгершілігі мол, меценат, қайырымды адамдар көбейіп жатса – бұл БАҚ саласы жүргізіп жатқан үгіт-насихаттардың арқасы емес деп қалай айта аласың...

Міне, идеологияның жемісі мен жеңісі.

Сондықтан БАҚ саласына, басылымдарға жанашыр көзқарас керек.

Қалай айтсақ та бюджеттік газеттер биліктің көмегіне өте мұқтаж. «Газеттің тиражы азайып жатыр екен» деп оның бюджетін де, қызметкерлерін де қысқартудың қажеті жоқ. Былайша айтқанда, «Оқырмандары азайып келе жатыр» деп газет-журналдардың болашағына, тағдырына селқос қарамау керек.

Ал біз, құрметті әріптестер, кәсiби мамандығымызға адал болуымыз қажет. Қызметiмiзге адал болсақ ауызбiршiлiгiмiз де мықты болады. Бір-бірімізге құрметпен қарайық. Сыйлай білейік. Журналистiң қолында қаламнан басқа ештеңе жоқ. Сондықтан бiз бiр-бiрiмiздi қорғауымыз керек. «Ауруын жасырған өледі» деген проблемамызды ашық айтып, соны бірлесе шешуге ұмтылуымыз қажет. Бүгінгі медиафорумның да басты ұстанымы, осы!», – деді О.Дәуіт.

Тегтер: