22 Ақпан 15:09

Мақсат Сералы: «Ауыл аманаты» – жастарға берілген жақсы мүмкіндік

макс
Фото: жеке мұрағаттан

Үкімет Amanat партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқанына бір жыл болды. Мақсат – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу. Бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» жарлығын іске асыру мақсатында қолға алынып отыр. Президент былтырғы жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өткен болатын.

«Балапанды күзде сана» деген тәмсілді қанша жерден орынды десек те, жол ортада сараптама жасап, істің бағытын бажайлап, кемшілікті түзету үшін бір баға беріп өтуі де артықтық етпейді. Экономист Мақсат Сералы NEGE-ге берген сұхбатында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру барысы жөнінде түйгенін ортаға салды:

Сіздіңше, «Ауыл аманаты» бағдарламасы қаншалықты тиімді жұмыс істеп тұр?

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамытуға, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге негізделген. Демек, жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейді. Amanat партиясы аудандарда сараптама жүргізу арқылы осы бағдарламаны қолға алып, жүзеге асырып жатыр. Ауылдағы өзекті мәселелерді – ауыл шаруашылығынан бастап тұрғындарды жұмыспен қамтуға дейінгі түйткілдерді шешуді қарастырады.

Меніңше, «Ауыл аманаты» – жастарға берілген жақсы мүмкіндік. Бұл бағдарлама аясында, тұрмыс-тіршілігін түзету, жұмыссыздықты жою мақсатында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріліп отыр. Мұның өзі –ауылдың, ауыл жастарының мәселесін шешуге, жұмыспен қамтамасыз етуге үлкен жәрдем.

Бұл бағдарламаға қатысты қоғамда бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Кепілдеме, яғни, ауылдағы үйлерді кепілдікке қабылдамау мәселесі және тағы да басқа жайттар кездесті. Бірақ қазіргі таңда оның бәрі өз шешімін тауып отыр. Бағдарлама сәтті жұмыс жасап тұр.

Былтыр осы бағдарлама бойынша бөлінген қаражаттың кейбір аймақта игерілуіне қатысты мәселе ашық айтылды. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Игерілмеген қаражатқа келсек, бұл бағдарламаға деген жастардың сұранысы әлі де болса төмен екенін көрсетеді. Өйткені, көптеген азаматтар, әсіресе жастар несие саясатына барғысы келмейді. Жеңілдігі бар несиенің өзі – несие. Қайтарымы болуы тиіс. Сондықтан кәсіпкерлікке, бизнеске бет бұру жағын әлі де қамтамасыз ету керек.

Меніңше, ол үшін баулу, үйрету мақсатында оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру қажет. Бұл оқыту бағдарламалары кәсіпкерлікті игеруге негізделуі тиіс. Естеріңізде болса, пандемия кезінде оқыту бағдарламаларының бәрі онлайн іске асырылды. Онлайн тиімділік әсерін төмендетеді. Өйткені, көптеген азаматтар онлайн, телефон арқылы оқуды түсіне бермейді. Берілген материалды толық игеруді қамтамасыз етпейді. Бірақ Amanat партиясы барлық өңірлерде бар. Сондықтан кәсіпкерлік курстарын әрмен қарай жетілдіру керек деп ойлаймын. Өйткені, қаржылық сауаттылық, бизнес жоспарды жасау, талдау, маркетинг мәселесі бар. Несие алмай тұрып, осы жайттармен танысып, хабардар болғаны абзал.

ауыл
opennews.kz

Жалпы алғанда, бастама өте оңтайлы. Дұрыс бағытта қолға алынып жатыр. Тек қана ақпараттандыруды күшейту ләзім. Қарапайым ауыл азаматтарына жеткізе білу керек. Осы бағытта жұмыс жасалуы тиіс.

Қалғанының бәрі дұрыс. Өйткені, субсидиялау мәселесі де, жер игеру мәселесі де көтеріліп жатыр. Осының бәрі орталықтандырылған бір ұйым арқылы шешіліп отырса, нұр үстіне нұр болады.

Осы бағдарлама бойынша жеңілдігі бар, 2,5 пайызбен микрокредиттер беріліп жатыр. Оны алғысы келгендердің дені – дәрігерлер, мұғалімдер, бюджет саласының адамдары екен. Сонда бұл кредит елге қара-қопсысын салып алуға да беріле ме, әлде, бизнес, кәсіп бастауға ғана беріле ме?

– Ол несие кәсіп бастауға, тұрмысын түзетуге беріледі. Ауылдық жердің негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы мен диханшылық. Диханшылықта бір немесе екі гектар жер алып, жем-шөп өсіріп, бидай, көкөніс егу мәселелері қарастырылады. Қазір көп ауыл азаматтары мал бордақылаумен айналысады. Оған да несие қажет. Ауылда қолдан келетіні – мал шаруашылығы. Экологиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік бар.

Жылыжайлар салып, көкөніс өндіруге микрокредиттер бөлініп жатыр. Бұл – өте дұрыс бастама. Өйткені, отандық өнімді қамтамасыз етеді. Бұл – бір. Екіншіден, тұрғындарды экономикалық таза өніммен қамтамасыз етеді. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Демек, бұл жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешуге мұрындық болмақ.

Несие бағдарламаларын жаңа ғана қарап шықтым. Өте оңтайлы жобалар көп. Оларды әрі қарай тек қана қаржыландыру керек. Қалған мәселе шешіліп тұр.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша осы мақсатқа былтыр 100 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Биыл да осы шамада бөлінетін болар. Ауыл мәселесін шешуге бұл қаражат жеткілікті ме?

– Меніңше, 100 миллиард аздық етеді. Өйткені, еліміздегі ауыл-аймақ көп. Бұл – жүре келе түзелетін бағдарлама. Бұдан кейін сұраныс та арта түседі. Сондықтан бөлінетін қаржының көлемін де көбейте түсу қажет. Әсіресе, көші-қонмен байланыстырып, солтүстік аймақтарға сомасын көбейтіп берген жөн.

жайлау
pixabay.com

– 2,5 пайызбен несие беру – бұл өте үлкен жеңілдік әрі мүмкіндік. Неге халық оны алудан қаймығады? Бұл ақпарат жетіспеушілігі ме, әлде одан өзге де себептері бар ма?

– 2,5 пайыз – өте арзан несие. Алдыңғы жылы инфляция деңгейі 20 пайызға дейін жетті. Меніңше, мұны ақпараттандыру керек. Жастарды, 35 жасқа дейінгі азаматтарды бағдарламаға тарту керек. Сонда жастар ауылда қалады.

Бізде урбанистика қатты дамып кеткен. Ауыл жастары Алматы, Астана және басқа да облыс орталықтарына ағылып келіп жатыр. Ауылдық жастар несие алғысы келмейді. Оған кепілдеме қою керексің. Міндетті түрде үйді қоясың. Расын айту керек, кәсіпкерліктің де қауіп-қатерлері бар. Мал бордақыласаң, етің өтпей қалуы немесе мал бір індетке шалдығуы мүмкін. Ісің алға баспаса, үйден айырылу қаупі тұрады. Сондықтан кез келген адам несие ала бергісі келмейді.

Сосын ауыл жастарының дені ата-аналарымен бірге тұрады. Үйді кепілдікке қоярда көп сұрақ туындайды. Әке-шешелері: «Керек емес, одан да қаржы жинап, өзің іс баста», – деп қарсы болуы ықтимал. Бұл жерде қаржылық сауаттылық мәселесі де бар.

– Үкімет қолға алып жатқан ауыл шаруашылығын дамытудың өзге де бағдарламалары бар. Соның бірі – Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы. «Ауыл аманаты» бағдарламасының олардан өзгешелігі неде?

– Олар ұлттық жоба ретінде жүзеге асырылады. Әсіресе, шекаралық аймақтарға баса назар аударылып жатыр. «Қазагроқаржы», «Даму» қоры арқылы берілетін субсидия, несиелер бар.

Әртүрлі бағдарламаның өз мақсаты бар. Десе де, түпкі мақсаты – ауылдық жерлерде тұратын халықтың жағдайын жақсарту.

Әңгімеңізге көп рахмет!