Маньяктар. Шымкенттік Чикатило
Чикатило, Николай Жұмағалиев және Сергей Манжиковтың төбе құйқаны шымырлатар қылмыстарымен қатар Шымкентте де осындай қанқұйлы қылмыс жасалды.
«Шымкентте маньяк пайда болды!» деген хабар әп-сәтте қаланы шарлады. Сол кездің өзінде-ақ Төрегелді Жарамбаевты жұрт «Шымкеттік Чикатило» деп атап кеткен.
Жарамбаевтың өз қолтаңбасы бар еді. Адамның ойына кірмейтін қатігездігі де жетіп артылатын. Әйел ме, еркек пе, бала ма, ол үшін айырмашылық жоқ еді.
Шымкенттік Чикатило алғаш рет 1990 жылы ақпанда Совет Армиясының сержанты Кеңес Жақауовты өлтірді. Әскери борышын өтеп, Қызылордаға бара жатқан солдат жолай Шымкентке тоқтап, өзінің пойызын күтіп отырған. Аттай 12 сағат уақыты бар солдат вокзал маңындағы асханалардың біріне ауқаттанып алу үшін кіреді. Сол жерде маньякпен танысқан. Аз-кем шүйіркелескен соң таныстық үшін арақтан тартып жібереді. Біраз отырған соң Жарамбаев қаланы аралап, тағы бірер шөлмек арақ алуға солдатты көндірген.
Теміржолдың бойымен вокзалдан біршама ұзаған соң артта келе жатқан Жарамбаев қойнына тыққан балғасымен солдаттың басынан құлаштай соғады. Солдат кескен теректей сұлап түскен соң маньяк шалбарын шеше бастайды...
Солдаттың өлі денесін көрген милиция қызметкерлері тілден айырылып қала жаздаған. Бас сүйегі мыж-мыж, тыр жалаңаш. Маньяк өлі денені әбден қорлапты, артына таяқ тығып кеткен...
Жедел топ өлген солдаттың кім екенін бірден анықтай алмаған. Өткені солдат формасынан басқа ештеңе жоқ еді. Құжат та, ақша да табылмады. Вокзал қызметкерлерінен мұқият сұрастыра келе, солдаттың қайда бара жатқаны анықталды. Ал қылмыскер жоқ. Асхана жұмысшысы күдіктінің жалпы портретін ғана айтты: арық, ұзын бойлы, бетінде ерекше белгілері жоқ, ақсамайды, кекеш емес, тыртығын немесе татуировкасын байқамаған.
Маньяктың қақпанына бұдан кейін 16 жастағы қыз түсті. Сол күні Ләззат Дүйсебаева жігітімен жанжалдасып, парк арқылы үйіне бара жатқан. Қылмыскер жанжалдың куәсі болса керек, бойжеткеннің артынан ілесіп отырыпты. Парктің қараңғы тұсына жеткенде балғамен қыздың басынан ұрып құлатады да, қойнынан пышағын шығарып, жансыз денеге сұққылай береді. Кейінірек сарапшылар өлі денеден пышақтан түскен 92 жарақат тапқан.
Қызды зорламаған. Алайда жамбасының жұмсақ етіне бойлай салынған пышақ ізінен ер адамның аталық ұрығы табылады. Бұл маньяк адамның түсіне де кірмейтін айуандықпен өлі денені қорлайтынын көрсетті.
Осы оқиғадан соң Шымкент халқын сұмдық үрей биледі. Бірнеше жедел-тергеу тобы құрылып, маньякты жер-көктен іздей бастады. Милиция шарқ ұрып жүргенде тағы бір өлі дене табылды. Бұл жолғы құрбандық – мылқау балалар мектеп-интернатының оқушысы, 12 жастағы Женя Шаповалов еді. Паркте оның денесін қарға көміп кетіпті. Бірге оқитын балалар қоңырау кезінде оның пальто киген ұзын бойлы адаммен сөйлесіп тұрғанын, мектеп ауласынан бірге шығып кеткенін көрген.
Баланың бас сүйегі сынған, шалбары сыпырылған. Тағы да артына таяқ тығып кеткен. Өлі дененің маңынан сперманың ізі табылды. Айуан онанизмге және гомосексуализмге құмар екені белгілі болды.
Осыған ұқсас айуандықпен сотталғандардың бәрі тексеріледі. Күдіктілердің арасында осы мектепте оқыған бір адам бар еді. Бірақ оның алибиі бар боп шықты. Біраз уақыт бұрын Байқоңырға көшіп кеткен, сол уақытта Шымкентте болуы мүмкін емес.
Айтпақшы, маньяк қылмыс орнына кепкасын түсіріп алыпты. Тоқсаныншы жылдардың басында қытайлық бейсболкалар модада еді. Ауыл жастары кепканы тойға да, кездесуге де киіп баратын. Тіпті қаланың өзінде мұндай кепканы қолы жеткен киетін. Жарамбаев та кепкасын жоғалтқанына қатты қапаланған сыңайлы. Оның бейсболкасы заттай айғақ ретінде тіркеліп, тергеушінің сейфінде жатқан.
Маньяк тергеушінің кабинетіне келіп, кепкасы жоғалғанын мәлімдейді. Алашапқында милиционерлер оған дұрыстап көңіл бөлмесе керек, «қалада маньяк жүргенде қайдағы бір кепканы айтасың» дейді де қояды.
Қанішердің қолынан қаза тапқандардың арасында шымкенттік 16 жастағы жеткіншек те бар еді. Марат Жақыпбаев достарымен бірге тойдан қайтып келе жатып, отырысты аулада жалғастыруды ұйғарады. Жолай бір шөлмек арақты қолтықтай келіп, аулада ән айтып отырған. Қызып қалған Марат дәрет сындырмақ болып оқшауланады да, сол күйі қайтып оралмайды. Бір сағаттан соң ғана достары Мараттың араларында жоқ екенін байқап, іздей бастаған.
Қараңғы бұрышты айнала бере ішімдік ішіне түскен жастар сұмдық көріністен есін жиып алады: Марат екпетінен жатыр, басынан аққан қан айналасына жайылыпты. Шалбары шешілген. Жалаңаш жамбасына «Үйленіңдер» деп жазып кетіпті. Алғашқыда күдікті ретінде бөтелкелестері мен той қонақтары танылғанымен, олардың арасында маньяк жоқ еді.
Осы қылмыстан соң бірнеше күн өткенде жан түршіктірерлік тағы бір қылмыс жасалды. Әлдебіреу Еңбекші аудандық ЗАГС есігінің тұтқасына еркектің кесілген жыныс мүшесін байлап кетіпті. Жанына хат немесе басқа да дәлел қалдырмаған. Бірнеше сағаттан соң автобазаның 30 жастағы шопыры Махмұд Бураходжаевтың өлі денесі табылды.
Оның бас сүйегі сынған, тістерін қағып тастаған және жыныс мүшесін кесіп алыпты. Бұл жолы да маньяк фантазиясын аямай қосқан. Әдеттегідей басынан балғамен ұрып құлатып, бірнеше рет пышақтаған. Өлген соң алтын тісін жұлып алған да, артына әдеттегідей тағы таяқ тығып кетіпті.
Соңғы эпизодта ол бәрібір ұсталды. Маньяк өзінің ұсталмайтынына әбден сенсе керек, күндіз қылмыс жасамақ болған. Жеті жастағы балаға шабуыл жасап, оны алысқа апарып әуре болмай-ақ жақын маңдағы ағаш арасына сүйрей жөнеледі. Баланы қалыңның арасына апарып шешіндіріп, артына балғаның сабын тығады. Одан кейін өзі зорламақ болып жатқанда сол маңнан өтіп бара жатқан дәрігер мұны байқап қалады. Психиатриялық аурухананың дәрігері клиентін бірден таныған.
Жарамбаев осы ауруханаға жиі түсетін. Таныс дауысты естіген маньяк баланы тастап, қаша жөнеледі. Осылайша бала тірі қалады.
Шымкент милициясының есебінше, Жарамбаев екі жылда 33 адам өлтірген. Қазақстанның үздік ізкесушілерінің бірі Жеткерген Сүйіпбергеновтің (сол кезде маньякты ұстау бойынша жедел топты басқарған) ойынша, шымкеттік Чикатилоның қолынан өлгендер бұдан да көп болуы мүмкін.
– Бізге оның аты-жөнін айтқан кезде алдымен ауруханаға бардық. Жарамбаевтың диагнозы сұмдық – шизофренияның асқынған түрі. Бірнеше айда бір келіп тұрады екен. Ауруханадан мекен-жайын алып, үйіне түнде бардық. Ол түк болмағандай ұйықтап жатты. Үйінен өзі өлтірген адамдардан алған көп затты таптық: ішкиімдер, рейтуздар, әшекей заттар. Ол қылмысын бірден мойындады. Бірақ біз бұдан да сұмдық жағдайға куә болдық. Үйден көмілген екі адамның мәйіті шықты, тағы бір мәйітті ауладан таптық. Ауладағы мәйіт жас келіншектікі екен, бірақ оның жеке басы анықталмады.
Төрегелді Жарамбаевтың қылмысын әке-шешесі білген. Бірақ қорыққаннан милицияға хабарламаған. Керісінше, мәйіттерді көмуге көмектескен. Кейін оның әке-шешесі де сыбайлас ретінде әрі қылмысты хабарламағаны үшін жауапқа тартылды. Одан бері талай жыл өтсе де, сұмдық картина көз алдымнан кетер емес.
Т.Жарамбаев отбасында үшінші бала болыпты. Қатарластарымен жиі кикілжіңге келген. Достары болмаған. 15 жаста алғаш рет сексуалды қатынасқа түсіп, сол жолы-ақ көптеген ауру жұқтырып алған. Әскерде болған. Сонда басынан соққы алып, жынды болып оралған. Тіпті үйленіп, бала да сүйіпті. Кейін әйелі бұны тастап кеткен.
Үйін тінтіген кезде қылмыс құралдары балға, гирь, пышақ табылды. Құрбандардың заттары, тіпті әскери билет те шықты. Маньяк алғашқыда байбалам салды, одан кейін үндемей қойды, кейін бәрін баяндап берді. Тергеу кезінде ол өзіне әлдебір дауыс «өлтір» деп сыбырлап тұратынын айтты.
Мәскеулік психиатрлар оған «қылмыс жасаған кезде ақыл-есі дұрыс болған» деген анықтама берді. Осы анықтаманың негізінде ол сот үкімімен атылды.