Марс Зарлыханұлы, өрт сөндіру бөлімінің бастығы: Сәбит – сабақ алатындай нағыз ерлік жасады

Таяуда Павлодар облысы, Екібастұз қаласында өрт шарпыған пәтерден бойжеткен құтқарылды. Осы оқиғаның басы-қасында болып, қарамағындағы қызметкерлеріне дұрыс нұсқау беруінің нәтижесінде аман қалған тұрғын уақытында ауруханаға жеткізілді. Nege.kz тілшісі Екібастұз қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Марс Зарлыханұлы Шыбынбаевтан оқиғаның жай-жапсарын сұрап білді.
– Марс Зарлыханұлы, №6 өрт сөндіру бөлімінің мамандары бір бойжеткеннің өмірін арашалап қалған оқиға жайында айтып беріңізші...
– 1976 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жосалы елдімекенінде дүниеге келдім. Бұл салада 2004 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Әуелі өрт сөндіруші болып бастадым, одан кейін бөлім командирі қызметін атқардым. Сосын Көкшетау институтында сырттай оқып, қарауыл бастығы болдым. 2021 жылы №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалдым. Шенім – майор, төрт баланың әкесімін. Қазір Екібастұз қаласында тұрамын.
Ал жақында болған өрт оқиғасына тоқталсам, бізге 6 мамыр күні кешкі сағат жеті жарымда қоңырау түсті. Бізге хабарласқан адам «балконнан түтін шығып жатыр» деген ақпаратты жеткізді. Қазір телефонның, интернеттің дамыған кезі ғой. Үйдің жанынан өтіп бара жатқан адам дереу хабарласа қойған. Содан өртті сөндіру оқиғасына бас-көз болып, өзім де бардым.
Өрт 5-қабаттағы үйден шығып жатыр. Барған сәтте балконнан бойжеткеннің сұлбасы көрінді. Ол бізді көрген де сылқ құлаған. Бар әлі сол жерге дейін жеткен екен. Бұл кезде өрт күшіне мініп алыпты. Содан газ бен түтіннен қорғану буы құралын киген қарауыл бастығы Асхат Қызылбаевқа және үш өрт сөндірушіге тапсырма бердім. Олар арнайы құралмен бесінші қабатқа көтеріліп, темір есікті бұзады. Үйдің ішінен түтінге уланып, ес-түссіз жатқан қызды алып шықты.
Құтқарғандар – қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Асхат Ордабайұлы Қызылбаев және өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Балға Дәуренұлы Жәкіш. Содан дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілді. Екі күн реанимацияда жатыпты. Одан кейін жай палатаға шықты.
Біз құтқарған адамның жағдайын күн сайын біліп тұрамыз. Бүгін ғана біздің мамандар өмірін арашалап қалған бойжеткен 1993 жылы туған Балбота Жұмабаеваға кіріп шықтым. Денсаулығы жақсы екен. Бүгін ауруханадан шығатынын айтты. Мен де «Бұдан былай 6 мамыр сіздің екінші туған күніңіз болды ғой» деп көңілін көтеріп қойдым. Өрт сөндіруші, құтқарушы мамандарға алғысын жаудырып жатыр.
«Өрт қалай шықты?» деп себебін сұрадым. «Үйге келдім де, есікті кілтпен жауып алдым. Сосын тоқ ұзартқышты тартып, ұялы телефонымды қуаттауға қостым да, ұйқтап қалыппын. Оянсам, екі бөлмелі пәтердің іші көк түтінге ораныпты. Есік жаққа барайын десем, өрт лапылдап тұр. Ал кілтті екінші бөлмеге қойғанмын. Сөйтіп, таза ауа іздеп балконға шықтым. Бірақ бұл кезде түтін бойымның бәріне дендеп алған сияқты. Содан есімді бір жоғалтып, бір айығып тұрғанда өрт сөндіретін көлікті көрдім де, құладым. Әрі қарай ештеңе есімде жоқ», – деді ол.
– Сонда пәтері түгел жанып кетті ме?
– Ол былай болған. Бойжеткеннің қалада үйі жоқ екен. Жаман қылығым жоқ дейді. Айтуынша, құрбысының жігітінің пәтері екен. Бірақ олар қалаға жақын ауылға барып-келіп жүретін көрінеді. «Егер тұрғың келсе, тұра бер. Үйге дұрыс қарасаң, жетіп жатыр» деген екен. Бұл жерде де өрт тоқтың тұйықталуынан шығып тұр ғой.
– Өзіңіз басшы болсаңыз да, өртті сөндіру жұмысына қатысасыз ба?
– Иә, қоңырау түскен барлық өрт оқиғасына барамын. Кейде өзім болмасам, орынбасарым шығады.
– Өрт сөндіру саласын таңдауыңызға не себеп?
– Бұрыннан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысына қатты қызығатынмын. Әскерден келген соң осы салада жұмыс істегім келіп, бағымды сынап көрдім. Ол кезде денсаулығыма байланысты комиссиядан өте алмадым. Сосын емделіп, денсаулықтағы ақауды түзеп, осы жерге қайта келдім. Себебі, өзімді басқа кәсіпте елестете алмадым.
– «Талапты ерге нұр жауар» дейсіз ғой. Өзіңіз басқаратын бөлімнің бүгінгі беталысы жайлы білсек...
– Ұжымда өзімді қосқанда 32 адам бар. Оның ішінде 6 маман – офицерлік құрамда, 4 қарауыл бастығы, 26 шопыр және өрт сөндіруші, сосын телефонға жауап беретін қыздар жұмыс істейді.
– Қазір тұрғын үйді салу кезінде ең алдымен қауіпсіздікке басымдық беріледі ғой. Өрт оқиғасы дерегі алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама азайды ма? Әлде, тұрғындар әлі де бұл мәселеге салғырт қарай ма?
– Екібастұз қаласында 2 өрт сөндіру бөлімі бар. Біреуі қаланың ана шетінде, екіншісі мына шетінде. Екінші бөлім мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі деп аталады. Біз үнемі бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Көбінесе қаланың маңайындағы елді мекендерге шығамыз. Соның арасында өрт қауіпсіздігін сақтауға байланысты түрлі шаралар ұйымдастырамыз.
Мамандар ай сайын, аптасына бір мәрте аудандарды, ауыл-аймақты аралап түсіндіру жұмысын жүргізеді. Әсіресе, күз, көктемде және пеш жағатын қыс мезгілінде тұрғындарға тұрақты түрде ескерту жасалады. Ал жаз маусымында дала өрті көп тіркеледі. Бұған демалушылардың өрт қауіпсіздігіне бейжай қарауы себеп. Тамақ пісіріп, шай қайнатады да, артынан шоғын сөндірмей кетеді. Сосын шөп шапқан кезде тракторларға жалынды өшіретін құрылғы қоймайды. Міне, соның салдары дала өртінің шығуына әкеліп соғады.
– Бөлімде жұмыс істейтін мамандар кәсіби білікті ме? Яғни, бәрі осы саланы жіті меңгерген бе?
– Бәрі білікті. Жұмысқа қабылданбас бұрын арнайы дайындықтан өтеді. Мұнда жұмысқа тұру да оңай емес. Қазір Өскемен қаласында екі өрт сөндіруші білімін жетілдіріп, оқып жатыр. Бір ай оқып келген соң, сосын екі айға жуық өзіміз тағы да дайындаймыз. Сосын әрқайсысын қарауыл бастығы өз қадағалауына алады. Күнде таңғы сағат 9-дан күндізгі 12 жарымға дейін сабақ өтеді, кешке норматив тапсырады.
– Бұл салада жұмыс істеуге жастардың ұмтылысы қалай?
– Әрине, бізге келетіндердің көбі – жастар. Әлгінде айттым, қазір жастардың жұмысқа орналасуы қиындап кетті. Қай жағынан десеңіз, айтып берейін.
Мәселен, бізге жұмысқа тұрғысы келген талапкер заң негізінде Халыққа қызмет көрсету орталығына барып сынақ тапсырады. Егер межелі балды жинаса, бізге қайта келеді. Біз әскери дәрігерлік комиссияға жібереміз. Олар денсаулығын түгел тексереді. Одан өткеннен кейін өрт сөндірушілер үшін арнайы байқау жарияланады. Содан іріктеуден өткен соң біз оқуға жібереміз. Айналасы үш-төрт ай уақыт өтеді.
– Мамандар қатаң талаппен жұмысқа қабылданады екен. Алайда, жалақысы соған сай көңіл көншітерлік пе?
– Жалақыны заң бойынша үкімет төлейді. Арнайы нормативі бар. Онда өрт сөндіруші, жүргізуші, қарауыл бастығы қанша жалақы алатыны көрсетілген. Ал, жалпы қазір күнкөріс қиындап кетті ғой. Азық-түлік күннен-күнге қымбаттап жатыр. Біздікі мемлекеттік қызметкерлер – мұғалім мен дәрігердің жалақысы сияқты бірге көтерілмейді. Төтенше жағдай министрлігі қалай қосады, берілген ақшаны аламыз.
– Ал «жалақы аз екен» деп кетіп қалатындар бар ма?
– Ондай жағдай сирек. Кейбірі «Мен бұл жұмысқа шатасып орналасыппын. Маған қол емес екен» дейді. Енді бірі «Әкем осында жұмыс істе деп айта берген соң, келіп едім» деп айтады. Мұнда әртүрлі себеппен, жағдаймен тап болғандар кездеседі. Бірақ көп жігіттер орнығып, бір азаматтай жұмысын атқарып жүр.
– 2004 жылдан бергі жұмыс тәжірибеңізде естен кетпес оқиға болды ма?
– Көп болады ғой. 2008-2010 жылдары ғой деймін, өрт сөндіруші жұмысын атқарамын. Бізге қыс уақытында «саяжай жанып жатыр» деген хабарлама түсті. Барсақ, саяжай қып-қызыл жалынға оранған. Біз өртті ауыздықтап болдық. Бір кезде менің басыма бір ой келді. «Бұл саяжай неге қыста жанды? Мұнда ешкім тұрмаса, өрт қайдан шықты?» деген сұрақ сап ете қалды. Былайша айтқанда, жүрегім бірдеңені сезді.
Өрт сөндіру командиріне «Мына үйді бұзайықшы...» дедім. Сосын жіті барлау жұмысын жүргіздік. Қарасам пештің жанынан иттің бе, адамның ба денесі сияқты бірдеңе қараяды. Ақырын ғана шұқып көрсем, қан шығып тұр. Сөйтсек, адам өлімі болған екен. Яғни оны өлтіріп, пештің жанына қойып, жағып кетіпті.
Сол жерге жедел түрде полицияны шақырдық. Олар мүрдені салып алып, экспертиза жасауға алып кетті. Бізге олар да алғысын айтты. Түрмеден шыққан жігіт саяжай күзетшісімен бірге ішіп, оны өлтірген. Ешкім білмесін деп жағып жіберген көрінеді. Оны да ұстап алып, сол жерде қылмыстық оқиға ашылды.
Жуырда 9-қабаттағы пәтер қатты өртке оранды. Дереу жетіп, өртті сөндіруге кірістік. Үйдің ішіне кірсек, әйел адамның мүрдесін тауып алдық. Күйеубаласы енесін өлтірген де, жуынатын бөлмедегі ваннаға салып жағып жіберген. Сөйтіп, өзі қашып кеткен.
– Қалай ойлайсыз, қазір адамдар қатыгез болып кетті ме?
– Алғаш жұмысқа келген кезде қатты ойыма алып, уайымдайтын едім. Қазір осы салаға әбден кірігіп кеткен соң, мұндай оқиғаға жиі куә боламыз. Оған бойымыз үйреніп те кетті.
– Ал өрт сөндіру бөлімі заманауи құралдармен жабдықталған ба?
– Әрине, жаңаланып тұрады. Техника, көлік бәрі жеткілікті. Жетпейтіні облыстан сатып алынып жатыр. Ауылдағы өрт сөндіру бөлімшелеріне де жеткізіледі. Ескі құралдың бәрі жаңарып келеді.
– Құтқарушы немесе өрт сөндіруші қандай болу керек?
– Ең бірінші, батыл болуы тиіс. Физикалық жағынан мықты болу керек. Біздегі жігіттердің бәрі осы талапқа сай.
– Сіздерге кеше ғана 3 жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев сияқты азаматтар керек қой...
– Видеоны қайта-қайта қарадым. Нағыз сабақ алатын ерлік жасады. 8-қабатқа шығып, сәбиді құтқару екінің бірінің қолынан келмейді. Сондай тәуекелге барғанының өзі не тұрады?! Ешқандай да сақтандырылмаған. Оған қандай құрмет көрсетсе де, адал алды. Аяғынан ұстап тұрған жігіт Сағиға да екі бөлмелі пәтер бергеніне қуандық. Олар бір-біріне демеу болды деп ойлаймын.